Түркістан қаласында орналасқан Халықаралық туризм және меймандостық университеті – туризм саласындағы еліміздегі алғашқы бейінді мемлекеттік университет. Аталған оқу ордасы ҚР Үкіметінің 2019 жылғы наурыздағы қаулысымен ҚР Туризм және спорт министрлігінің жанынан құрылған болатын. Құрылғанына 5 жыл болған білім ордасының бүгінгі жетістіктері мен жаңалықтары жетерлік.
Бұл туралы «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Әлібек Жұмабекұлы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте баяндады. Алдымен университет ерекшелігіне тоқталған ол, білімгерлерге 2 курстан бастап әскери кафедрада оқудан өту мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Айта кетейік, 2023 жылы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің жанынан ашылған әскери кафедра – Түркістандағы әскери-патриоттық тәрбие мен әскери білім беретін жалғыз орын. Білім ордасының бұған дейін бағындырған елеулі белестері аз емес. Мәселен, 2021 жылдың желтоқсанында ҚР жоғары оқу орындарының арасында бірінші дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) бекітілген мүшесі болды.
2023 жылдың қазан айының басында Университет Түркияның жоғары білім Кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енген. Сондай-ақ, университет қызмет көрсету саласы үшін кадрлар даярлайтын, өзінің білім беру бағдарламаларына дуальды оқыту элементтерін белсенді енгізетін Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны болып табылады.
Әлібек Шоқпаровтың мәлімдеуінше, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» атты халықаралық журнал шығарылып келеді. Университет басшысы аталған журналды үлкен ғылыми басылымға айналдыруға жұмыс жасайтынын да жасырмады. Университет ең үздік оқытушы құраммен толыққан. Себебі мұнда Қазақстандағы туризм саласы бойынша PhD докторлардың тең жартысы сабақ береді. Университетте 4 білім беру бағыты бойынша 9 білім беру бағдарламасына негізделген оқу үрдісі жүреді.
Бүгінде университет Түркия, Франция, Польша, Словакия, Таиланд, Малайзия оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге ие. Яғни, білім алушы жоғарыда аталған мемлекеттерде арнайы тағлымдамадан өтіп, өндірістік тәжірибе жинай алады. Студенттердің өндірістік практикасы «Aktau Tourism City Ltd» (176 студент), «Rixos President Astana» (37 студент), «Wyndham Garden Burabay» (9 студент), «Turkistan Silk Way Harbor» (66 студент) «Кhanshaiym Otel» (22 студент), «Hampton by Hilton Turkistan» (36 студент) сияқты ірі желілік қонақ үйлер базасында жүзеге асырылып жатыр.
Айта кететін жайт, биыл университет алғашқы 463 түлекке диплом табыстайды. Ректордың айтуынша, бүгінде туризм саласындағы кадрлар тапшылығын ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап 3 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарлануда. Сабақтар триместр – 10 апталық теориялық оқыту мерзімімен ұйымдастырылып, білім алушылар бакалавр дипломын 3 жылда алатын болады.
Брифинг соңында Әлібек Жұмабекұлы тілшілердің бірнеше сауалдарына жауап беріп, білімгерлерге сапалы білім мен қолайлы жағдай жасауға күш салатынын жеткізді.
Дәурен МЕҢДАЛЫ.