АТА-АНАМ – ТӘҢІРІМ ТІРЕГІМ!

834 көрілім

Осы мақаланы жазар алдында біраз ойландым, қалай бастасам дұрыс екен деп Әкем мен Анам туралы қалай өз деңгейінде жазып шығар екенмін, қазақтың бай тілімен оқырман қауымға түсінікті, жеңіл болуын өзім қадағалап, армандаған мамандығым филолог болмасам да Абай Құнанбаевша айтсам, барымша ұқсап бақтым…

Адам болып өмірге келген соң, оның одан кейінгі адам ретінде қалыптасуы, мінез-құлқы мен бітім болмысы тікелей, тәрбиелеген ата-анаға байланысты.

Менің әкем мен анам Нұрмұхамет Назаров пен Әділова Дина 1967 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп келіп, Түркістан қаласында тұрып, қызмет істеген. Бұл кісілер өз отбасыларында екеуі де тұңғыштары болғандықтан, бауырларын жетелеу, олардың әл-ауқаты, оқыту деген сияқты, өздерінің тұрмыс-тіршілігі тағы бар. Одан біздер де бесеуміз дүниеге келіп, бәрімізге жақсы тәрбие, білім бергенін үлкен жеңіс дер едім. Әкем де анам да талмай таза да, адал еңбек етіп, бізге өздерін жақсы іс-әрекеттерімен ғана көрсетті. Бесеумізге де жоғары білім алуға бағыт-бағдар берді, мақсаттары орындалды. Рахмет папа, мама (біз совет одағының оқушылары болдық қой, осылай атаймыз), біз көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болдық.

Әкемнің партия қызметкері болғаны белгілі ғой, таңнан кешке дейін жұмыста болатын. Турашыл, шыншыл табиғатына сол кездегі талап та тұспа-тұс келгендей. Кейбір адамдар әкемді түсінбей жатады, негізінде әкемнің айтқысы келіп тұрғаны әділдік қана болып шығады. Өн бойы туған жер деп тұратынын жазған өлеңдерінен де байқауға болады. Қаладағы кітап сататын дүкендер жабылатын болса жабылмауын талап етіп, жанашырлық танытып, шырылдап та жүрді. Қызметтес болған үлкен кісілер әкем туралы шыншыл адам, молодец! – деген сөздерін естіп өзімше мәз боп қаламын. Қаладағы құнды жәдігер, атақты Тайқазанның да өз орнына оралуына өз атсалысуыңызбен, асқан жауапкершілігіңізбен себепкер болғаныңыз бізге белгілі. Басқа еңбектеріңізді айтпай-ақ қояйын, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, көрші мемлекеттерге бірнеше рет барғаныңыз да есімде. Столыңыздың үсті сол кісі туралы құжат, мәліметтерге толы болып кететін. Одан басқа да қаншама шежірелерге, тарихи тақырыптарға қосқан үлестеріңізді жазып шығу мүмкін емес. Соған қарап мен ойлайтын едім, менің папам филолог сияқты еді, тарихшы да боп кеткен бе,-деп. Негізі тарихшы деген диплом алып та қойсаңыз болар еді, кезінде, мүмкін екеуміз бірдей жылы диплом алар ма,- едік. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жылдың үздік ақыны болдыңыз, Түркістан қаласының құрметті азаматы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, одан қала берді туған жерінің, қазақ тілінің жанашыры, ұлт жанашыры екенін аса мән беріп айта кеткім келеді.

Әкемнің осы шыншылдығы біраз адамдарға ұнамайтынының да куәгері болдым. Қастандық жасағысы келіп, тіпті мені сол жылдары жұмыссыз да қалдырғысы келгенін кейіннен естіп, біліп, таң қалғаным да бар.

Әкем туралы көп айтып кеттім ау, енді анам туралы айтайын, әкем айтып өткендей жұмыста көп болатын. Біздің оқу оқып, оған лайықты болып өсуімізге негізінен бірден-бір себепші болған ол – анам. Кісімен сөйлесуді, қонақты қалай күтіп алуды, тіпті телефонмен қалай сөйлесуді де анам үйретіп отыратын. Оқыған адамдың аты оқыған ғой шіркін. Қазір ойлап отырсам осының бәрі ұлттық педагогика екен ғой. Менің класс жетекшім болған (марқұм) Закир Кузыров ағайым: Самая интеллигентная семья – Назаровы,- деуші еді. Мен ол кісі мақтаған сайын соған лайықты болуға тырысатынмын.

Анамның оқытқан студенттері қазір де кездесіп қалса, мамаң нағыз педагог деп айтып жатады. Өзімше қуанып қаламын. Менің осындай азаматша болып қалыптасуыма қарап отырсам, анамның септігі аса зор екен, мен тек нағыз көзі ашық, мәдениетті, өркениетті ұжымдарда ғана жұмыс істеппін ғой. Соған зор ықпалы тиген, өзінің ақылын айтып, бағыт бағдарын беріп отырған анам. Баланы өз ата-анасынан өзге ешкім жақсы білмейді ғой, әке балаға сыншы дегендей, мені ғалымдардың арасында жүрсін, солардың шапағаты тисін, өссін дегеніңіз екен ғой мама. Азаннан кешке жұмыста да болып, бізді де тәрбиелеп, қонақтарды да күтуші едіңіз. Ол кездерде қонақ көп келуші еді, сіздің тағамыңызды сүйсініп мақтап кететін. Бізді көзі ашық етіп, өнер мен мәдениеттегі азаматтарды танытып өсуімізге сіздің ықпалыңыз зор.

Әкем, ауырса да екі-ақ күн ауырып, үшінші күні қарасам, қолына қағаз алып отырады. Алдында кітаптар, газеттер, біздің үйде тіпті 50 жыл бұрынғы кітаптар да бар-ау. Туған қалаңызға деген жанашырлық, сонау 1935 жылы Ленинград қаласындағы Эрмитажға жөнелтілген Тайқазанды өз орнына қайтарудағы еңбегіңізден де айқын көрініс тапқан. Дегенмен, осы тарихи мәселеде сіздің атыңыз біраз жылдар еленбей де, байқалмай да қалғаны бізді қатты қынжылтты. Ол туралы айтқанымызды қаламадыңыз, біз де жас едік, енді өстік есейдік. Облыс көлеміндегі бір газетте Тайқазанды елге қайтарып алып келген болып интервью берген азаматты да өз көзіммен оқып, таң-тамаша болып едім. Сол кездегі мендегі жастық жалын ба білмеймін, сол редакцияға барып, мақала авторы тілшімен жолығып қандай дерек, дәлелдерге сүйеніп жазғанын сұрап, талап еттім. (Өзіңнен жасы үлкен адамның кешірім сұрағаны ыңғайсыз болады екен). Мақала дұрысталып, келесі нөмеріне қайта жарық көруіне мен себепші болдым десем болады.

Ал біз ше, біз сіздер жасаған жақсылықтарды елге жасай алар ма екенбіз? Дүние әлем күнде өзгеріп жатқанда, өзімізден кейінгілерге қандай үлгі көрсетіп, не дәріптей аламыз деп ойлап қоямын.

P.S. Мен туылғанда әкем 30 жаста, анам 29 жаста болған екен. Өткен жылы мен 50-ге толдым. Әкем биыл 80 жасқа толғалы отыр. Мен бұл кісілердің төртінші перзентімін, менен үлкен бауырларым мына мақаланы мұнан да жақсы етіп жаза алады. Мен де барымды салып жаздым деп ойлаймын.

Анам екеуіңіз біз үшін барларыңызды салып, кез келген ата-ана сияқты аянбай еңбек етіп, өздеріңізде болмаған заттарды да алып беріп, өсірдіңіздер, жақсы тәрбие бердіңіздер. Рахмет сіздерге әкешім, анашым! 80 жастарыңыз құтты болсын!

Тайқазанның елге қайтарылғанына 30 жыл толуы өз деңгейінде атап өтілмей қалды. Алдағы уақыттарда, қалалық әкімшілігі мен облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп, Әзірет-Сұлтан мұражайы басты қолға алып, іс-шарамен атап өтілсе екен.

Халық үшін еңбек еткен азаматтар барында құрметтелсе екен деген ойым бар.

Тәңірден кейінгі тірегіміз болып аман-есен жүре беріңіздер Анашым, Әкешім!

Қыздарыңыз Ақнұр НАЗАРОВА,

Түркістан облысының мемлекеттік архивінің кадр маманы, құқық магистрі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы