ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚ ӨНЕРІ ДӘСТҮРІНДЕГІ АДАЛБАҚАН

461 көрілім

Қазақ халқы өнерлі халықтың бірі болған, халық өнерінің түрлері өте көп болған. Тұрмыста қолданылатын бұйымдардан  халықтың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін көруге болады.  Ел ішінде әр істің хас шебері болған. Қазақ даласында көне дәуірлердің көзіндей болған 25 мыңнан астам тарихи жәдігерлер бар. Қолөнер бұйымдары бір күннің бір жылдың емес ғасырлар бойғы халық мәдениетінің, өнерінің көрінісі, мұнда әр ұрпақтың үлесі бар.          Қолөнер бұйымдары атадан балаға мирас болып келе жатқан көне өнер түрі. Қолөнер заман ағымымен дамып отырады. Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаушы  — халық шеберлері. Халық арасында ағаш,темір ұстасы, тоқыма, киіз тоқу өнерінің шеберлері бар. Қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары Отырар музей-қорығында сақтаулы. Көшпелі өмірге орай кең байтақ  даланың мол байлығына ие болып сан мыңдаған заттарды қолданып, үйренуге мәжбүр болған, өз тұрмысында қолөнерді жетілдіре білген. Халқымыздың тұрмысында күні бүгінге дейін сақталып келген тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері өте көп. Солардың бірі көшпелі мал шаруашылығынан жыртылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысқа қажетті ағаштан жасалатын бұйымдары болып табылады. Ағаш шеберлері еңбек құралдарынан бастап үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтарды, музыкалық аспаптарды, киіз үйдің ағашын т.б. бұйымдарды жасап көркемдеген. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді олардың өндіретін бұйымдарына орай ерші, үйші, арбашы, ұста деп даралады. Аталған бұйымдар жеңіл, әрі ықшамды етіп, көшпелі тұрмысқа бейімделіп жасалды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде маңызы зор болған мүлік ол-адалбақан. Отырар өңірін мекендеген отырықшы, жартылай отырықшы, көшпелі халық үшін ең қолайлы баспана — киіз үй болған. Оның ішіндегі мүліктерін де көшіп — қонғанға ыңғайлы  етіп жасаған.

              Адалбақан — ағаштан жасалған киім т.б. үй мүліктерін ілуге арналған бұйым. Адалбақанды кейде  темірден де жасайтын болған. Бірақ, көшпелі өмірде ағаштан жасалған адалбақан көп пайдаланылған себебі, әрі жеңіл, әрі ыңғайлы болған. Халық өнері дәстүрінде адалбақан өте мықты, жеңіл ағаштан жасалады. Оны киіз үй босағасына бекітіп қойған, оны құлатуға, одан аттауға тыйым салынған, асыл тастармен  безендірген, ілмегін күмістен де, темірден де жасайтын болған.Үлкен бес, кіші төрт, ара-арасында шеті білезіктенген, бұнақтармен бөлінген гүл өрнегі, жоғарғы бөлігіне құс қанаты өрнегі ойылып салынаған. Үш үлкен бұнақталған бөлігіне металдан  жасалған ілгектер бекітілген. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының экспозициясындағы адалбақанға тоқталатын болсақ,  адалбақан ХХ ғ. тән, ағаштан жасалған, ұзындығы 2 м, 43 см, ені 12 см. Кісі басынан асатын жуан діңгектің бойы түгел ойылып, өсімдік тектес өрнектермен өрнектелген. Төменнен жоғары өрлеген сайын буындары сүйірлене келіп, бітер ұшына шалқалай туған ай суреті, ақ түсті металдан құйылып қондырылған. Металдан соғылған адалбақан ілгіштері пайдалануға қолайлы. Бақан бойына үш жерінен ақ түсті металмен белбеуленген доғалар орнатылған. Жоғары бөлігі қызыл, жасыл бояулармен боялған. Қолөнер шеберлері ағашқа сымбат беріп, жан бітіретін  бесаспап шебер болған, жасаған бұйымдарынан  биязылықты, ұқыптылықты байқаймыз, олардың жасаған бұйымдары бүгінгі жас ұрпаққа ізгі өнеге, үлгілі дәстүр болып жалғасады.

Жазы жайлауда, қысы қыстауда көшіп-қонып жүрген қазақ халқының негізгі баспанасы – киіз үй болғаны бел­гілі. Ұлтымыздың көшіп-қону тәжірибесінен туындаған киіз үй – жаздың ыстығы мен қыстың суығынан, күннің ап­табы мен түннің дым-сызынан сақтаған. Көшпелі тұр­ғын үй – тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлылығымен талай ғалымдарды таңғалдырған. Шын­дығында да, жарты сағат ішінде жығып-артуға, жар­ты сағат ішінде көліктен түсіріп, құрастырып алуға болатын мұндай үй бүгінге дейін еш жерде ойлап табылмады десек артық айтқандығымыз емес.

Осынау жиналмалы киіз үйдің керегесінен бастап, есігі, уықтары, шаңырағы ағаштан дайындалған.  Табиғи таза өнім ретінде, қазақ тұрмысында үй ішінде тұратын бұйымдар да ағаштан соғылған. Сандық, кебеже, жүкаяқ, ағаш төсек, адалбақанның қай-қайсы­сын алып қарасақ та ерекше шебер­лікпен жасалғанын көреміз.

Жоғарыда аталған бұйымдар­дың алғашқыларын көріп, біліп,  естіп жүргеніміз рас, алайда, адал­бақан жайлы көп айтыла бер­мейді. Ашаның көмегімен киіз үйдің шаңырағын күлдіреуішінен іліп алып, жоғарыға көтеретін адал­бақан киіз үйді құрған уа­қытта қолданылады. Ең қызығы, оның бұйым ретінде өзге де қыз­меттері бар екен.

Жалпы, қолөнершілер адал­ба­қанды ағаштан да, темірден де жа­сайды. Ертеде оны жасайтын іс­мерлерді «үйшілер» деп ата­ған. Үйшілер адалбақанға қызыл түсті қайың мен жеміс ағаш­тарын қолданған. Тарих бет­терін парақтар болсақ, адал­бақан ХІХ-ХХ ғасырларда ке­ңінен қолданыста болған екен. Әсемдік үшін ою-өрнектермен өрнек­телген адалбақанды күміс ілмектер және зергерлік әшекей­лермен безендірген, жиектеріне алты дана ілгіш орналастырған. Осыған қарап-ақ адалбақанды үй ішінде киімілгіш ретінде пай­даланғанын байқауға болады.  Оған киім, аяққап, қоржындар, тіпті қару-жарақтар ілген. Ер­теде адалбақан әйелдерді бо­сандыруға да пайдаланылған. Адалдықтың символы – адал­бақан жаңадан отау тіккен жастардың шаңырағын орнық­тыруға ықпал етуімен де құнды. Шаңырақтың иесі ретінде үй құ­растыруда оны тек ер кісілер ұстаған.

Әзірет Сұлтан музей қорында ағаштан жасалған жәдегерлердің  біріде бірегейі бұл  Адалбақан. Адалбақан — киім және тағы басқа үй мүліктерін ілуге арналған жабдық. Адалбақан киіз үйге кірген тұсқа қойылатын болған. Киіз үй сүйегінің құрамына тікелей енбегенімен, міндетті түрде шебердің қолынан шығар дүниеліктің бірі болып табылады. Адалбақан сөзінің мағынасы  «адал» сөзі парсының халал деген сөзінен шыққан, ал, бақан сөзі киіз үйдің шаңырағы мен түндігін көтеруге пайдаланатын, бір басы ашалы ағаш. Халық ұғымында адалбақан қасиетті таза мүлік деп есептеген. Музей  қорында сақтаулы адалбақан ағаштан пирамида формалы болып жасалынып төрт тұғырға отырғызылған. Айналдыра астына масаты салып ортасы созылыңқыраған тамшы іспеттес болып ойылған, төрт  бүршіктері бар. Жоғарғы жағында әсемделген металл ілмектер орнатылған. Өлшемі:     һ-217см   d-50 см      Һ тұғ-12х35 см . Түсі қоңыр,  жоғары тұсында темірден жасалған үш ілмегі бар. ­Өсімдік тектес оюлармен безендірілген. Ою-өрнектерді құрастыру үшін шеберлер өсімдіктер мен гүлдердің суреттерін қолданған. Бұл ерекше жәдігерді 1978 Алматы Қаз музей реставрация шеберханасы тапсырған. Жасаған шебердің аты-жөні Ғ.И.Жалмақанов.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі Ақлима Жұмашова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы