СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

2  441 көрілім

Бүгін 2023-2024 оқу жылының соңғы оқу күні. Киелі шаһардағы №27 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ІТ мектеп лицейінде күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. 

Бітіруші түлектер үлкен өмірге жолдама алып жатса, мектеп табалдырығын өткен жылы алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ананың, ұстаздар қауымының көз қуанышына айналды. Аталмыш білім ұясындағы жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразгүл Қолдасова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қатысып, жас түлектерге ізгі тілегін білдірді. 

– Болашақ жастардың қолында дейтін болсақ, бүгінгі мектеп бітіруші жастарымызға үлкен сенім білдіремін. Еңселі елімізді алға сүйреуші ұрпақтарымыз көбейе берсін. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» шәкірт үшін мектеппен қоштасу – қимастық сезімге толы ең ғажап сәт. Жас түлектерімізге алдағы үлкен өмір жолында сәттілік тілегім келеді, – деді шаһар басшысы.

Бұл оқу жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бастамасымен «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарымен аяқталды. Түлектер сынып жетекшілеріне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, ұстаздары 11 жыл бойы білім беріп, бозбала мен бойжеткендер қатарына бет алған шәкірттеріне сәт сапар тілеп, қимай қоштасатындарын тілге тиек етті. Сол секілді ата-аналар атынан сөз алған азаматтар да ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, қашанда алтын ұядағы білім мен тәрбие алдағы уақытта өз жемісін беретініне сендірді. 

– Білімді ұрпақ – еліміздің асқақ арманының жүзеге асуының кепілі. Биылғы оқу жылы да өз ерекшеліктерімен есте қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ұлт сапасы мен мәдениетін арттыру бойынша берген нақты тапсырмасына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, бірқатар іс-шаралар өткізілді. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарып, жәдігер қаламыздың мерейін өсірді. Негізгі пән олимпиадаларының өзінде 99 оқушы облыстық олимпиадаларда, 7 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарында жүлдегер атанды. Бұдан басқа жүздеген оқушыларымыз білім, өнер, спорт сайыстарында биіктен көрінді. Сондай-ақ, оларға білім беріп жатқан 70-тен астам педагогтарымыз да облыс, республика көлемінде әріптестерінің алды болды. Бұл өткен жылдағыдан едәуір жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткіштер жылдан-жылға алға нық қадам басып, жоғары нәтижелерге жетіп келе жатқанымызды көрсетеді, – дейді Оразгүл Шайхықызы.

Айта кетейік, қаламыздағы 76 мектепте білім алып жатқан 52668 оқушы оқу жылын аяқтаса, 2815 оқушы мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың ішінде 170 оқушы «Алтын белгіге», 171 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Ал, 5448 1-сынып оқушылары алғашқы оқу жылдарын аяқтап, биыл алғаш рет соңғы қоңырау үнін тыңдап отыр. Сонымен соңғы қоңыраудың жалғасы оқушылардың жазғы демалысына, түлектердің сынақ тапсыруына, жоғары оқу орнына түсу арманына ұласатын болады. Салтанатты жиын түлектердің әсем әніне ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлады.

«Түркістан-ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы