Көгалдандыру жұмыстары аясында ағаштардың әралуан түрлері, соның ішінде қылқан жапырақты, жеміс, декоративті ағаштар, аморф, изгородь бұталары, сондай-ақ гүлдер, яғни көп жылдық: хризантема, раушангүл, гортензия және көктемде егілетін бір жылдық: сальвия, петуния, тәжігүл, эустома және басқа да түрлері отырғызылды.
Сондай-ақ, қаланың орталық алаңдары мен скверлерін абаттандыруға айрықша назар аударылады. Мәселен, Саттарханов көшесінің бойы – Дастанов көшесінің қиылысында, Айменов көшесінде, желілік саябақтарда, жаңа қалада, 9-11 көшелер бойына, тұрғын үйлер арасына, қаланың тағы басқа көптеген жерлеріне егілген. Жасыл желекке айналдыру мақсатында газондар да егілуде.
«Түркістан қаласы аумағында көгалдандыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Айта кетсек, қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ-сі тарапынан ақпан және сәуір айлары мен қыркүйек-қазан айларында көшелер, саябақтар мен гүлбақтарда 314 мың дана ағаш көшеттері егілді. «Жасыл Түркістан» КММ-сінің көгалдандырушылары ағаш-гүлдерді күтіп-ұстау, сондай-ақ жаңа ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жоспарға сай жүргізуде.
Сонымен қатар 379 га аумақта ағаштарды дәрілеу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары жүргізілсе, 17 925 дана ағашты санитарлық және авариялық кесу жұмыстары жүргізілді.
Қаламыздың 62 саябақ, сквер, аллеяларында кіші сәулет мүсіндері мен саябақ құрылыстарында (орындық, жарықшамдар, мүсіндер т.б), аяқжолдар мен балалар ойын алаңдарын бояу, жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылды.
Көгалдандыру бойынша 28 мың дана түрлі көп жылдық және бір жылдық гүл көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ 258 нысанда суғару жүйелері мен 82 қала аумағындағы субұрқақтарды қысқы демалыс мезгіліне консервациялық жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн. Отырғызылған көшеттердің барлығы Түркістан аумағында өсірілген. Яғни, барлық ағаштар мен көгалдар біздің климатқа төзімді жасыл желектер», – деді Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Мониторинг бөлімінің бақылаушы маманы Яссы Тұрсынбекқызы.
Мекеменің берген мәліметіне сәйкес, егілетін ағаштар Табиғи ресурстар және табиғат пайдалану реттеу басқармасы тарапынан Сырдарияда ағаш өсіретін питомниктен, «Отырар» орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нен, «Айша» ЖК, «Бадам» ауыл округінен, «Қазығұрт» ауданынан алынады.
Ал жасыл желектерді суару, күтіп-баптау жайлы сауалымызға «Жасыл Түркістан» мекемесінің агрономы Бабаев Абдрахман былай дейді: «Қаламызда биыл көктемде 94 мың ағаш егілді. Олар қылқан жапырақты, декоративті ағаштар, жеміс ағаштары. Күзде 220 мыңға жуық әсемдік ағаштары, аморф, изгородь бұталары егілді. Қазіргі таңда вегетациялық кезең біткен соң егу жұмыстары басталады, содан соң ағаштарға, бұталарға әсемдік пішінін беріп, кесу жұмыстарын, дәрілеу жұмыстарын жүргіземіз, яғни тыңайтқыштар береміз. Олардың түрлерін атап өтсек, калий, фосфорлық, органикалық тыңайтқыштар, биогумустың сұйық түрі, осыларды беру арқылы жасыл желекті дезинфекциялаймыз.
Сондай-ақ осы күзде 30 мың дана гүл еккен болатынбыз. Оларды күтіп ұстау мақсатында кешенді, минералды тыңайтқыштар береміз. Суару жұмыстарына келсек, ол екі түрлі әдіспен жүргізіледі. Көше бойларын арықпен суару және су тарататын гидранттар арқылы суару, су «Қосқорған» су қоймасынан келеді. Сонымен қатар шашыратып, тамшылатып суару әдістері қолданылады. Бүгінде қалада 190-нан аса суару ұңғымалары бар».
Дәл қазір қаламызда абаттандыру-көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатқаны белгілі. Жұмысшылардың еңбегі қала тұрғындары тарапынан бағаланып, ризашылығын білдіруде. Аталған жұмыстар жыл бойы жалғаса береді.
Н.ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.