– Адамзат баласының мына пәни жалғанда өмір сүруі адам ағзасындағы кіп-кішкентай бұлшық ет – жүректің соғуына байланысты. Заты кішкентай болғанмен, қызметі үлкен жүрек лүпілі тоқтамасын, – дейді Түркістан қалалық орталық ауруханасы кардиология бөлімінің меңгерушісі, бірінші санатты дәрігер-кардиолог Бахтияр Бабажанұлы Анарбаев. Бахтияр Бабажанұлы Анарбаевтың аталмыш емдеу орнында еңбек еткеніне ширек ғасыр болыпты. Қазіргі таңда Бахтияр дәрігер алдыңғы толқын аға-апаларының өкшесін басып, кемелденіп келе жатқан, біліктілігі мен білімін шыңдаған тәжірибесі мол маман.
Ал, менің көз алдыма сонау 2000-шы жылдары кардиология бөлімінің табалдырығын имене аттаған, таңғы шықтай мөлдіреген жас жігіт елестеп өтті. Сол жас кезінің өзінде салмақты, сабырлы, аса көп сөйлемейтін Бахтияр арада қаншама жылдар өтсе де, сол қалпынан айнымапты. Керісінше, арадағы уақыт оның парасат-пайымын арттырып, бұрынғыдан да келбеттене түсіпті. Көркем мінездің де қасиеті мол екен ғой. Тәжірибе жинақтаған, өзіне-өзі сенімді. Сабырлы мінезі бөлімшенің жұмысына да жайлы жылылық таратып тұрғандай. Ол туралы тереңірек білгім келіп, сөзге тарттым:
– Өзім Түркістан қаласындағы №17 Ататүрік атындағы орта мектепте білім ал-дым. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің меди-цина факультетіне 1992-жылы оқуға түсіп, 1998-жылы бітіріп шықтым. 1999-жылдан бері осы жерде интернатура өтіп, кардиоло-гия бөлімінде табан аудармай жұмыс істеп келе жатқаныма ширек ғасыр болыпты. 2020-жылдан бастап бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Жалпы, меди-цина саласына қызығушылығым отбасы-нан басталды десем артық айтпаймын. Өйткені, әкем Анарбаев Бабажан медицина саласында қызмет жасап, адамдар денсау-лығын сақтауға еңбегін сіңірген жан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұшқан ұямызда көрген тәрбиенің әсері мол болды. Біздің әулеттен осы қасиетті мамандықты таңда-ған тағы бір адам – бүгінгі таңда Түркістан қалалық емханасында абыроймен еңбек етіп жүрген әпкем Дилбар Бабажанқызы Анарбаева, – деп бастады бізбен әңгімесін Түркістан қалалық орталық аурухана-сының кардиология бөлімінің меңгерушісі, бірінші санатты дәрігер Бахтияр Бабажанұлы Анарбаев.
Негізі, дәрігер мамандығын киелі кәсіптер қатарына жатқызған жөн. Ұстаз жаныңды жадыратып, рухани байлыққа кенелтсе, дәрігер сол жолда қажыр- қайрат беретін тәніңді сауықтырады. Бірін-бірі толықтырып тұратын қос мамандық иесі де жер бетіне, адамдар өміріне шапағат-нұрын шашатын, тәуекелшіл, тіпті, кей жағдайда ерлік пен батылдықты қажет ететін қасиетті мамандық. Сондықтан да, дәрігерлер қауымы әрбір жұмыс күнін асқан жауапкершілікпен атқарады. Бахтияр Бабажанұлының кардиология бөлімінде қызмет еткен жиырма бес жыл ішінде алдына мақсат етіп қойған басты принципі – мамандығына адалдық. Дер кезінде, жылдам қимылдап, сырқатқа жедел жәрдем беру. Талдау-сараптама жұмысын тиянақты жүргізіп, ең алдымен дұрыс диагноз қою. Диагнозды дұрыс қоймай, емнің шипалы болуы мүмкін емес. Өзі үнемі үлгі тұтатын әкесі Бабажан Анарбаевтың да, өмір және еңбек жолындағы ұстаздарының бірі, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жиырма жыл бірге қызмет істеп, тәлімін алған Зухра Әуелбекқызы Юнусованың да, тағы басқа аға буын әріптестерінің айтқан ақыл-кеңестерінен түйгені – мамандыққа сүйіспеншіліктің де атқарар рөлі зор екен. Адам өмірін арашалау кезінде бастан өткізген небір қиын сәттерде жүректегі адамдар тағдырына жауапкершілік, мамандыққа сүйіспеншілік, медицина саласында талмай ізденіп, жоғары технологияларды меңгеру кез келген қиындықтан абыроймен алып шығады. Бахтияр Бабажанұлы осылай күнді түнге ұластырып, тынбай еңбек ете жүріп өзінің де шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жеткенін аңғармай қалыпты.
Отыз төсек-орындық кардиология бөлі-мінде бүгінгі таңда төрт дәрігер қызмет іс-тейді. Адамдар денсаулығын сақтау жо-лында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігер-ординаторлардың есімдерін атайтын болсақ, Бименова Ләззат Төлепберген-қызы, Жалилов Жаһангир Фурхатұлы, Бек-жан Марал Әбдіманатқызы сынды кардио-лог-дәрігерлер түркістандық тұрғындар-дың денсаулық күзетінде еңбек етіп жүр.
– Кардиологиялық ауруды емдеуде уақыт үлкен рөл атқарады. Тіпті секундтар, минуттар адам тағдырына әсер етеді. Егер науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінетін болса, сырқатты құтқарып қалу, жазылып кету пайызы да артады. Мысалы, бізде, инфаркт-миокарда деген өте қауіпті ауруымыз бар. Миокард инфарктіні бірінші төрт-алты сағаттың ішінде, ауырсыну басталғанда, дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгінетін болса, сол инфаркт кезінде пайда болып тұрған тромбтарды ерітетін арнайы дәрілер бар. Сол дәрілермен тромбтарды ерітіп, одан кейінгі процесті тоқтатып қоятын жолдары бар. Бірақ ол дәрілерді қолдану үшін науқас ауруханаға уақытылы жеткізілу керек. «Жедел жәрдем» бригадасымен болсын немесе қай жерде, қандай жағдайда болсын, шұғыл түрде ауруханаға жеткізсе, науқасты аман алып қалу, мүгедектіктен сақтау мүмкіндігіміз артады, – дейді алғыстан алқа таққан тәжірибелі кардиолог-дәрігер.
Осы салада еңбек еткен уақыт ішінде Бахтияр Бабажанұлы тек көпшілік алғысына бөленіп қана қойған жоқ, облыстық, аудандық, қалалық әкімшілік пен денсаулық сақтау басқармаларының «Алғыс хаттары» және «Құрмет грамоталарына» ие болды. Әріптестер қошеметі де көңілге қуаныш құйып, сый-құрметпен абыройлы еңбек етіп келеді.
– Біздің тағы бір қол жеткізген жетістігіміз, жағымды жаңалығымыз 2023-2024- жылдан бастап, ауруханаға ангиограф аппараты орнатылған. Сол заманауи, жоғары деңгейдегі технологиямен емдейтін аппаратта екі қызметкеріміз жұмыс жасап жатыр. Олар Усманов Бекзат Мамаджанұлы және Жалилов Жаһангир Фурхатұлы деген мамандарымыз инфарктпен шұғыл түрде түскен науқастарға сол жерде алғашқы көмек көрсетіп, дер кезінде коронографиясын жасап, стенд қою қажет болса, стенд қойып, тамырларды ашып осындай көмектерін беріп жатыр. Одан бөлек, бүгінгі таңда ауруханада төрт науқасқа, жүрек шамасыздығына шалдыққан науқастарға кардио-вертер дефибриллятор аппараты қойылды. Ол аппарат кардиологияда кенеттен пайда болатын өлім дейтін жағдайда пайдаланылады. Науқасты кенеттен пайда болатын өлімнен сақтау үшін осындай аппараттар орнатылуда. Сондай-ақ, екі науқасқа электро-кардио стимулятор(ЭКС) аппараты орнатылды. Ол жүректің баяу соғуын қалыпқа келтіретін, науқаста кенеттен пайда болатын өлім-нің алдын-алу мақсатында орнатылатын аппарат. Осындай аппараттар аурухана-мызда қойылып жатыр. Бұл біздің қазіргі таңдағы жетістіктеріміз- деп дамыған медицина жаңалықтарымен таныстырды кардиология бөлімінің меңгерушісі.
Аурухана тіршілігі сан-қырлы, сан тараулы. Дәрігер тағайындаған нұсқаулықтарды дәл де нақты орындаудың маңызы зор. Осы орайда мейірбикелердің біліктілігі мен білімі сынға түседі. Емделіп жатқан қаншама науқасқа жасалатын емнің сапасы да осы қолы жеңіл, емі шипалы мейірбикелердің еңбегімен өлшенеді. Кардиология бөлімінде алды жиырма-отыз жылдан, соңы бірнеше жылдан бері тынбай, үздіксіз жұмыс істеп жүрген аға мейірбике Хадиша Шахманова, мейірбикелер Маржан Мүштаева, Ботагөз Құттыбай, Гүлзейнет Примкулова, Гүлчехра Талипова, Айгүл Қожахметова, Бибайша Омарбаева, Айгерім Исаева, Нулуфар Джурабаеваларға ауырып келіп, сауығып шығып жатқан науқастар алғыс айтып, ақ баталарын беріп жатады.
Ал, енді аурухананың тазалығын сақтап, науқастардың ас-суының уақытылы берілуін қамтамасыз ететін, тіпті қажет болған жағдайда өз бетімен жүріп-тұруға қауқары жоқ сырқаттарға күтім жасайтын кіші буын медицина қызметкерлері, Жақсыгүл Абзеитова, Гүлнар Жолдасбаева, Зуре Шамшидинова, Зөре Бегманова, Ұлжан Махамбетярова, Ғалия Байнасова мен шаруа бикесі Жәудіркөз Нуршиловалардың адал бейнетіне көпшілік дән риза. «Еңбек етсең – емерсің», «Дарақ бір жерде көгереді» – деген халық нақылы осындай адал еңбегімен нан тауып жүрген бейнеткеш жандарға арналса керек. Диірменнің тасындай толассыз айналып жатқан аурухана тіршілігі осында еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің уақытпен санаспай атқарып жүрген өлшеусіз еңбегімен көрікті.
«Жүрек лүпілін жүрекпен сезіну – бас-ты парызымыз» – дейді кардиолог Бахтияр Бабажанұлы. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандарға абырой биігінен көріне беріңіздер дегіміз келеді!
Роза НАРЫМБЕТОВА.