АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢ, АБАЙДЫ ОҚЫ!

433 көрілім

Мен «Алтын белгі», т.б. алмасам да, ең үлкен нығметті осы мектептен таптым. Әйелдік әдемілікті, әйел басшының үлгісін, қылықты жардың бейнесін үйреткен Зағира апайымды таптым. 17- жыл бойы ақылдасатын, сырласатын, сағына көрісетін сіздей жанның барына өткен тағдырыма ризамын. «Отбасың мықты болсын, ел биле, 5- балаң болсын, Софи Лоренім, сұлуым»- деген дұғаңыз қабыл. 70- жаста сіз секілді әдемі әже болып, әлемді аралауды жазсын!

Бұл өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаз Зағира Әбенқызы Мұстапаеваның шәкірті, журналист Рухабза Халдарбектің әлеуметтік парақшасына жазған жазбасы.

«Сізге қарап ой түзеп, сізге қарап бой түзеп өстім. Сіз менің екінші анамсыз»- деген шәкірттері Айгүл Исмаилова, «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқан мен өмірде де, өнерде де ұқсап баққан жан – сізсіз!»- деген Мақпал Төребектің жүректен шыққан сөздері осыған дәлел.

ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласындағы Төле би атындағы нөмірі 19- мектептің алғашқы директоры, кезінде аталған білім ордасын республика бойынша 100-таңдаулы мектептің қатарына қосқан іскер басшы Зағира Әбенқызына алғыс айтқан шәкірттеріне сан жетпейді.

Біз сөз етіп отырған ұлағатты ұстаз, бір ғана өсиет сөзімен емес, пайдалы ақыл- кеңесімен, дариядай терең білімімен мыңдаған шәкірттің жүрегіне шырақ жағып, болашаққа жол нұсқаған Зағира Әбенқызы. Бір сырлы, сан қырлы жан. Алайда, біз бүгін көкірегі рухани қазынаға толы білім иесінің тек бір ғана қыры туралы, ұлылардың ұлысы, даналардың данасы Абай атамызға, оның баға жетпес құнды мұрасына деген сүйіспеншілігі туралы әңгіме қозғағымыз келеді. Бізді мұндай қадамға жетелеген де өзі басқарған білім ордасында куә болған кездесу еді. Білікті басшы Шынар Ерғалиқызы Тілеубергенова басқарып отырған ұжым мүшелері З.Мұстапаеваның атындағы пәндік кабинет ашып, салтанатты жиын өткізген болатын. Бұл іс- шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайқықызы Қолдасова да қатысып, сөз сөйлеп еді. «Бүгін бір керемет іс-шара болып жатыр», – деп бастаған еді сол жолы өз сөзін. «Адам перзентті өмірге әкелгенде, менің осы перзентім үлкен әріппен жазылатын адам болса екен деп тілейді. Яғни, ең алдымен адам болса екен дейді. Мамандық содан кейін. Сондықтан да, әрбір ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай біздің оқушыларымыз. Сол балаларға қандай білім бергенсіз?! Қандай тәрбие бергенсіз?! Соңыңыздан ерген дарынды шәкірттеріңіз қаулап өсіп келеді. Өзіңіз іргетасынан бастап қалаған мына мектептің әр бұрышын көзіңізді байлап қойса да тауып алатын шығарсыз. Қазіргі таңдағы әрбір басшы сіздің жолыңызбен жүретін болса, біз әрдайым биіктен көрінер едік. Сіздің алдыңызда басымды ием», – деген. Кабинеттің ашылу салтанатында да ұстаздар, шәкірттер, көзкөргендер, ұл- қыздары, туған-туыстары тарапынан көптеген жылы лебіздер айтылды. Әсіресе, Абай оқулары туралы адам қызығатын фактілер мысалға келтірілді. Тілі екі жасында Абай атасының өлеңімен шыққан Зағира Әбенқызының жеті жасар Өркен есімді немересі ұлы ақынның өлеңдерін бірінен соң бірін заулатып оқығанда «Алла тіл-көзден сақтасын» деп тілек тіледік. Одан бері де бірнеше ай өтті. Алайда, сол күні жақсының атына айтылған жылы лебіздер, әсіресе, ұлттық құндылығымызды, рухани байлық, салт-дәстүрімізді дәріптеудегі игілікті істерінің жаңғырығы тыныш жатқызбады, жазбасымызға қоймады.

Тәрбиенің басы – отбасынан басталатынына кіп-кішкентай Өркеннің таудай талабын көргенде-ақ көзіміз жеткен. Біздің бұл ойымызды өткен өмірі туралы шешіле сөйлеп кеткен Зағира Әбенқызы да құптады.

