Елімізде жер телімдерін рәсімдеу бойынша сұранысқа ие қызметтерді ХҚКО көрсетіп жатыр. Бұл азаматтардан келіп түскен өтініштерді есепке алу мен орындалу барысындағы ашықтықты, сәйкесінше ХҚКО қызмет алудың қолжетімділігі мен жеделдігін қамтамасыз етеді деп жоспарлаған. Кез келген клиент өз қалауы бойынша дербес менеджердің көмегіне жүгініп, өтініш негізінде іс-әрекетті бақылауда ұстап отыра алады. Алайда онсыз да жер рәсімдеу барысында қиындыққа ұшырап, шақшадай басы шарадай болғандар үшін халыққа қызмет көрсету орталығына тастаған өтініштің әлегімен алысу тиімді ме? Жеңілдету үшін жақында ғана бекітілген жүйенің пайдасы мен зияны туралы толық тарқатып көрелік.
Жерге қолы жетпей қиналып жүрген қаншама жан бар. Қолы жетпек түгіл, жолын білмей жүргендер де біршама. Қағазбастылық пен әкімдік есігін тоздыру халықтың ығырын шығарып, мемлекеттің де жұмысын ауырлатты десек, өтірік емес. Бұл біздегі жер қатынастары жүйесінің күрделілігін көрсетеді. Жер учаскелерін берудің барлық үдерісі – өтініштен бастап тіркеуге дейін электронды форматқа көшіріледі деген жаңалықты естіп, енді мәселенің мәні жолға қойылды деп топшылаған болатынбыз. Алайда Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрын енгізудің өзі жер рәсімдеу әлегін түбегейлі шеше алған жоқ.
Мәселен, Сұлтан Жолдасов 2019 жылы Түркістан қаласына қоныс аударған. Бар жиған-тергенін құрап, қала маңындағы «Баянауыл» аумағынан жер алып, үй көтерген. Алғашында көшесі түспеген жазық аймақтан жер алуға жүрексініп, кейіннен рухани шаһар болашағына үміт артып жұмысын бастап кеткен. Алайда ол 4 жыл бойы жерді өз атына рәсімдей алмай әлек болғанын айтады. Қағазбастылық пен әр есікті жағалап шаршағанын, мемлекеттік акт алып, оны рәсімдеуге көп уақыт жоғалтқанын айтады.
«Төрт жыл ішінде бармаған жерім, тоздырмаған есігім жоқ. Мен рәсімдеген жер иесінің құжаттары тура болды. Алайда сатып алғаннан кейін мемлекеттік акты алу маған қиынға соқты. Бір есіктен екінші есікке сандалтып, құжаттарды әр бөлімге жүктей береді. Тіпті Кентау мен Түркістан арасында қағаздарымды арқалап біраз жүргенмін. Жер алудан бұрын, құжат рәсімдеу Түрксітанда өте қиын» – дейді, қала тұрғыны.
Түркістан қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы Бауыржан Сыздықов тұрғындар бұндай шағымға облыс құрылғаннан кейін тап болғанын айтады. Яғни 2018 жылы Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін бас жоспарға сәйкес жер құжаттарын рәсімдеу, бөліп беру жұмыстары көбейген. Тиісінше, бұған дейін бақылаудан шығып қалған жер телімдері ресми түрде акт түзіліп, бекітілген. Ал облыс орталығына жаңадан көшіп келген тұрғындар әу бастағы жер рәсімдеу бағытындағы кемшіліктердің салдарынан мемлекеттік акт алу қиындай түскен.
«2005-2006 жылдар аралығы Түркістан қаласы ауылдық округтарға бөлінген. Сол уақытта ауыл әкімдері азаматтарға шешім шығарып отырған. Облыс орталығы болып құрылған жылы сол 10-15 жыл үйінде сақтап отырған құжаттарды рәсімдеп алуға азаматтар жаппай көшті. Ал оған дейін мемлекеттік рәсімдеу актісін ешкім қажет етпеген немесе салғырт қараған. Ал 4-5 жыл жерді рәсімдей алмай жүрген адамдар бас жоспар бойынша бекітілген талаптарға қайшы келуі немесе 2005-2006 жылы ауылдық округ әкімдерінің шешімінің түбірі болмауына байланысты кедергіге ұшыраған» – дейді, сала басшысы.
Сондай-ақ, Бауыржан Сыздықов «Ортақ» деген атаумен танылып кеткен Түркістан қаласындағы елдімекеннің кейбір тұрғындары әлі күнге дейін жер рәсімдей алмай жүргендерін айтады. 2005-2006 жылдары дәл осы аймақтың тұрғындарына 5 мың мен 7 мыңның арасында шешім шыққан. Сол шешімдер Кентау архивіне өткеннен кейін түбірі жоқтары анықталып, бүгінге дейін мемлекеттік акт ала алмай жүрген көрінеді.
«Мемлекеттік түбір болса болды. Сол түбіріне қарап мемлекеттік рәсімдеу процессін жүргіземіз. Егер болмаған жағдайда біз одан бас тартамыз. Жаппай жер рәсімдеу деңгейі 2020-2021 жылдар аралығында орын алды. Түркістан қаласында көптеген тұрғындары құжаттарға салғырт қарау нәтижесінде уақыт жоғалтып алғаны рас. 2023 жылы жер рәсімдеуге байланысты 4 273 өтініш келіп түскен. Оның ішінде жер комиссиясында қаралған қаулылар саны үш жарым мыңнан асады. Ал келісім беріліп, өтініштері оң бағытта қанағаттанғандар саны – екі жарым мыңнан асады екен» – дейді, Бауыржан Сыздықов.
Жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, түркістандық тұрғындар жер рәсімдеу процессіне бұған дейін салғырттық танытқан. Танысынан, көршісінен келісілген түрде жер, тұрғын үй сатып алып құжаттарына мән бермеген. Әрине, осы салғырттың зардабын облыс орталығы статусын иемденген жылы тартқан. Сырттан келген адамдардың көбісі жер сатып алуда осындай қиындықтармен ұшырасып отырған. Нәтижесінде, мемлекеттік акт алу, жерді заңдастыру жұмыстары ұзақ жылға созылған. Бауыржан Сыздықов қала ішіндегі «Бекзат» мөлтек аудан тұрғындары да әлі күнге мемлекеттік акт алу машақатымен алысып келе жатқанын айтады. Облыс орталығы боп құрылғаннан кейін 700-ден астам жер учаскесі алаяқтық жолмен берілгені анықталған. Ең өкініштісі, сол жеті жүзден қазіргі таңда 100 ғана құжат рәсімделген екен. Қалған 600 құжаттың түбірі жоқ, барлығының шешімі жалған болып шыққан. Жер қатынастары бөлімінің басшысы үш немесе төрт жыл жер рәсімдей алмау себебін 10-15 жыл бұрынғы олқылықтармен ұштастырды. Салдарынан түркістандық тұрғындар әлі күнге дейін мемлекеттік акт ала алмай, құжаттарды рәсімдеуде қиналып жүрген көрінеді.
Алайда, тақырыптың басында тілге тиек еткен Сұлтан есімді кейіпкеріміз жер учаскесіне мемлекеттік акті алып қойғаннан кейін де сандалатынын айтады. Демек процесс тек жерді рәсімдеп қоюмен бітпейтін көрінеді.
«Мемлекеттік акті ала алмай 4 жыл жүргенімнен бөлек, жерге қазық қатыра алмай тағы сенделгенім бар. Оның өзі ұзақ мерзімді талап етеді. Бірінші Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш тастайсың, олар жерді белгілеп беру үшін қайтадан жер кадастрына жұмсайды, одан қайтадан ХҚКО барасың. Екі ортада солай сандалып жүресің. Былайша айтқанда уақытыңды ұрлау. Мен өз басым мемлекеттік актіден кейін бір айдан аса уақыт қазық қақтыра алмай жүргенмін» – дейді Сұлтан.
Сұлтанның бұл базынасын Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастр бөлім басшысы Қанат Жолдыбаев жоққа шығармады. Процесстің ұзаққа созылуын жұмыс көптігімен байланыстырды. Оның үстіне қазық қағатын мамандар саны да жетіспейтін көрінеді.
«Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш келіп түскеннен кейін ары кетсе төрт күннің ішінде жер иесіне хабар беріледі. Одан кейін біздің мамандар байланысады. Қыс мезгілінде 30 күн, ал жаз мезгілінде 15 күн күту бекітілген. Одан арыға созылатын кездер де болады, оның несін жасырамыз. Себебі бүкіл Түркістанға қазір қазық қағатын 4-ақ маманым бар. Көбінесе біздің жұмысқа қатысты екі сын айтылады. Оның бірі жер үстеме болады, яғни, біреудің жеріне екінші адам өтіп кетеді деген сияқты шағымдар. Ал екіншісі өзіңіз көтеріп отырған ұзақ уақыт алу процесі» – дейді, Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастр бөлім басшысы.
Жер рәсімдеу бағытында цифрландыру жүйесі енгізілді, енді рәсімдеу жеңілдейді дегенге Сұлтан әлі күнге дейін күмәнмен қарайтын көрінеді. Себебі Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш тастап қойып, барлығы сол жерден бітпейтінін, ол жақтағылар қайтадан кадастрге бағыттайтынын айтады. Соңына келгенде тағы да 15-20 күн күтуге мәжбүр болады. Қанат Жолдыбаев бұл жүйе мемлекеттік деңгейде бекітілгенін, олар мекеме ретінде ештеңе істей алмайтындарын айтады.
«Біз азаматтардың өтінішін тікелей қабылдай алмаймыз. Бізде ондай функция жоқ. Барлығы бір терезе қағидаты негізінде жүзеге асады. Азаматтардың дәл осы мәселеге айтылған шағымдарын біз мүлде қарастыра алмаймыз. Негізінен Түркістандағы 30% мемлекеттік акт бекіту жұмысын біз атқарып жатсақ, қалған 70 пайызымен жекеменшік компаниялар айналысып отыр. Мәселен олар тек мемлекеттік акт алу процессіне көмектесе алуы мүмкін, ал қалған қазық қағу процесін бәрібір біз қабылдап алатын болған соң бізге өткізуге тура келеді. Сол кезде жекеменшік компанияға жүгінген адам уақыттан ұтылуы мүмкін» – дейді, Қанат Жолдыбаев.
Басшы сөзіне зер салсақ, жер рәсімдеу процесі дәл осы қалыпта қала беретін көрінеді. Ал Халыққа қызмет көрсету орталықтары жер рәсімдеу барысында азаматтарға тек «тасымалдау» функциясын ғана ұсынады. Яғни аталған тұлғаның өтінішін келесі адреске жеткізіп беру қызметі. Олай болса, бір жапырақ өтінішке бола ХҚКО жүгінбей-ақ, қалалық тіркеу және жер кадастр бөлімінде неге шеше салмасқа? Өкінішке қарай, жер рәсімдеуге байланысты сұрақтар әлі де толастар емес.
Ғалия БИСЕЙІТ.