Жанат ЖҰМАДІЛЛАЕВА: “ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АҚТАЛА АЛМАЙ КЕЛЕМІН”

406 көрілім

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына,

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың назарына!

Биыл Желтоқсан оқиғасына 37 жыл өтсе де, оның мәңгі ұмытылмас мұң қалдырған оқиғасы қай қазақтың жүрегін сыздатпады, кімнің жүрегіне жара салмады десеңізші! Түркістандағы Майшай Әбенова мектебінің география пәнінің мұғалімі Жанат Жұмаділлаева басты алаңдағы қырғынға қырық жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін ақтала алмай жүргендігін айтып, редакциямызға келіп, шағымданды.

Сол кездегі желтоқсан оқиғасына қазақ жастарының бас көтеруіне Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қызметінен босатылып, оның орнына қазақ ұлтынан мүлдем бейхабар азамат Г.Колбиннің тағайындалуы себеп болды. Қазақ жастары бейбіт шерумен бұл тағайындауға қарсы болып, өз мемлекетімізден ел басқаратын адамның болуын қалады. Бейбіт шеруге шықты. Зиялы қауым саналатын көзі ашық, көкірегі ояу студенттер «нашақор», «маскүнем», «басбұзар» деген атпен жаппай сабалып, жараланғандары қала сыртындағы қоқыс алаңына апарып төгілді. Біз осы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының куәгері, қатысушысы, зардап шегуші Майшай Әбенова атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Жанат Жұмаділлаевамен әңгімелескен болатынбыз. Кейіпкеріміз сол жылдардағы жантүршігерлік оқиғаның желісін бізге төмендегідей сабақтап берді.

фотодағы Жанат ЖҰМАДІЛЛАЕВА

– Сол жылы қазақтың Қыздар педагогикалық инстиутының (ЖенПИ) 5-ші курс студенті едім. 16-желтоқсан күні таңертеңгісін сағат:8.30-да әдеттегідей сабаққа кеттік. Сабақ біткен соң асханадан түстік ішіп, жатақханаға бет алдық. Біздің география-биология бөлімінің №6-шы жатақханасы Масанчи көшесінің қиылысында болатын. Жатақханаға жақындаған кезде топ-топ адамдардан тіпті есіктің алдына жақындай алмадық. Содан сол жастармен бірге «бейбіт шерумен» қазіргі Желтоқсан алаңына қарай бет алдық. Әндетіп, өлеңдетіп күндізгі сағат:15.00-дер шамасында Космонавтар көшесімен қиылысқан тұсынан қазіргі Желтоқсан алаңына жеттік. Бізден басқа да жастар бар екен. Бір-екі сағаттан соң алаң жастарға толды. Бірінен соң бірі шерумен келе берді. Мінбеге шыққан жастар өз мақсаттарын айтып жатыр. Бір кезде мен де мінбеге шығып: – «Бізге Қазақстанда туып өскен, жүрегі Қазақстан деп соғатын азамат керек. Елімізде 15 млн. тұрғыны бар Қазақстаннан бірде-бір азамат шықпағаны ма? Бізге Ресейдің бір түкпірінен келген Колбиннің қажеті жоқ», – деп өз ойымды ашық білдірдім.

Шынында да «өз елім, жерім деп туған азамат жоқ болғаны ма?» деген сұрақ жүрегімде қадалып тұрған еді. Кеш болды, әбден жаурадық, бізге жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Бір кезде көзді ашып, жұмғанша не болғанын білмей де, түсінбей де қалдым. Солдаттар иттерін жетектеп келіп, алаңдағы жастарды қуа бастады. Тіпті болмаған соң өрт сөндіргіш автокөліктермен жүріп қақаған аязда үстімізге мұздай су шашты.

Ол аздай «ДТ» тракторымен арлы-берлі жүріп, алаңды жастардан тазарта бастады. Құлаған, жүгіре алмай қалып қойған қыздарды, жігіттерді көлікке бірінің үстіне бірін лақтырып сала берді. Толғанын толғанша түрмелерге апарып қамады. Түрме толғаннан соң қалғандарын қаланың сыртына апарып, қоқыс алаңына көліктен аударып, тастап кете берді. Қазақтың бейбіт шерумен шыққан ұлдары мен қыздарын осылайша айуандықпен алаңнан тазартты.

Ал, мен курстастарыммен бірге жатақханаға қарай беттедім. Жатақхана алдында кезекшілікте ұстаздарым тұр. Аты-жөнімізді жазып алып жатыр. «Қайда болдыңдар, неге кеш келдіңдер?», деген сияқты сұрақтардың астына алды. Мен түс көргендей әлі де болса алаңдағы оқиғалардан арыла алмай тұрмын. Уақыт түнгі сағат:01.00 болған кезде жатақханаға кірдік-ау әйтеуір. Таңертеңгісін студенттерді көшеге шығармау үшін жатақхананың есігін құлыптап қойыпты. Түстік тамақты ішіп алған соң, бөлмедегі Раушан, Алма, Динара есімді құрбыларыммен бірінші қабаттағы қыздардың бөлмесінен түсіп алаңға қайта бардық. Алаңды айнала қоршап солдаттар жүр. Қолдарында қалқандары мен қолшоқпары, бастарында темір телпектері бар. Сол солдаттар қолдарындағы дубинкалармен, саперлік күректермен ұра қуып, қайтар жолда құлаған жастарды автокөлікке апарып тиеп жатыр. Бір кезде дубинка басыма тиді де құлап түстім. Есімді жиып қарасам, шашымнан тартып сүйреп барады. Жүзіне қарасам қазақтың баласы екен. «Жібер мені, сенің де мен сияқты қарындасың бар шығар» деп едім, жіберді де, «тез арада бұл жерден кет», – деді. Сол топтан әрең шығып жатақханаға зорға жеттім.

Қасымдағы еріп барған қыздардың ешқайсысы жоқ, бәрі бөтен қыздар мен жігіттер екен. Ертесіне таңертең терезеден қарасам, ит жетектеген солдаттар көшеде кездескен қыз-жігіттерді еріксіз автокөлікке мінгізіп жатыр. «Ой тоба, не деген заман болды, мұндайды тек кинодан көретін секілді едік қой», – дедім ішімнен.

Арада бірнеше уақыт өткен соң сессия бітіп, ауылға кеттім. Берілген демалыс бітіп ауылдан қуанып Алматыға келгенде вахтадан шақыру қағазын көрдім. Көрдім де төбемнен мұздай су құйылғандай тұрып қалдым. Ертесіне ҚазМУ-дің жатақханасына апарып, альбом көрсетті. Екі беті тола менің суретім. Таң қалғаным соншалық суреттер өте анық, тіпті жақыннан түсірілген. Бұдан кейін қалай болмадым деп айта аласың. Содан соң мені Калинин ауданының тергеушісіне жіберді. Бірақ алғашқы қарқындары жоқ, басылып қалған сияқты. Неше түрлі сұрақтың астына алды. Тергеу аяқталған соң, ертең сотқа барасың деді. 1987 жылы ақпан айы болатын. Сотқа 4 қыз бірге кірдік. Екеуі ҚазМУ-дің 1-курс студенттері екен. 18-ге толар толмас. Ал, Гүлнар болса 4 курстың студенті. Содан 1-ші курстың қыздарына 10 күн, бізге 15 күн деп сот төрағасы үкім шығарды. «Сендерге қайта жеңіл жаза беріліп отыр. Алғашқы қарқында болғанда мұндай суретпен 10 жылға кетер едіңдер» дегенде көзім қарауытып не болғанын білмей қалдым. Содан темір торлы автокөлікке салып қаланың ортасында орналасқан «Целинный» кино театрының жертөлесіндегі түрмеге қамады. Онда көрген күніміз құрысын, ағаш тапшанның үстінде пальтоның бір шетін астыңа, екінші шетін үстіңе жамылып жатасың, 2-3 күнге дейін тамақ ішпей, «бұдан да өлгенім жақсы еді ғой», – деп жүріп, 15 күнді де өткердік.

1987 жыл 26-шы ақпан күні күндізгі сағат:12.00-лер шамасында үлкен темір қақпадан шығып тұрсам, әкем күтіп тұр. Көзімнен жасым тамшылай берді. Сонда әкемнің айтқан сөзі әлі есімде: «Қызым сен кінәлі емессің, көппен көрген ұлы той, жылама», – деп көзімнің жасын сүртті.

Қазір Майшай Әбенова атындағы жалпы орта мектебінде табан аудармай 1987 жылдан бері география пәнінен сабақ беріп келемін. Құдайға шүкір отбасымда күйеуім Бақытжан Тағыбаев екеуіміз бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырмыз.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, әлі күнге дейін ақтала алмай келемін. Себебі, сол кезде КазГУ-дің жертөлесінде маған көрсетілген альбомдағы суреттерімнің түпнұсқасын алып, тауып бермей отыр.

Жанат Жұмаділлаеваның қолында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс архиві» РММ директорының орынбасары С.А.Сатаеваның қолымен 03.11.2021 жылы берілген «Ж.А.Жумадиллаеваға берілген мұрағаттық №Е-15197 фотоқұжаттың және №783 видео «Хроника необьявленной демонстраций» (реж А.Байгожина,1991 ж.) киноқұжатының түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ-де сақтаулы және Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құрамына кіреді»,- деп тайға таңба басылғандай көрсетілген құжатқа назар аудармай, Түркістан қалалық прокуратурасы да, соты да «дәйегіңіз аз» деген желеумен ақтамай отыр. Алматы қалалық прокуратурасымен сотына барайын десем, «сонда пропискаң болуы керек» дейді.

Қазір осы Түркістандағы жиырмаға жуық желтоқсаншылардың үшеуі ғана ақталды. Менің де барар жер, басар тауым қалмады. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың барлығы да ақталуы тиіс,-дейді көз жасына ерік берген Жанат Жұмаділлаева.

Шындығында, Жанат сынды қаншама желтоқсан қырғынына қатысушылар еңірегенде етегі толып, әлі күнге дейін ақтала алмай жүр. Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына дейін қанқасап қырғынға қатысушылар түгел ақталуы тиіс. Сонда ғана әділеттілік қалпына келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Әділетті қоғам құрудың басы желтоқсаншыларды ақтаудан басталуы тиіс.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы