Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автожолдардың ахуалына қатысты сын айтып, «Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс» деп тапсырма берген болатын. Президент ескертпесі салаға деген көзқарасты өзгертті ме? Осы сауалға жауап іздемек ниетпен, Түркістан қаласындағы жол инфрақұрылымына шолу жасап, бес жылдық көрсеткішті оқырман назарына ұсынбақпыз.
2019 ЖЫЛ: ТОПЫРАҚ ЖОЛ 13 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН АЗАЙҒАН
2018 жыл Түркістан үшін тарих беттерінде мәңгі сақталатын, айтулы жылдардың қатарына енді. Өйткені дәл сол жыл Түркістанға облыс мәртебесі беріліп, рухани шаһардың мерейі артты. 2019 жылдан бастап Түркістан облыс орталығы ретінде бой түзеп, инфрақұрылымдық жұмыстарға біршама ден қойды. Бүгінде қала келбеті мен ішкі құрылысы өркендеп, көз тоймас аймаққа айналды.
Мәселен, Түркістан қаласында 875 көше бар. 2018 жылғы көрсеткішке қарасақ, қала ішіндегі асфальт жол 27 пайызды құраса, сол жылы топырақ жолдың үлесі 18,4 пайызды қамтыған. Ал қалған 54,6 пайызы шағыл тас жолдардан тұрады. 2019 жылы дәл осы жолды күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 9 млн 679 мың бөлінген екен. Оның ішінде күрделі жөндеуге 4 млн 120 мың теңге қарастырылса, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5 млн 559 мыңқаржы қарастырылған. Осы аталған қаржыға 66 көшенің жолдары жөндеуден өткен. Осы жұмыстардың барысында 102,4 шақырым аяқ жол, 3 мың 536 дана жол белгілері, 67,9 шақырым түнгі жарықтандыру жүйесі, 55,7 шақырым суағар науа, 26,9 шақырым вело жолдар жүргізілген.
2019 жылы жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 57,1 шақырым жолы қайта жаңартылып, ал жаңадан 28,1 шақырым жол салынды. Сол жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына сәйкес асфальт жол 30 пайызға көтеріліп, ал топырақ жол 13 пайызға дейін азайған. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы асфальт жолдар 3,3% пайызға, тас жолдар 1,65 % пайызға өссе, ал топырақ жол 4,95% пайызға азайған. Тас төсеу жұмыстар дәл сол жылы су жүйесінің құрылысы жоспарланған аумақтарға және топырақ көшелерге жүргізілген. Облыс орталы болып енді құрылған аймаққа 2019 жылы 22 аялдама орташа жөндеу жұмыстарының есебінен орнатылғанын атап өткен жөн. Олар Таукехан, С.Қожанов, Байбұрт, Қазыбек би көшелеріне және Демеушілер есебінен 1 аялдама Әмір-Темір көшесіне орнатылды.
2020 ЖЫЛ: 81 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ
2020 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес, жалпы 106,3 шақырым құрайтын 81 көшеде жұмыстар толық аяқталған. Орташа жөндеу жұмыстарының барысында 106,3 шақырымды құрайтын 81 көшеге асфальт төселген. Сонымен қатар, дәл осы жылы аяқ жолдар салынып, төрт басты көшеге веложол, суағар науа және барлық көшелерде сарқынды су жүйесіне арналған футляр мен жол белгілері орнатылған. Одан бөлек, 63 көшеге тас төсеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, жол инфрақұрылымы біраз ілгерілеген. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы да 2020 жылы жөндеуден өтіп, түрлі инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Нәтижелі жылдың тағы бір жемісі, қала ішіндегі 124 көшенің жарықтаныдру жұмыстары толығымен аяқталғаны болды. Аялдамаға келер болсақ, қала көшелеріне 17 дана автобус аялдамаларын орнату қарастырылып, нәтижесінде Б.Саттарханов даңғылы мен Әмір Темір және Шекті Тілеу- Жібек жолы көшелеріне орнатылған.
2021 ЖЫЛ: 185 КӨШЕГЕ ТАС ТӨСЕЛГЕН
2021 жылы Түркістан қаласына қарасты 15,1 шақырымды құрайтын 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Орташа жөндеу жұмыстары коммуникациялық жүйелер, яғни, ауыз су, сарқынды су, газ тарту жұмыстары толығымен аяқталған көшелер болып табылады. Осы жылы Түркістан қаласында топырақ жолдардың санын азайтып, тас жолдардың саны мен сапасын арттыру мақсатында 158 шақырымды құрайтын 185 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 2021 жылы бірнеше жобалардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жол инфрақұрылымына едәуір пайдасын тигізген. Атап айтса, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолынан Майкотов көшесіне дейінгі автожолының құрылысы. Ең үлкен автожолға асфальт жабыны толық төселіп, науа (лоток) және аяқ жол мен вело жолдар толық салынған. Екіншіден, Жібек жолы көшесін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып, көшенің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, сол жолы қолданысқа берілді.
2021 жылы жарықтандыру жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асты. Себебі 2021-2022 жылдар аралығында 201 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып, оның ішінде 155 көше толық жарықтандырылды. 2021 жылы Түркістан қаласындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазыбек би көшесімен Жармұхамбетов көшесінің қиылысын «Т» тәрізді транспорттық бағдаршам нысаны орнатылды. Қалаішілік 15 көшеге көктем және күз мезгілдерінде 2 мезгіл жол бөлу сызбалары жүргізілді. 2021 жылы Түркістан қаласындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 550 дана жол белгілері орнатылған.
2022 ЖЫЛ: ТОПЫРАҚ ЖОЛ ҮЛЕСІ 1% ҚҰРАДЫ
2022 жылдан бастап Түркістан қаласының жол инфрақұрылымы біршама ретке келіп, қала ішіндегі маңызды нысандардың ахуалына көңіл бөлу жұмыстарына көшті. Мысалы 2022 жылы 3 нысанның құрылысын іске асыру жоспарланған. Олар Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелері мен Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдың құрылысын жандандыру. 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, қосымша Отырар секторына қарасты сарқынды су жүйесі аяқталған 2 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 39,5% құрады. Ағымдағы жылы қала аумағындағы мектептер мен балабақшаларға барар жолдарды қамтитын 54 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Соның, қазіргі уақытта 48 көшесі аяқжолмен қамтылып, 6 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы қала аумағындағы топырақ жолдардың пайызын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында, жыл басынан бері 176 шақырымды құрайтын 184 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Тас төсеу жұмыстары қала аумағындағы 6 сектордың көшелерін қамтып жүргізілген. Жалпы айтқанда, атқарылған жұмыстар нәтижесімен тас жолдар үлесі 61,5%, топырақ көшелер үлесі 1% құрады. 2022 жылы қала аумағындағы 70 жуық көшелерге көктемгі және күзгі мезгілдерінде жол таңбаларын сызу және жаңарту жұмыстары жүргізілген.
2023 ЖЫЛ: ТОПЫРАҚ ЖОЛ ҮЛЕСІ ЖОЙЫЛДЫ
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қала ішінде 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2023 жылы 383,9 шақырымын асфальт құраса, қалған 461,1 шақырым жол тас жабындысымен қамтылған. Яғни көріп отырғандарыңыздай, топырақ жол үлесі жоқ.
2023 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 47 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, біткен. Сондай-ақ, дәл осы жылы қала аумағындағы әлеуметтік нысандарға баратын, халық тығыз орналасқан 64 көшеге аяқжол құрылысын іске асыру жоспарланып, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Жалпы қазіргі уақытқа дейін қала аумағында 730,9 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 731 көше жарықтандыру жүйесімен қамтылды. Ал 2023-2024 жылдар аралығында қосымша 188 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланған болса, осы жылы 37 көше толығымен жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, аяқталған.
Ең бастысы, қала ішінде қазіргі таңда 21 қоғамдық көлік бағыты қызмет көрсетеді. Олардың барлығы стандарттық талаптарға сай, біразы су жаңа автобустар. Сондай-ақ, барлығына электронды төлем жүйесі енгізіліп, заман талабына сай жасақталған.
Ғалия БИСЕЙІТ.