Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов Қазығұрт және Төлеби ауданданындағы мектептердің интернет сапасын тексерді.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 5 қазанда өткен Республикалық педагогтер съезінде мемлекет басшысы барлық орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдымдақты интернет желісімен қамту бойынша тапсырма берген болатын. Осы тұста облысқа қарасты 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Дегенмен 911 мектептің 330-ы шалғай, таулы аймақтарда орналасуына байланысты 512кб/с-20мбит/с құрайтын радиокөпір технологиясы арқылы төмен жылдамдықты интернет желісі еді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында аталған білім ұяларында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ы арқылы SpaceX компаниясының «Starlink» спутниктік интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 330 мектептің 203-де 1 сәуірден бастап «Starlink» спутниктік интернет желісі іске қосылды. Бұл бастама республика бойынша алғаш рет ауқымды деңгейде Түркістан облысында жүргізіліп жатыр.

Е.Әлімқұлов Starlink спутниктік интернет желісі орнатылған мектептердің техникалық мүмкіндігін бақылау барысында Қазығұрт ауданына қарасты Еңбек елді мекеніндегі «Еңбек» және Төлеби ауданына қарасты «Жыланбұзған» жалпы орта білім беру мектептерін аралады. Өз сөзінде ол, бұл құрылғылар мұғалімдердің оқу процесіндегі жұмыстарын едәуір жеңілдететініне тоқталды:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда, облыс аумағындағы интернет жылдамдығы төмен білім ошақтарына Илон Масктың SpaceX компаниясының «Starlink» құрылғыларын Цифрландыру даму министрлігімен бірлесіп, 330 мектептің 203-не толықтай орнаттық. Қалған мектептерге орнатуды ағымдағы жылдың сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Салыстырмалы түрде қос мектептің интернет жылдамдығын бұрынғы көрсеткішпен есептесек, 1,5 ай бұрын секундына 20 Мбит болса, қазіргі жылдамдық 200 Мбит-ті көрсетіп тұр. Бұл үлкен көрсеткіш. Ендігі кезекте мұғалімдерге «Электронды күнделік» пен оқу процесіне қажетті порталдармен жұмыс жасау жеңылдей түседі. Алдағы уақытта бұл құрылғылардың ықпалымен облыстағы ауылдық елді мекендердің интернет сапасынан ешқандай мәселе туындамайды, – деді аппарат басшысы Еркеғали Амантайұлы.
Сондай-ақ, американдық «Starlink» құрылғыларын сатып алуға мемлекеттен 498 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінгендігін мәлімдеді.


Айта кетейік, сәуір айының соңына дейін жоғарыда айтылған 330 мектеп толықтай спутниктік интернет жүйесіне қосылып, ауылдық білім ордаларының мүмкіндігі кеңейе түспек. Бұл бастама әрбір оқушы мен оқу ордасының білім беру процесін сандық жүйеге енгізу бағытындағы үлкен мүмкіндіктерге жол ашуда маңызды қадамдардың бірі.
Улпан АБДІРАХМАН