Қай заманда болсын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал, біз өмір сүріп отырған ғасыр – білім кеңістігіндегі бәсеке ғасыры, «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қараң» екенін мойындап, өркениетке, ғылымға бет бұрған кезең. Осы орайда шаһар басшысының «Сапалы білім, Бір тұтас тәрбие!» тақырыбында білім саласының өкілдерімен кездесу өтті.
М.Пошанов атындағы №21 мектепте өткен жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі (бұдан әрі ЖПҚ) ювеналды полиция тобы басшысы Жаңабек Алибекұлы баяндама жасады.
– Сапалы білім – мектеп жетістігінің маңызды көрсеткіші. Білім берудегі ең басты міндет оқушылардың қабілеттерін арттырып, қажеттіліктерін қанағаттандыру. Ал, мақсатына келер болсақ, қазіргі заманғы білім беру мүмкіндігі барлық оқушыларға қолжетімді. Әр оқушыға өз таланттарын ашуға өзінің шығармашылық мүмкіндігін пайдалануға, өз жеке жоспарларын жасауға барлық жағдай бар. Түркістан қаласында 73 мектеп бар. Оның 34-і мемлекеттік, 39-ы жекеменшік мектеп. Қала мектептері білім сапасы бойынша облыста 2-ші (орташа бал- 4,07) орында. Шаһар оқушылары өткен жылды республикалық және облыстық деңгейдегі білім сайыстарынан 84 жүлде алып қорытындыласа, биылғы оқу жылының I-ші жартыжылдығының өзінде 75 жүлде олжалап үлгерген, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.
Ал қалалық Полиция басқармасының ЖПҚ-і ювеналды полиция тобы басшысы Жаңабек Алибекұлы өткен жылдың соңғы көрсеткіші бойынша жасөспірім оқушылар арасында 21 қылмыс орын алғанын, бұл деңгей 2022 жылмен салыстырғанда (2022жылы – 40 қылмыс) 50 пайызға азайып, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген балалардың ата-анасына 987 әкімшілік хаттама толтырылып, 164 жасөспірім профилактикалық есепке қойылғандығын жеткізді.
Баяндамалар тыңдалғаннан соң шаһар басшысы жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатында жедел әрі бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды. Жиынға қатысушы ата-аналардың ұсыныстарын тыңдап, заң аясында ұсыныстар жүзеге асырылатынын айтты. Еркін форматта өткен мәжілісте қала әкімі біршама түйткілді мәселелерді қозғады.
– Балалар біздің болашағымыз. Бала болашағы – сапалы білім, біртұтас тәрбиеде. Барлығымыздың бүгінгі тырмысып жасап жүрген жұмыстарымыз осы ұрпағымыздың ертеңі жарқын болуы үшін істелуде. Қалада бұл мақсатта атқарылатын жұмыстар тоқтаған емес. Бұл жылы ұлттық идеологиялық бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, бала тәртібі мен тәрбиесін қадағалауға басымдық беріледі. Осы бағытта айтылған ұсыныстарыңызды заң аясында жүзеге асырып, көрсеткішпен дәлелдейміз, – деді шаһар басшысы.
Жиын соңында қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы аталған мектептің бітіруші түлектерімен кездесіп, ҰБТ-ны сәтті тапсыруға тілек білдірді.
Азамат ӘЛІБЕК.