Тіл — мемлекеттің тұғырлы тірегі, халыктың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрнегі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Біздің осындай халыктық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз — қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама мен іс — шаралар ұйымдастырылуда. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз отанына деген құрметінен білуге болады.
Өз ана тілін ұмыткан адам — өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың шежіресі, тарихы, медениеті, мінезі айнадай көрініп тұрады. Мәселен, қазақтың тілінен қазақтың кең байтақ сайын даласын, аспанмен таласқан асқар тауларын, жасыл-желек ормандары мен буырқанып сарқыраған асау өзендері мен көз тартар айдын көлдерін, қайыспас қайсар мінезі мен көшпенділік тұрмыс-салтын айқын аңғаруға болады. Сондықтан білікті де белгілі тіл танушылардың «Қазақтың сары даласы — кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ, — деп тұжырымдауы тегін емес. Ата Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай тұғызуға қамқорлық жасайды. Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналған мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық саяси, әлеуметтік-кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру.
Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанның әрбір азаматының борышы. Тіл – халықтың жаны, мәдениетіміздің айнасы, Қазақстан Республикасының негізгі тілі – қазақ тілін құрметтеу, оны білу – әрқайсысымыздың асыл парызымыз. Елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті.
Түлкібас АПБ-нің кадр саясаты тобының инспекторы,
Полиция аға лейтенанты Еламанов Нурлан Сабитович.