Бүгін Түркістан облыстық”Фараб” әмбебап- ғылыми кітапханасында қазақ әдебиетінен ойып алар орны бар, болмыс- бітімі де, қаламгерлік қолтаңбасы да ерекше , марқасқа да нарқасқа азамат, жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, “Парасат”, “Барыс” ордендерінің иегері Мархабат Байғұтқа арналған оқырман залы ашылды.Түркістан облыстық әкімдігі менТүркістан облыстық туризм және мәдениет басқармасының басшылығымен “Фараб” кітапханасының қолдауымен қолға алынған игілікті іс бұл.! Ашылғанына небары үш жыл болған, осы аз уақыт ішінде ақын- жазушылардың құтхана- рухани шаңырағына айналып үлгерген облыстық “Фараб” әмбебап- ғылыми кітапханасында бұдан бұрын мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық мәдениеттің шын жанашыры, этнограф- ғалым Өзбекәлі Жәнібековке арналған оқу залы ашылып, ” Арда туған Өзағаң” кітабының тұсауы кесілген болатын. Енді бүгін оңтүстіктік қаламгерлердің көшбасшысы, әрбір шығармасы тұнып тұрған шежіре, қаймағы бұзылмаған шырайлы өңіріміздің суреттерін, өмірін, дәстүрін, салтын қаз- қалпында көз алдыңа әкелетін суреткер Мархабат Байғұт ағамыздың залының салтанатты ашылуы болып, тұсаукесер рәсімі жасалды. Дәстүрге сай ленталар қиылып, жылы лебіздер білдірілді.
Залдың ашылу салтанаты бейнемұрағатта сақталған жазушының ата- анасы жайлы тебіреністі естелігі желі етіп алынған бейнефильммен басталды. Жиынға қарымды қаламгер,облыстық мәслихат депутаты, “Егемен Қазақстан” газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай модераторлық етіп, Мархабат Байғұт әлемінің сан қырынан әңгіме қозғады. Әрдайым осындай игілікті істердің басы- қасынан табылатын, рухани астананың рухани қозғаушы күшіне айналып отырған”Фараб”кітапханасының жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың “Фараб” кітапханасының ұжымына арнаған”Алғыс хатты” аталмыш ұжым басшысы Жанат Шардарбековаға салтанатты жағдайда табыс етті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы Тәжібаев ұлттық әдебиетіміздің асыл мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуде осындай өміршең жобалардың алар орнын ерекше атап,қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып, соңына бай мұра қалдырған Мархабат Байғұттай заңғар тұлғаларға жасалар қадір- құрметтің , мәңгілік есте қалдыру шараларының жалғасын табатынын айтып өтті.
Сондай- ақ, Мархабат ағамыздың жары Қыздаркүл жеңгеміз естеліктерімен бөлісті. Алғысын айтты. Ата дәстүр, салтымыз бойынша аяулы жеңгемізге орамал- қамзол жауып, сый- сыяпат көрсетілді. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген біртуар тұлғаның өзі көзімен көрген қырларынан сыр шертті. Шымкент қалалық мәслихат төрағасы, “Аманат” партиясының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов бірге қызмет істеген жылдардан естелігін айтып, көзі тірісінде жазушының өзіне тапсыра алмай қалған- аманат дүниесі- халқымыздың көне аспабы- қобыздың символдық бейнесін Қыздаркүл жеңгемізге сыйға тартты.
Залдың ашылу салтанатында қызы Ақлима, інісі Нышан, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әзімхан Қойлыбаев, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Қалаубек Анашев, Орынтай Көмеков, Түркістаннан Бекжігіт Сердәлі, Тельман Бейсенов, тағы басқа да біртуар тұлғаның туыс- бауырлары, көзін көрген, қызметтес болған азаматтар қатысты.
Келесі жылы аталып өтетін жазушы Мархабат Байғұттың 80- жылдық мерейтойына әзірлікті бүгіннен бастасақ деген ұсыныс айтылды. Кеш Марзабат ағаның батасымен қорытындыланды.Қыздаркүл жеңгей кітапхана қорына қаламгердің кітаптарын тапсырды.
Мархабат Байғұт залының ашылу салтанатына жазушының үзеңгілес достары, жалпы қаламгер қауым қатысты. Аға буын өкілі Захардин Қыстаубаев, ” Оңтүстік Қазақстан ” газетінің редакторы Абай Балажан, жазушы- драматург Сая Қасымбек, қаламгер Есқара Тоқтасынұлы, ақын Бақытжан Алдияр, тағы басқа да көзкөрген әріптестер ой бөлісті.Жазушыны мәңгілік есте қалдыруға байланысты ұсыныстарын айтты. Мархабат ағаның екінші ғұмырының бір тарауы бүгінгі оқырман залындағы рухани өмірмен жалғаса бермек.!