Жас талап

720 көрілім

«Түркістан» газеті жас таланттардың тырнақалды туындыларын үздіксіз жариялап келеді. Киелі шаһардағы бірегей басылым былтыр «Әдебиет» айдарында бірнеше жастың жауқазын жырларын оқырманға олжа еткен болатын. Талантты жастарды қолдауды мақсат еткен газетіміздің жаңа нөмірі тағы екі оқушының өлеңдеріне арналмақ.

Өлең – жан тебіренісінің жарыққа шыққан, жазылған нұсқасы. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» деп маржан жырдың Мағжаны айтқан жас талаптар Түркістанды түрліше жырға қосуда.

Жас талап: Балнұр Әмет

Осыдан бірнеше ай бұрын редакциямызға Келес ауданынан арнайы ат басын бұрған Балнұр есімді қарындасымыздың өлеңдеріндегі өзгеше өрнек оның оқуға құштарлығын танытады. Келес ауданы №13 Т.Бигелдинов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Балнұр Әмет аудандық, облыстық әдеби байқаулардың жүлдегері. Бізге ұнағаны – оның қарапайым ғана тақырыптарды, құбылыстарды өзі таңдап алған ракурста түсіндіре алатыны. Ұйқас пен бірсарындылық, тақырып аясының тарлығы жас ақынның қай-қайсында да кездесетін «кешірімді» дүние. Алайда алдағы уақытта бұл кемшіліктер жаңа есімдерде кездеспейді деп сенеміз. Балнұрдың балауса жырларын оқыңыз, мәртебелі оқырман!

ӘКЕ-АНА

Асқар тауым, айбыным, жан әкешім,

Бетімнен қақпай әр кез мәпеледің.

Өзің берген тәлімнің арқасында

Болған емес бейәдеп, жат «өнерім».

Кілтін салған табанына жәннәттің,

Жан анашым, алтыннан да ардақтым.

Отбасымның берекесін кіргізген

Ұйытқысы біздің үлкен шаңырақтың!

Қос қанатым әрқашан да қолдайтын,

Барлық пәле-жалалардан қорғайтын.

Өздеріңсің өмірімнің бар мәні,

Ешқашан да тең келер жан болмайтын!

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Алтыннан артық бағам жоқ,

Күмістен менің жағам жоқ,

Қарапайым қара үйде,

Өскен мендей адам көп.

Жырларымды жұмбақтап, жасырмадым,

Бос мақтанға салынып, шашылмадым.

Ақын болсын деп мені көтерді елім,

Қарапайым сол қалпы, асылданмын.

Шабыт келсе күнде бір, түнде де бір

Жаздым солай жүректің жыр дерегін.

Жауқазын жырым тұрар алдыңда әлі,

Өлең-сөздің бағасын білген елім!

БІЛЕСІҢ БЕ?

Білесің бе?

Қымбатсың сен мен үшін,

Сезімге сенуімнің себебісің.

Әр түні тілеймін мен Тәңірімнен,

Келтірмесін деп ешкім кедергісін.

Иә, білем, суықпын сезіміңе,

Алғысым шексіз сенің төзіміңе.

Мендей жанды сүйе алған жалғыз сенсің

Тек өзіңсің кіре алған сеніміме!

Сендегі сабырлықты сүйемін шын,

Маған берген Тәңірдің сыйы өзіңсің!

Қанша сыннан өтуге даяр тұрған,

Жат көңілге қимайтын жүрегімсің.

Арамызда болған соң бір қашықтық,

Мен сол үшін өлең мен мұңға асықпын!

Өзіңе айтылмаған жүрек сөзі:

Біліп жүр, мен өзіңе шын ғашықпын!

«Әдебиет» айдарының тағы бір кейіпкері – №28 мектеп-лицей 8 «ә» сынып оқушысы Изатулла Ерсайын.

Жас талап: Изатулла Ерсайын

Ерсайынның ел, жер тақырыбында жазған жырларынан асқақ рух пен жастық жалынды қапысыз тану қиын емес. Түркістандағы оқушылар арасында өткен қалалық мүшәйраларда бақ сынап, бірнеше жүлде алып үлгерген оқушының болашағы жарқын болсын деп тілейміз. Киелі шаһарда өлең десе есімі алдымен аталатын қабылан мінез Қаныбек атамызға арнаған жырында «Мен де өзіңдей қарагер ақын болам!» дейді. Жас талаптардың арзу-армандары орындалып, айтулы ақынның жыр-аманатын жалғастыратын ұлықты ұрпақ болуды жазсын. Ерсайынның ел жадында жатталар жырлары көп болғай!

ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАРМЫЗ

Жалындаған жастармыз, арындаған,

Тас қамалмыз дұшпанға алынбаған.

Мағжан айтқан – айбатты арыстандар,

Біз боламыз, қазақпыз жалындаған.

Ұрпағымыз – жаужүрек батырлардың,

Жалғасымыз қарагер ақындардың.

Кешегі бұлтты аспаным нұрын шашып,

Тәуелсіздік аспаны ашылған күн.

Бұл жастар бағындырды асуларды,

Аямады мазақ қып басынғанды.

Болашақ үміт күтті сол жастардан,

Қолдаймыз деп жас болса ақылманды.

ТУҒАН ЖЕР

Түркістанда туғаныма мақтанамын,

Туған жерде шалқимын, шаттанамын.

Талай көрдің өзіңнен түлеп шыққан,

Ұрпағың үмітіңді ақтағанын.

Мен де соған құлшынып, талпынамын,

Болашаққа бар үміт, бар сұрағым.

Келеді осы елге мақтаныш боп,

Аспанында жұлдыз боп жарқырағым.

Түркістаным, туған жер, тал бесігім,

Шашылды саған келіп бар несібім.

Мен сенің рухыңды қорғап тұрған,

Періштенің киелі сәлдесімін!..

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫБЕГІ

Тыңдаған жырын жұрты, әнін елі,

Қашаннан қара өлеңім – сәнім еді.

Қазаққа жыр арнаған ақындар көп,

Біреу бірақ, қазақтың Қаныбегі.

Заманға мұңын шаққан заңғар ақын,

Қоғамның бар шындығын жазған ақын,

Қара өлеңмен артына із қалдырып,

Ақ жолымен ақ бата алған ақын.

Үлгі болды дастаны, жыры бізге,

Жігер болды қамыққан күнімізге.

Қаныбектің жырларын түгел жаттап,

Құрмет жасап тұрайық тілімізге!

Ақын ата, өлеңге жақын балаң,

Жыр тұлпарын мен едім тақымдаған.

Бұйыртса қара өлеңмен оза шауып,

Мен де өзіңдей қарагер ақын болам!

Дайындаған:Дәурен ТІЛЕУХАН,

«Түркістан» газетінің тілшісі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы