МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАР ӘЛЕГІ: пайдасы мен зияны кімге?

311 көрілім

Енді «кәсіпкерлік қызмет арқылы кіріс кіргізу белгілері байқалады» деген тұжырыммен қазақстандықтарды салық органдары тексеруі мүмкін. Себебі биылдан бастап салық заңнамасына біршама өзгерістер енді. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап салықты аз төлеуге тырысқан кәсіп түрлері артып, өзгеріске үркей қарағандар да табылды. Себебі жалпыға бірдей декларация тапсырудың үшінші кезеңін түсінбей, көптеген кәсіпкерлер өздеріне зиян келтірмеу жолын қарастырды. Ал аталған өзгеріс заңнамасына сәйкес жеке табысы туралы деректі кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ұсынуы керек. Мәселен 2023 жыл аяқталарда халық арасында енді дүкендер, таксилер онлайн аударымдарды қабылдамайтынын, қайтадан қолма-қол ақшаға көшетінімізді айтып, азаматтар абдырап қалды. Бұл дүрбелең бүгінге дейін басылмай тұр. Сонымен, халықтың алаңдауына не себеп? Мобильді аударым мен мобильді төлем деген не? Оның пайдасы қандай, зияны кімге тиеді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

ҚОЛМА ҚОЛ ТӨЛЕМ ТАЛАП ЕТУ – ЗАҢСЫЗ

Ең алдымен, мобильді аударымдарды бақылау – мемлекеттік салық түсімдерін арттыра отырып, бюджетті ұлғайтуға бағытталған қадам екенін түсіну қажет. Яғни, бюджет ұлғайған сайын, мемлекет әл-аухаты кеңейіп, халықтың жағдайы жақсара түседі. Мәселен, еліміз бірнеше жылдан бері бюджет тапшылығын сезініп келеді. Қаржы министрлігінің болжауынша, 2026 жылы бюджет тапшылығы 3,9 триллион теңге болуы мүмкін. Оған себеп соңғы жылдары банк мобильді қосымшаларының танымалдығы өсіп, оны кәсіпкерлер тауарларды сату мен төлем қабылдау үшін көбірек пайдаланған. Салдарынан елімізде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мобильді төлемдер үлесі 86%-ға дейін өскен. Тіпті 6 жастан асқан балалар да онлайн төлемдерді белсенді қолданып, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген. Онлайн төлемдер мүмкіндігін пайдаға асырып, кейбір жеке кәсіпкерлер салықтан жалтарған. Нәтижесінде, тұтас мемлекет бюджет тапшылығына ұшырап, қаржы министрлігі дабыл қағуға мәжбүр болды. Дегенмен мобильді аударымдары туралы деректер мемлекеттік кіріс комитетіне 2023 жылдан бері түсіп отыр. Осыған байланысты, салық қызметіне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана оларға тексеріс жүргізу құқы берілді. Алайда салық органдары үш ай қатарынан әртүрлі тұлғалардан жүз және одан көп аударым түскендерді ғана тексеретін болады. Яғни үш ай ішінде сіздің жеке банк картаңызға 300 ақшалай аударым түсетін болса, салық тексерісінен өтетін боласыз. Ал кәсіпкер бола отырып, өз табысын жасыру мақсатында кейбір тұлғалар сізден қолма-қол төлемді талап ететін болса, заңға қайшы жұмыс істеп жатқанын білдіреді. Мобильді төлемдерден бас тарту заңсыз, себебі, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған. Ал кәсіпкер төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Одан бөлек, тауар сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер міндетті түрле тұтынушыға түбіртек беруі тиіс.

Елімізде заң бәріне ортақ. Әрбір кәсіпкер өз кәсібімен айналысып, содан тапқан табысынан мемлекетке міндетті түрде салық төлеуі керек. Қазақстанда бүкіл әлеммен салыстырғанда ең төменгі салық мөлшерлемесі бекітілген. Соның өзінде де еліміздің кейбір азаматтары салық төлеуден жалтарады. Ал халық арасында мобильді аударымдарға қатысты түсініспеушілік не себепті туындады? Мысалы «мен мобильді аударым жасасам, менің де шотым тексеріледі» деген пікір қалыптасып, біраз адам әбігерге түсті. Алайда мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударым жасаған адамның шоты тексерілмейтінін айтады. Яғни мобильді аударымдарды бұрын қалай пайдалансақ, қазір де солай пайдалана береміз. Түркістан облысында күні бүгінге дейін заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, тұтынушылардың құқығын бұзған фактілер анықталмаған. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша МКД мемлекеттік қызмет көрсету, түсіндіру жұмыс орталығы мәлімдеді. Сондай-ақ салық төлеуге ыңғайлы және тиімді тетіктері қарастырылған екен.

«Заңды жұмысқа көшуге дайын кәсіпкерлерге жәрдемдесуге бағытталған түрлі жағдайлар жасалуда. Мысалы оларға фискалдық сүйемелдеу, яғни, кәсіпкерлерді тіркеудің алғашқы қадамдарынан бастап декларацияны толтыру бойынша функцияларды іске асырдық, оған салық сомаларын толтыруға және есептеуге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Екіншіден, сервистік тәсіл. ҚҚС бойынша шекті деңгейге жеткендігі туралы, банктік қосымшадан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мүмкіндігі туралы хабарлайтын сервистер әзірленді. Одан бөлек, бизнесті қолма-қол ақшасыз төлемдермен жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлерде салықтық тексерулердің болмауы. Алдағы уақытта, жаңа салық кодексі шеңберінде кәсіпкерлер үшін ынталандыру шаралары көзделетін болады» – дейді Түркістан облысы бойынша МКД мемлекеттік қызмет көрсету, түсіндіру жұмыс орталығының өкілі Эльмира Маратқызы.

ТАКСИСТЕР ДЕ КӘСІПКЕР МЕ?

Жыл басында дүрбелең негізінен такси жүргізушілер тарапынан болғаны белгілі. Олардың көбісі жаңа салық заңнамасына енген өзгерістерге наразы болды. Елімізде азаматтардың көбі такси қызметін атқаратыны белгілі. Көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Ал олардың шотына айына 100-ден аса аударым жасалатыны анық. Енді олар қайтпек керек? Бұл туралы мемлекеттік кірістер департаментінің ресми өкілі Эльмира Маратқызы кәсібін заңдастыру керегін айтты.

«Жалпы кәсіпкерлік мақсатта алған табысын заңдастыруы үшін бизнес шот ашуы қажеттілігі міндеттеледі. Оның ішінде такситтер, шаштараз секілді кәсіп иелеріне қатысты. Қазіргі уақытта елімізде такси қызметімен, жалпы кәсіпкерлікпен айналысатындарға ыңғайлы салық тәртібі қарастырылған. Мысалы, интернет-платформаларда жұмыс істейтіндер үшін, дәлірек айтқанда Yandex пен МКК арасында келісім жасалып, пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға қатысқан такси жүргізушілері небәрі 1% ғана салық төлейді. Бұл – өте төмен салық мөлшерлемесі. Такси қызметін жүзеге асырушы жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде немес заңды тұлға ретінде жұмыс істеуі керек. Өз қызметінің жауапкершілігін сезініп басқа жеке тұлғалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауап беруі тиіс» – дейді, мемлекеттік кірістер департаментінің ресми өкілі.

Яғни маманның сөзін толық тарқатар болсақ, такси жүргізушісі ресми түрде кәсібін заңдастырса, 10% емес, небәрі 1% ғана салық төлейді. Ал егер бұл жүйеге мән бермей, салықтар жалтарар болса айыппұл төлейді. Ал оларды тексеру шаралары екі бағыт бойынша, камералдық бақылау тәсілі арқылы жүргізіледі. Жалпы, камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзуды жоюға мүмкіндік береді. Яғни заң бұзғаныңыз туралы арнайы хабарлама жіберілетін болады. Егер сіз сонда көрсетілген ақпаратпен келісіп, айыбыңызды мойындайтын болсаңыз жеке кәсіпкерді тіркеуі немесе декларацияға кіріс сомаларын көрсете отырып қосымша декларация тапсыратын боласыз. Ал осының бәріне келіспей, кері байланыс болмайтын жағдайда тіркеусіз қызмет үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл (қайталанған жағдайда – 300%). Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл арқалайтын боласыз.

Такси жүргізушілері көбіне «өз нәпақамды өзім тауып жүрмін, мемлекет маған ешқандай жағдай жасап жатқан жоқ, не себепті салық төлеуім керек» деп шағымданады. Алайда салық төлемейтін такси жүргізушісі жарық көшелермен жүреді, жылы үйде тұрады, түзу жолмен жүреді, медициналық қызметтерді алады, балалары тегін емделеді, баласы мектепте тегін оқиды, оған қоса еліміздің қауіпсіздігі, шекарасының қорғалуы. Осы шығындардың бәрі қайда кетеді? Еліміздің ары қарай дамып, өркениетті елдердің қатарына кірсін десек, әрқайсымыз салық төлеуді өзімізден бастауымыз керек. Жоғарыда атап өткендей, елімізде такси қызметіне, яғни жолда жүру ережесіне қатысты арнайы заң бар. Бұл жерде такси қызметін жүзеге асырушы жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде немес заңды тұлға ретінде жұмыс істеуі керек. Себебі басқа жеке тұлғалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауап береді. Түптеп келгенде табысты жасыру, салықтан жалтару тұтас мемлекетке, қала берді, жақындарыңызға, болашағыңызға зиян келтіру.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы