Көктем келісімен қыстағы қалың қар еріп, көктемгі жауынның салдарынан су тасу деңгейі күрт өседі. Бұл жыл сайын мемлекетті де, халықты да алаңдататын мәселе. 2024 жылы халқымызды бұл сынақ айналып өтпеді. Қазақстанның біршама аймақтарында су тасқыны жүріп, әбігерге салды. Тіпті құнарлы топырақ қабаты шайылып, ауыл шаруашылығына үлкен залал келді. Кәріз жүйесі, қоқыс полигондары мен молаларды су басты.
Бұл жайт елімізде індеттің өршуіне себеп болуы мүмкін бе? Тасқыннан зардап шеккен өзге елдердің кейінгі жағдайы туралы тарқатып көрелік.
Қазіргі таңда, су тасқынынан зардап шеккен он аймақта төтенше жағдай жарияланғаны баршамызға белгілі. Тіпті Мемлекет басшысы мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты. 8 сәуірдегі соңғы мәлімет бойынша тасқын судан 3700-ден астам үй су астында қалып, 75000-ға жуық адам эвакуацияланды және 155 жолды су шайып, 58 елді мекен арасында көлік қатынасы тоқтады.
ТАСҚЫННАН КЕЙІНГІ ТҰРМЫС: ӨЗГЕ ЕЛДЕР МЫСАЛЫНДА
Су тасқыны үйлерді, шаруашылық фермаларды су басуы мен мүліктердің жарамсыз болуымен ғана қауіпті емес, сонымен қатар дизентерия, іш тифі, А және В паратифі, тырысқақ, ротавирусты инфекциялар сияқты ішек инфекцияларының қолайсыз эпидемиялық жағдайларының өршуіне де әкеліп соқтырады. Тиісінше су тасқыны кезінде құдықтар мен ұңғымалардағы сулар дәретханалар мен қазылған шұңқырлардағы тастандылармен ластанады. Көптеген ауруларды тасымалдайтын кеміргіштер су тасқынынан сақтану мақсатында тұрғын үйлер мен ғимараттарға енуінен адамдардың инфекциялық және паразитарлық ауруларды жұқтыру қауіпі ұлғаюы бек мүмкін. Әлемде толассыз жауын-шашын мен тасқын толастар емес. Соның салдарынан, бірқатар елдерде ауру тарап жатыр.
Мәселен, Латын Америкасында денге безгегі өршіп тұр. Бразилияның Мимозу-ду-Сул аймағында болған су тасқыны кезінде кетуге мәжбүр болған халық сәуір айынан бастап үйлеріне оралды. Жалпы наурыз айының басында болған тасқыннан 27 адам опат болып, 7 мыңнан астамы үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған еді. Қазір аймақта ахуал нашар. Оның үстіне Бразилияда су тасқынының салдарынан денге безгегі өршіп тұр. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері кеселді 2 миллионнан астам адам жұқтырған. 700-ге жуығы қайтыс болған.
Осы апатты жағдайға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолайсыз климаттың әсерінен бұл індет бүкіл елге тарауы мүмкін деп дабыл қаққан еді. Болжам рас болып шықты. Тасқыннан кейін денге безгегі әлемге тарады. Мәселен, Латын Америкасында соңғы ақпарат бойынша 3,5 миллион адам осы ауруды жұқтырған. Науқастардың 80 пайызы Бразилия, Парагвай, Аргентина және Пуэрто-Риканың тұрғындары. Өткен айда толассыз жауын-шашын салдарынан Перуде де безгек өршіді дейді ДДС ұйымы. Су тасқынынан кезінде зардап шегіп, бүгінге дейін еңсесін көтере алмай келе жатқан елдер де бар. Мысалы 2011 жылы Пәкістанда қатты жаңбыр салдарынан болған тасқын судың зардабы бүгінге дейін ең үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі тасқыннан кейін Пәкістанда денге вирусы таралып, елде эпидемиялық ахуал өршіген. Мамандардың айтуынша, Пәкістандағы жағдайдың өршуі елде эпидемиялық санитарлық талаптарды дұрыс сақтамауынан туындаған. Яғни апатты жағдайдан кейін Пәкістан билігі де, халқы да стандартқа сай талаптарды ескермей, денге безгегін өршітіп алған. Салдарынан бүкіл әлемге вирустың таралуына ықпал жасап, орасан зиян келтіріп отыр. Жалпы адамзат тарихында жер бетін су басқан сәт аз емес. Олардың кейбірінде миллиондаған адам қайтыс болды. Мәселен 1931 жылы Қытайда Янзцы мен Хуанхэ өзендері көтеріліп, бірнеше қаланы су алды. Осы апатта халықтың көбі судан емес, содан кейін болған ауру мен аштықтан қайтыс болды. Тырысқақ пен сүзек қаптады. Тарих жылнамасында «Әулие Мария күнгі тасқын» деген атаумен қалған жыл да көпшіліктің есінен кете қоймағаны белгілі. 1342 жылы Рейн, Майн, Дунай, Везер, Верра, Унструт, Эльба, Влтава өзендері тасып, бүкіл аумақ суға батып кетті. Салдарынан апат соңы ашаршылық пен ауруға айналды. Осы жылдары Еуропаны оба жайлап, Орталық Еуропадағы халықтың 3/1 бөлігі қырылып қалды. Ал өткен жылы ғана Перуде орын алған эпидахуал ДДСҰ дүр сілкіндірді. Перуде денге безгегі ушығып, елде инфекциядан көз жұмған адам саны рекордтық көрсеткішке жеткен болатын.
ТАСҚЫННАН КЕЙІН ЖИІ ТАРАЛАТЫН АУРУЛАР
Су тасқынынан кейін өлекселердің денелері алқаптарда шіріп, канализация, септиктегі қалдықтар егістікке жайылып кетеді. Бұдан бөлек, қоқыс полигонда-рын да су ағызып, жан-жаққа таратты. Ал оның соңы орны толмас экологиялық зардапқа ұласуы мүмкін. Мәселен су тасқыны болған аймақтарда сібір жарасы, тырысқақ, бруцеллез, туляремия, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы секілді аурулар тарайды дейді мамандар.
Сібір жарасы – малды сойып бөлшектегенде, терісін илегенде, спорамен жұқпаланған тағамдарды жегенде және ластанған су, топырақ, тері өнімдері арқылы жұғады.
Ал тырысқақ ауруының таралуының негізгі себебі – қауіпсіз судың тапшылығы не жоқтығы, санитариялық құралдардың болмауы, бұған қоса, қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауы болып табылады.
Бруцеллез – қолайсыз шаруашылықтар мен пункттердегі жануарларды уақытылы сауықтырмау, анықталған ауру малды күтіп-ұстау, уақытылы соймауы және жойылмауы тұрғындар арасында инфекцияның кең таралуына әсер етеді. Бұл ауру адамға жанасу, тамақ және ауа арқылы жұғады.
Туляремия – терімен, көз шырышты қабығымен, тыныс алу жолымен, әсіресе жабайы дала тышқандарының нәжістерімен ластанған су, тағам арқылы асқазан-ішек жолымен жұғуы мүмкін.
Бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы – инфекцияны таратушылары кеміргіштерді ұстаған кезде немесе кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған ауыл шаруашылық өнімдері, тағам және су арқылы ауру жұғады.
ТАСҚЫННАН КЕЙІНГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ
Қазақстанда қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі су басқан өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Жақында ғана министрлік су тасқыны жағдайына байланысты бірқатар ұсыныс жасап, тұрғындарды сақтық шараларына шақырды.
– Ішу және тамақ пісіру үшін тек бөтелкедегі немесе қайнаған суды пайдаланыңыз;
– Су басу орындарында бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішпеңіз;
– Су тасқынына малынған тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз, мүмкіндігінше оларды кеміргіштер мен су тасқыны жетпейтін жерлерде сақтаңыз;
– Тамақ ішер алдында, дәретханадан, серуендегеннен, тамақ дайындағаннан кейін қолыңызды сабынмен жуыңыз;
– Су тасқынынан кейін барлық бөлмені дезинфекциялық ерітінділермен өңдеңіз;
– Егер жұқпалы аурулардың белгілері болса (дене температурасының жоғарылауы, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және т.б.), дереу медицина қызметкеріне хабарлау қажет.
Төтенше жағдайлар орын алған кезде күнделікті уақытта қарапайым гигеналық қағидаларды орындасаңыз көптеген аурулардан сақтайтынын естен шығармаңыз! Жеке бас гигиенасын сақтап, денсаулық сақтау министрі ұсынған талаптарды орындау су тасқынынан кейінгі эпидемиядан қауіпті болдырмауға орасан сеп болары сөзсіз.
Ғалия БИСЕЙІТ.