– Ұстаздық – менің бала күнгі арманым. Өйткені, білімге құштар жанұяда өстік. Ата-анам Әбен мен Сұлухан да, анамның туыстары да, әсіресе, інісі халықтық педагогиканы бағалайтын, өмірлік ұстаным тұтатын жандар еді. Әкем қазақша, орысша, арабша сауатты болды. Үйдегі байлығымыз да – кітап, газет-журналдар болатын. Әкеміз тақуа, өте сыпайы, дауыс көтермейтін, балағат сөз айтпайтын сабырлы кісі еді. Бірақ, газет жоғалып, кітап жыртылатын болса, оның дұрыс емес екенін, әкеміздің ашуына тап болатынымызды білетінбіз. Сондықтан да біз бала күнімізден кітапты қастерлеп өстік. Ал, мен өзім кітап оқуға өте құштар болдым.

Үйімізге қонақ көп келетін. Анамыз дастарханы кең, қонақжай адам болды. Сонда бізді көптеу жұмсайды. Мен соның өзінде үстелдің астына тығылып немесе үйдің сыртына барып, кітап оқимын. Ол кезде кітап тапшы. Көршінің жоғары сыныпта оқитын қызынан шақпақ қант беріп, оқуға кітап сұрап аламын. Мұғалімдер белгілі бір себептермен келмей қалса, бастауыш сыныптарға сабақ та бере саламын.

Ал, Абай атамның кітабы қолыма кеш тиді. Әуелде газеттерден, журналдардан оқыдым. Сол кезде ойлайтынмын. Егер мен ұстаз болсам, балаларды осы Абай арқылы тәрбиелер едім деп. Өйткені, ақын атамыздың әрбір сөзі өзі айтқандай, «жүрегімнің түбіне терең бойлайтын» еді. 1974- ші жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірсем де, жұмыстың ретіне қарай, еңбек жолымды тәрбиеші болып бастадым. Бұл жұмыстың да маған көп пайдасы тиді. Балаларды тәрбиелеуде поэзияның үлкен роль атқаратынын, пайдасы мол екенін сол кезде-ақ түсіне бастадым.

Ал, енді Кентау қаласындағы қазақ-түрік лицейінде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарған кезде, ол мақсатым орындалды.

Әр сенбі, дүйсенбі күндері линейка (ол кезде жиындарымыз солай аталатын) болады. Дүйсенбі күнгі линейкада өсиет сөздер, жақсы тақырыптарда әңгімелер айтылады. Сенбі күнгі линейкада үш сабақтан кейінгі кезекшіліктерін тапсырып болған сыныптардың оқушыларымен міндетті түрде Абайдың бір әні мен бір өлеңі оқылып, қара сөзін талқылайтын болдық. Менің осы ұстанымымның, істеп жүрген ісімнің нәтижесі жақсы болды. Қай оқу орнына барсам да, Абай шығармаларын жаттатудан танбадым. Бұл туралы Мақпал Төребек деген шәкіртім «Жүрек лүпілі» атты кітабымдағы «Шәкірт жүрегінің күнделігі» мақаласында: «Осылай жүріп сенбі де жетті. Әр аптаның осы күні бір сынып Абай қара сөздерінен үзінді, сондай-ақ өлеңдерін жатқа оқитынбыз. Көрініс құрып, Абай әндерін әуелететінбіз. Жанды дауыспен салған әнге жан-жақтан қосылған дауыстар мектеп фойесін жаңғырта түсетін. Небәрі бір ғана аптада жеткен жетістіктермен Зағира апай марапаттап жататын. Бір қызығы, бұл марапаттау келесі аптада тағы жалғасатын. Біз оқитын өлең де, шырқайтын ән де, әңгімелейтін айналдырған 45 қара сөз де ада болмайтын. Жыл бойы жатталғанын ысырып, жаңасын жадымызда жаңғыртпаққа тырысатынбыз», – деп жазады. Міне, оқушылардың әдебиетке құштарлығын Абай шығармалары арқылы ояту, мектебімізден көптеген журналист, жазушы, дарынды ақындардың шығуына ұйытқы болды. Егер кейбірін атап айтар болсам, Рухабза Халдарбек, Мақпал Төребек, Әсел Әміреева, өзімнің туған қызымдай бауырыма басқан Айгүл Исмаилова, Гүлжанат Жорабек, Алия Анет сияқты талантты шәкірттеріммен мақтана аламын.

Қазақ-түрік лицейінде осы бағыттағы жұмыс та жақсы жүрді. Балалардың бәрі қызығып, өлеңдерді жатқа оқитын. Қара сөздерін талдайтын. Мен негізгі міндетіме қоса «Этика» сабағынан дәріс бердім. Осы пәннің бала тәрбиесіне берері көп болды. Әрбір сабағымды: «Адам болам десең, Абайды оқы!» – деген сөздермен аяқтаушы едім.

Абайдың өлеңдерінен мектепте жарыс ұйымдастырып тұрдық. Әндерінен, қара сөздерінен әртүрлі пікірталастар өткіздік. Жалпы әр сынып кезекші болған кезде өте жақсы дайындалатын. №19-шы мектептегі акт залында қашанда дайындықтар жүріп жататын. Мектебімізде аттестация, тексерулер болған кезде келген комиссиялар, облыстық, қалалық білім беру бөлімінің, департаменттің адамдары қатысып, көріп, жоғары баға беріп кеткені бар. Осы орайда мына бір жағдай есіме түсіп отыр. Бір күні мектепте линейканы өткізіп, ойымда ештеңе жоқ, өзім де өлең оқып тұрғанымда, бір қара торы жігіт шеткерірек келіп, сырттай тыңдап тұрды. Жиын біткеннен кейін маған келіп жолықты да: «Апай, сіз мені кешіріңіз»- деді. – Мен сізді тексеріп, сын материал жазуға келген едім. Мына ісіңізді көріп, сол ойымның өзінен ұялып тұрмын.»- дегені есімде сақталып қалды. Кабинетіме кіріп, ұлы Абайды біздің балалардың қалай оқығанын, талдағанын өлең оқығандарын көріп, менің өзімнің солардың ортасында шын беріле қатысып тұрғанымды көріп қатты риза болды. Міне, қазақтың Абайының құдіреті! Міне, ұлы Абайдың әруағы! Арнайы тапсырмамен мені тексеруге келген тексеруші жігіт кілт бұрылып жүре берді. Мен тіпті ол азаматтың есімін де сұрамаппын. Мұны құдірет демей не дейміз!

Жаңа мектебіміз ашылды. Мұнда оқитын оқушылар негізінен әр мектептің шалдуарлау, тентектеу, тәртіпке бағына қоймайтын, нашар оқитын балаларынан жинақталды. Мектеп солай ашылды. Ол кезде бұл айналада елді- мекен тығыз орналаспаған. Әр жерде қадау- қадау үйлер. Жаңа салынып жатқан құрылыстар. Жол жоқ. Оқушыларды айтпағанда, ұстаздардың өзі жұмысқа зорға келіп қайтады. Біздің бар арман-дертіміз – балаларға сабақты жақсы оқыту, терең білім беру. Осындай маңдай термен, еңбектеніп, таза жүрекпен жұмыс істегеннің арқасында болу керек, мектебіміз «Дарыннан» кейін бірінші орында тұрды. Барлық оқушылар грантқа түсті. Ал, ең қуаныштысы, балалардың тәртібі жақсы болды. Тәртібінің жақсы болуына өте жақсы ұстаздар ықпал етті. Балалардың тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Және бұл жетістікте Абай атамыздың өлеңдерінің тигізген пайдасы зор. Олай дейтінім, негізінде, бұл бір эстафета сияқты болды. Кез- келген кластың оқушыларын тұрғызса, Абайдың өлеңдерін оқи беретін. Әлі есімде, Кенжетай Құрманбайұлы ағай қалалық білім бөлімін басқарып тұрған кезде аттестациялық тексерумен келді бізге. Сөйтіп кез-келген класқа кіргенде балалардың Абай өлеңдерін оқып тұрғанын көріп, білімдеріне қайран қалып еді. Кітапханамызда міндетті түрде «Абайдың бұрышы» болатын. Мұнда дана Абай, дара Абай туралы шыққан кітаптар, журналдар, мерзімдік басылымдар, жазылған шығармалар топтастырылатын еді.

Негізінде Абай туралы мен өзім «Этика» сабағында оқушылардан: «Абай кім? Абай қандай адам болған? Оның өлеңін қалай түсіндің сен? Неге оның өлеңін оқыдың?»- деген сияқты сұрақтармен анкеталар толты-рып, Абай туралы пікірлерін білетінмін.

Осындай ізденістердің нәтижесінде оқушыларымыз қалалық, облыстық әдеби жарыстардан жүлде алып келетін. Әсіресе, жоғарыда айтып өткен Айгүл Исмаилова деген шәкіртім өте зерек болды. Шәкірттерімнің бәрі де сенімімді ақтады. Ұстаз бақыты деген осы болар, сірә?!»- дейді Зағира Әбенқызы Мұстапаева.

Сәл шегініс. Сол жолы, кездесу өткен күні ғалым Баян Адырбек екеуміз Зағира апамыздың атына ашылған пәндік кабинеттен шыға бергеніміз сол еді, бір топ төменгі сынып оқушысы шулап келіп бізбен амандасты. Жанымызға келген жас жеткіншектерді сөзге тартып: «Кімнің өлеңін білесіңдер?»- дегенімізде, бәрі Абайдың, Мұқағалидың, Қадыр-Мырза-Әлінің деп жамырай жауап беріп, біздің өтінішімізге қарай:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан!-деп мәнерлеп оқи жөнелді. Демек, Зағира апайдың шәкірттері әлі де Абай атасының шығармаларын құмарта оқып жүр екен!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы