«ПАЦИЕНТКЕ» ТАЛАС

484 көрілім

Түркістан қаласының емдеу орындарында аурудан жүйкесі тозып, шаршап жүрген сырқаттарды одан сайын жүйкелеткен бір қолайсыз әдет пайда болды. Өзгелер туралы айтпай-ақ, тек өзімнің басымнан кешкен жағдай туралы айтып өтейін. Адам болған соң бас ауырады.

Балтыр сыздайды. Оның үстіне қазір тұмаудың да өршіп тұрған кезі. «Ем алайын» – деп өзім тіркелген Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің клиникасына барсам, тіркеу бөліміндегі қызметкер «Сіз Түркістан қалалық емханасында тіркеуде тұрсыз. Сол жаққа барыңыз» – дейді. «Қалайша? Мен емдеу орнымды ауыстырамын деп өтініш жазбасам?» – деп таң-тамаша болдым. Сонымен әупірімдеп жүріп, өз клиникама ауысып, ем- дом алуға құжат-талдамаларымды әзірлеп, бірнеше күннен кейін қайтып келсем, 15- ші қаңтар күні әлгі емдеу орны мені өздеріне қайта «тартып алыпты». Жағдайды түзетем деп жүргенде, қан қысымым көтеріліп «Жедел жәрдем» шақыруға тура келді. Бұл жолы келген «Жедел жәрдем» өкілі де: «Апа, сіз, «Дельфинде» тұрсыз», – дейді. «Ойбай», «Дельфин» қайда, мен қайдамын, қарағым?» – деймін тағы да қайран қалып.

 Мәселенің байыбына бармақ болып, әркім-әркімнен сұрастырсам, осындай жағдайға душар болып жүрген жалғыз мен емес екенмін. Белгілі бір емдеу орнының өкілдері ЖСН-іңізді білсе болды, сіздің келісіміңсіз-ақ кез-келген адамды өздерінің есебіне жазып ала береді екен. Ондағы мақсат – емдеу орнының есебінде тұрған сырқаттар санын арттыру болса керек. Олардың жұмыс ауқымы, мемлекет тарапынан қаржыландырылуы, т.б. жұмыс көздері, біз сияқты денсаулығына шипа іздеп, емханада есепте тұрған тұрғындар санына байланысты деген сыбыстар да шығып қалды. Жеке меншік емханаларда жұмыс істейтін таныс дәрігерлердің: «Біздің емханаға өтіп алсайшы. Бізде «анау бар, мынау бар»- деп, үйіне қонаққа шақырғандай жата қап жабысқанының да куәсі болып жүрміз. Бұл бір менің ғана басымнан өтіп отырған жағдай емес, бүгінгі күні көптеген түркістандықтардың кездесіп отырған келеңсіздіктері. Пісуі жетіп тұрған мәселе. Тіпті бір көршім толғақ қысып, ауруханаға апарған келінінің де осындай жағдайға тап болып, қай жерде тіркеуде тұрғанын анықтағанша, көшеде босанып қала жаздаған жайын айтып қынжылды. Сонда деймін-ау, денсаулық сақтау саласының өкілдері өзара «пациентке» таласып жүргенде, ауырып, «сіркесі су көтермей» тұрған жандар осындай бос әурешілікпен сергелдеңге түсу керек пе? Біздің құқығымызды кім қорғайды?

Мені «допша» домалатып, жеке басымның құқығына қол сұғып, келісім-рұқсатымсыз есептеріне алған, әуре-сарсаңға салған емдеу орындарының бассыздығы шаршатып, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының, тағы басқа да тиісті орындардың құлағына «алтын сырға». Жалпы қалыптасқан тәртіпті бұзып, тұрғындарды шаршатқан келеңсіздіктерді тез арада жойып, оң нәтиже шығарар деген ойдамын.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы