- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Әлемдік білім беру кеңістігінде білім беру сапасын арттыратын басым бағыттар бар ма, бар болса мұндай бағыттарды анықтау үшін зерттеулерді кімдер жүргізген? Иә мұндай зерттеулер жүргізілген. Ол зерттеулерді McKinseyCompany компаниясының қызметкерлері М.Барбер және М.Муршед жүргізді (25 елде). Олардың еңбектерінің нәтижелері «Мектепте оқытудың тұрақты жоғары сапасына қалай жетуге болады? Дүние жүзінің ең жақсы мектептерінде білім беру жүйелерін талдау сабақтары» деген атаумен шықты.
Зерттеушілер осы бағытта неғұрлым маңызға ие болатын, білім берудің үздік жүйесін қалыптастыру үшін шешуші болып табылатын негізгі факторларды анықтады. Олар:
1. лайықты адамдар ғана мұғалім болу керек;
2. олар оқытушылық қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін дайындықтан өтуі қажет;
3. әрбір оқушы сапалы білім алатындай жағдайды қамтамасыз ету қажет.
Мұғалім жұмысының тиімділігі туралы қолда бар мәліметтерді басшылыққа алған зерттеулер жоғары білікті мұғалім сабақ берген оқушыларда білім сапасының 3 есе тез дамығанын көрсетті. Яғни мектеп жүйесінің сапасы ондағы мұғалімдер сапасына тура пропорционал. Мұғалім мамандығына лайықты кадрларды тарта білу-оқыту сапасын арттырудың шешуші шарты болып табылатынына дәлелдер өте көп.
Мысалы білім беру саласындағы жүлдегер елдер педагогикалық мамандықтарды дайындайтын оқу орындарына ең жақсы мектеп түлектерін қабылдайды екен: Оңтүстік Кореяда – 5%, Финляндияда -10 %, Сингапур мен Гонконгте- 30%-дан. Ал Американың Бостондағы, Нью-Йорк пен Чикагодағы беделді педагогикалық жоғары оқу орындарында мектептің ең жақсы түлектерін мұғалімдікке тарту үшін арнайы бағдарламалар жасалған.
Жақсы жұмыс істейтін барлық мектеп жүйелерінде екі әмбебап дерлік стратегия қарастырылады:
1. мамандыққа оқыту үшін кандидаттарды іріктеудің тиімді механизмдерін қолдану;
2. мұғалімдерге лайықты негізгі еңбекақы тағайындау.
Мұғалімдік мамандықты таңдаған студенттердің шәкіртақысын және мұғалімнің бас-тапқы еңбекақысын жақсы төлей отырып Сингапур, Финляндия, Оңтүстік Корея елдері мұғалім мамандығына мықты кадрларды тарта білді. Сабақ беруге шынайы берілген мұғалімдер еңбекақысының әрі қарай баяу өсуіне қарамастан мектепте қала берді.
Біздің елімізде де соңғы жылдары педагог мәртебесін арттыру бойынша нақты жұмыстар жасалды. Педагог мамандығына түсетін студенттердің шәкіртақысы 2 есеге дейін өсті, сонымен қатар олар ұлттық бірыңғай тестілеуден кемінде 75 балл жинау керек. Педагогтардың еңбекақысы да едәуір көтерілді.
Ал Жапонияда университеттерде мұғалімдерді даярлау бағдарламалары, бірінші кезекте, болашақ мұғалімдерде практикалық дағды қалыптастырып, педагогика мен басқа да пәндер саласы бойынша қажетті білім беруге бағытталған. 1989 жылы бұл елде арнайы бағдарлама қабылданды, жаңа кірген мұғалімдер толық ставка бойынша жұмыс істейді, бірақ бірінші жылы оларға аптасына екі күн жеке тәлімгер беріледі. Тәлімгер-мұғалімдер өздері қамқорлыққа алған адамға көмек көрсетеді, бірақ олардың сыныптағы жұмысына баға бермейді.
Жалпы айтқанда оқыту сапасын арттыру бағытындағы мұндай зерттеулердің мысалдарын көптеп келтіруге болады. Бірақ менің ойымша негізгі мәселе-мұғалімнің өзін-өзі дамытуы, мұғалім өзін-өзі пәндік білім бойынша да әдістемелік бағытта да үздіксіз жетілдіріп отыруы керек. Осы екеуінің қайсысы бірінші десе мен мұғалімнің пәні бойынша терең білімі болуы өте маңызды дер едім. Себебі сізде қандай керемет методика болса да пәніңізді жақсы білмесеңіз, не үйретесіз? Қазір біздегі үлкен жағымсыз мәселе – осы. Пән мұғалімдерінің көпшілігінің білімі сын көтермейді. Оған бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жағдайлар, тест тапсыру кезіндегі сертификаттарды сатып алатын мұғалімдердің анықталуы, оқушылардың білім іздеп, оқуға түсуге дайындалу үшін оқу орталықтарына баруы – соның айқын көрінісі!
Ал әдістеме бойынша айтсақ, оқытуды тұрақты әрі айтарлықтай жақсартуға қол жеткізуге болады. Жеке мұғалім деңгейінде бұл келесі үш нәрсе жүзеге асыруды керек дегенді білдіреді:
-Жекелеген мұғалімдер өз жұмысындағы кемшіліктерді түсінуі керек. Көп жағдайда бұл өзінің жұмыс әдістерін ғана емес, соның негізінде не жатқанын да түсіне білуді білдіреді.
-Әрбір мұғалім озат әдістемелерді түсініп, меңгеруі тиіс. Бұған осындай әдістемелердің шынайы жағдайда жүргізілуін бақылау есебінен ғана қол жеткізуге болады (Бізде жасандылық көп).
-Әрбір мұғалімде өз жұмысын жетілдіруге деген қызығушылық болу керек. Әдетте бұған тек материалдық ынталандыру есебінен ғана қол жеткізуге болмайды. Шынайы өзгерістерге қол жеткізу үшін мұғалімдердің болашақтан үлкен үміті, барлығына да түсінікті мақсаты, өзі күтетін нәтижесі айқын болуы керек!
Нағыз педагог бейнесі қандай болу керек деген сұраққа жауап іздегенде мен ойланып өз педагогикалық тәжірибемді елестетіп, рефлексия жасадым. Мен қандай мұғалім болдым деген сұраққа жауап іздедім. 31 жыл педаготық қызметімде берген білімім мен алған нәтижеме қарап отырсам сөзім мен ісім сәйкес келген мұғаліммін деп сенімді түрде айта аламын. Ол бөлек әңгіме.
Ал мұғалім болмысына келсек:
-Менің ойымша ата-ана да, бала да мұғалімнің білімділігі, әділдігі, табандылығына қарсы тұра алмайды. Сондықтан мұғалім білім мен тәрбиені қатар алып жүру керек!
-Мұғалім өз ісін де, оқушыны да жақсы көру керек (бірақ мұны сыртқа көрсету міндетті емес, бұл жүрек түбіндегі мәселе), мұғалімінің шын жүрегімен өзін тұлға ретінде тәрбиелеп, білім беріп, үлкен өмірге қанаттандырып жібергісі келіп тұрғанын көрген, сезген оқушы, сол мұғалімнің айтқанын қалайда орындайды. Мұғалім әділ, білімді, кең жүректі болса ол мұғалімде проблема болмайды!. Өзіңізге сенімді болыңыз және осы сенімді алдыңызда қандай тәуекелдер кездессе де сақтай біліңіз. Егер сіз өзіңізге сенімді болсаңыз, онда оқушыларыңыздың білім алуда кездестіретін қиындықтарын жеңіп шыға алатын түрлі стратегияларды ойлап табасыз. Стандартты емес, себебі осы уақытқа дейін оқытудың белгілі тәсілдері өте көп, бірақ біздің әрқайсымыздағы жағдай – жеке жағдай (индивидуальный), сондықтан өз сара жолыңызды табыңыз!
Шын мәнінде берік сеніміңіз сізге қандай қиындық болса да , қиындыққа тап болған оқушыңызбен жұмыс жасауға орта жолда кетіп қалмай кері қайтпауға көмектеседі. Табандылық танытыңыз! Оқушылармен қандай жағдай болғанда, олармен қарым-қатынас орнатуда өзіңіздің мұғалімдік қабілетіңізге сеніміңіз күшті болса, ол сізді үздік мұғалім етеді. Бұл жердегі бар құпия оқушыларға емес, өз-өзіңізге деген сенімді жоғалтпауда жатыр!
-Түсініспеушіліктің алдын алыңыз, немесе ол бола қалса одан қорықпаңыз. Бастысы ниетіңіз – баланы тура жолға бағыттау болсын! Сабақ барысында болсын, қарым-қатынаста болсын, шәкірт қай деңгейде болса, сол деңгейге түсіңіз! Тентекті түзеп алатын маман аз болып тұр, тентек барлық заманда болған!
Эльмира АСҚАРОВА,
химия пәнінің жоғары санатты мұғалімі, педагог-шебер,
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.