ПІСТЕЛІДЕГІ РУХАНИ КЕЗДЕСУ ДАРА ПЕРЗЕНТКЕ АРНАЛДЫ

655 көрілім

Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты болса керек 1950 жылдардан кейін Пістелі аулының тұрғындарын жаппай көшіру жұмыстары басталыпты. Үлкен ауылда ақ жағалылардың бұйрығын орындау үшін біраз шаңырақ туған топырақтан ауа көшеді. Сол кезде кіндік қаны тамған мекенді қимаған жиырма үй қалыпты дейді көз көргендер. Содан бері түтіні сөнгелі тұрған ауылдың тарихы қайта жазыла беріпті. Осы жиырма шаңырақтың иелерін Махаң бақилық болғанға дейін жақсы көріп, сыйлап өтіпті. Махаң деп отырғанымыз жазушы, драматург Мархабат Байғұт. Туған жерге деген шексіз махабаттың үлгісін ісімен көрсеткен Мархабат көкеміздің туған жері Пістеліде болып, ауыл тұрғындарымен жүздесіп қайттық.

Ақын Айдар Сейдәзімнің «Мұндай жерде тұрып, жазушы болмау күнә ғой» дегеніндей бар екен. Сәрсенбінің таңында күншығысты бетке алып, Пістеліге қарай жолға шықтық. Көлікте Айдар Сейдәзім де бар. Түлкібас ауданына таяп, Жаскешу ауылынан өтіп, Пістеліге қарай бұрыла бергеннен Айдекең өзінің қайын жұртын түгендеп барып, Мархабат аға туралы әңгіменің тиегін ағытты. Бұл ауылда бұған дейін болғанын, таңдай қақтырарлық табиғатының сұлулығын әңгімеледі. Осындай әсем мекенде ұлтының ұлы перзенті Мархабат Байғұттың кіндік қаны тамған үйдің орны және өмірінің соңына дейін тұрған шаңырақты көрсетті. Алғашқы қадамымыз да сол үйден басталды. Қарт Қаратау мен Алатаудың тоғысындағы ауласы қою көлеңкелі құтты шаңырақтың қақпасынан кіре берісте Мархабат көкеміздің зайыбы Қыздаркүл апамыз күтіп алды. Сүйенішінің бақилық болғанынан бергі уақытта бұл үйге алғаш табан тіреп, өткен күндерді көз алдынан өткізіп, көңілі босап отыр екен. Өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрген алатаудай азаматының таңертең тұрып, атқа мініп, серуен құрып қайтатыны, жұмыс бөлмесіндегі үстелінде тапжылмай отырып, еңбек ететіні және қосақтаса жүріп қонақ күтетін кездері апамыздың сағынышқа толы сырлы әңгімесінен біздің де көз алдымызға елестеді. Қолы қалт еткенде дәл осы ауылға қарай тарта жөнелетін Мархабат ағаның еңбекке араласқаннан бергі әдеті бойынша топыраққа аунап, туған жерімен қауышатын сәттерін осындағы көз көрген қатарларынан да естідік. Осындай әсерге толы Пістелі ауылындағы сапарымыз әрі қарай кітапхананың ауласындағы жасыл желекті алаңқайда рухани кездесумен жалғасын тапты. Ол «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы еді. Жүздесуге «MIRAS» кеңесінің мүшелерінен бөлек, заңғар жазушының замандас сыйластары, достары, ауылдастары, туған-туыстары, шәкірттері, Түркістан облысының және Түлкібас ауданының мәдениет саласына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, партияластарымыз қатысты.

Жиын бейресми мазмұнда, еркін пікір алмасу алаңы сипатында ұйымдастырылып, табиғаттың бар байлығын өн бойына жиған жұмақ мекеннің төріне жиналған жұртшылық, баурайына бақ қонған өлкенің дара перзентін сағынышпен еске алды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреқызы бұл шара қайраткердің дүниеге келген күні – 25 мамырда өткізу жоспарланғанын айтып, белгілі себептермен кейінге шегерілгенін жеткізді. Кеңестің көшпелі жиынын «Көркем сөздің көшбасшысы» тақырыбына арнап, Мархабат Байғұттың қайраткерлік қасиетін ашуға, өңірдің руханиятын көтеруге қосқан үлесін еске алып, айшықтау міндетін атқару көзделгенін түсіндірді.

Партияның облыстық филиалы жанынан құрылған «MIRAS» кеңесіне 10 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік етіп, партияның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Оңтүстік өңірінің руханиятын түгендеуге, мәдениетін ілгерілетуге, әдебиетін қалыптауға сіңірген еңбегі де бір төбе екенін зор тебіреніспен еске алды. Сүбелі сөздің иесі, сөз зергері болған Мархабат ағаның көркем мақамдары ұлтымыздың ұлы мирасы сапында халықтық мұрамыз боп қала беретініне сенім білдірді. Елжанды азаматтың биік адамгершілік сипатын, байқампаздық қасиетін, байыпты ұстанымын, бауырмашылдық болмысын әдемі суреттеп, оның Пістеліге деген ерекше қадір-құрметін, перзенттік махаббатын көркемдеп баяндап берді.

Кеңес мүшесі, «Тұран-Түркістан» журналының Бас редакторы, журналист Аида Өтеп Мархабат ағаның туған топырағына, аяқ басқан жеріне келіп, тау тұлғалы азаматтың еңбегі мен қайраткерлігін еске алу – тағлымы мол іс-шара екенін жеткізді. Сөз тізгінін алған кеңес мүшесі, «Turkistan Media Holding»-нің басқарушы директоры Тельман Бейсенов тағлымды іс-шара өткізіп жатқан аманаттық өкілдерге алғысын білдіре отырып, Мархабат ағаның туған жерге деген ерекше ықыласты сүйіспеншілігін еске алды. Қаламгердің болмысы бөлек отаншылдық рухын айта отырып, оның туған жердің аяулы ұлы болып өсуіне Тянь-Шань таулы өлкесінің Алатау мен Қаратау түйіскен тұсында жайғасқан Таупістелісі ерекше әсер етті деп пайымдайтынын білдірді. Мархабат ағаның ұлт руханиятын түлетудегі жарқын ісін, ұлт уызына қаныққан тәлім-тәрбие жүйесін орнықтырудағы рөлін, өңірдің журналистика саласында қалдырған ізін айтып өтті.

Қаламгердің сыныптасы ретінде сөз алған Түлкібас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев Түлкібас ауданында «Мархабат – Мирас» қоғамдық қорымен жыл сайын Мархабат оқулары өтіп тұратынын айтты. Жазушының балалық шағы мен студенттік өмірінен сыр шерте отырып, оның ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсу кезінде бірге өткерген қызықшылықтарын айтып берді. Құрдас, дәурені бір замандас, сыйлас дос ретінде араласқан өмірдің жарқын сәттерімен бөлісіп, Мархабат ағаның биік адамгершілік болмысын жақыннан таныстырды. Жазушы өміріндегі қызықты сәттерді Мархабат ағаның сыйлас ауылдасы, досы болған Қанатбек аға да, жеңгесі болған Сәндігүл апа да айтып берді.

Сөз тізгінін алған кеңес төрағасының орынбасары, «Turkistan Media Holding»-нің бас директоры Жанахмет Ағыбаев жазушының құт мекені болған Пістеліні көру, оның шығармаларының кейіпкерлері болған азаматтармен дидарласып, сұхбат құру шын мәнінде тағлымы мол іс-шара болғанын атап өтті. Мархабат ағаның жылы шырайы, жұмсақ жымиысы асқар тауым болған әкеме ұқсайтын еді деп жүрек сырын ақтарды. Ұлт руханиятында жарқын із қалдырған қаламгер жайлы деректі фильм түсірілгенін еске алып, ол «Turkistan» телеарнасының алтын қоры болып отырғанын жеткізді. Парасат пайымы биік азаматтың есімін мәңгілікке қалдыру ұсыныстарын қолдайтын білдіріп, бұл бағытта қоғам болып бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев Мархабат ағамен Асанбай Асқаровтың өмір жолы мен қайраткерлігін сахналау барысында шығармашылық идеяны іздестіруде танысып, тығыз байланыста жұмыс жүргізгенін еске алды. Алдағы уақытта Мархабат ағаның туындылары негізінде жаңа шығармашылық ізденістер болатынын, ол шығармалар театр репертуарларынан көрінетініне сенім білдірді. Ономастика саласында жазушының есімін мәңгілікке қалдыру мәселесі де алдағы уақыттың еншісінде екенін айта отырып, осы бағыттағы ережелер мен талаптарға сәйкес жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Жиын барысында сондай-ақ Түлкібас ауданындағы мәдениет пен туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде Түлкібас аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сейфуллаевтың есебі тыңдалды.

Келелі өткен кездесуде қорытынды сөз алған Мархабат ағаның зайыбы Қыздаркүл Пернебайқызы жүздесудің өтуіне ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Мархабат ағаның жақсы адамгершілік қасиеттері жөнінде ой толғай отырып, оның қарапайымдылығын, еңбекқорлығын, адамдарды бөліп-жармай жақын тартқан болмысын, туған жерге деген махабаттын тілге тиек етті. Жазушының артында қалған мол мұрасы – елдің қазынасы екенін айтып, Ханбибі Есенқарақызының қаламынан шыққан «Қаламдасым Мархабатқа» атты сағынышқа толы жыр шумағын оқып берді.

Жиын соңында оған қатысушылар Пістелі аулындағы мешітте марқұмның рухына арналған асқа қатысты, жазушының зиратына барып, Құран бағыштады.

М.ДӘУЛЕТОВ,

Н.НАЗАРБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы