ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

987 көрілім

Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір саналатын халық қалаулылары шаһардағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға атсалысып келеді. Осыған дейін де тұрғындардың арыз-шағымдарын ескере отырып, бірнеше мәселелер мәслихат отырысында талқыланған болатын. Сонымен қатар, сәрсенбі күні өткен Түркістан қалалық мәслихатындағы тұрақты комиссияның біріккен отырысында да халықтың талап-тілектері назарға алынды.

Аталған жиынды қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы жүргізді. Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов, Байдулла Оразбеков және қалалық мәслихат депутаттары офлайн, ZOOM бағдарламасы арқылы қатысты. Бұдан бөлек қала әкімдігінің «Экономика және қаржы» бөлімінің басшысы Олжас Булегенов, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Серік Әметов, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибеков, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова, «Энергопоток» ЖШС-нің қаржы директоры Ержан Жақсылықов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директорының орынбасары Арқабай Тастанов , «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ директорының орынбасары Олжас Бисенбаев және қала әкімдігінің басқа да дербес бөлім басшылары қатысты.

Тұрақты комиссиясының біріккен отырысына 2 мәселе ұсынылып, қала әкімі орынбасарының қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Ал екінші мәселе көптің көңілінде жүрген мәселені ортаға салды. Киелі шаһарда көп тұрғындарды толғандырған мәселелердің бірі – электр энергиясы және газ тақырыбы. Тарқатып айтсақ, жыл басында электр энергиясының бағасы 15 өңірде 2,4 пайыздан 11,9 пайызға дейін өзгерген болатын. Мұның басты себебі – электр энергиясын өндіру тарифтерінің көтерілуі. Жиында «Энергопоток» ЖШС қала бойынша тарифтерге анықтама есеп беріп, тарифтер өсуінің негізгі себептеріне тоқталды.

Жиынды талқыға түскен тағы бір мәселе табиғи газ тарифінің көтерілуіне арналды. Айта кетейік, Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету 2014 жылы Бекзат мөлтек ауданынан басталып, бүгінде қаламыз 100% газбен қамтылған. Ал шаһар бойынша жалпы газ құбырының ұзындығы – 1 345,39 шақырымды құрайды. Айта кетейік, қазіргі таңда қаланы тек Түркістан-15 АГТС газбен қамтамасыз етіп отырғандықтан, Түркістанды үздіксіз табиғи газбен қамту үшін қосымша АГТС салу мәслелесі де қозғалды. Комиссия отырысы соныңда қалалық мәслихат депутаттары жауапты мамандармен пікір алмасып, тақырыпқа қатысты сұрақтар қойылды. Бөлім басшылары өз кезегінде сұрақтарға жауап берді. Көпшіліктің тілегін талқыға салған келелі кеңесте халық қалаулылары жауапты мекемелерге ұсыныстарын жеткізді. Дәлірек айтсақ, ескі электр бағаналарын ауыстыру және жарамсыз бағаналарды алып тастау, сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не инвест жобаларға бөлінетін сомманы ұлғайту мәселелері талқыланды. Алдағы уақытта тиісті мекемелер мәслихат депутаттарының ұсыныстары бойынша жұмыс жасайтындарын жеткізді. Түркістандағы отбасы жағдайы төмен тұлғаларға жарық және газ мекемелері өз жеңілдіктерін ұсынса деген бастамалар да халықтың көкейіндегі мәселе екені рас. Жиында депутаттар осы мәселелерді де атап өтті. Отырыс соңында тарифтердің мөлшерін төмендету бойнша тиісті мекемелерге бірлесе ұсыныс жасау жайы да айтылды. Жұртшылықты алаңдатқан тұрмыстық тақырыптар алдағы уақытта жағымды жаңалықтарға айналады деген сенім бар. Түркістан халқына сапалы әрі қолайлы өмір қалыптастыру бағытын көздеген кеңес соңында халық қалаулылары сан сала бойынша күрмеулі тақырыптардың түйінін тарқатуға үлес қосатындарын айтты.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы