ТҮРКІСТАН: ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ НӘТИЖЕСІ

209 көрілім

          Ел ішінде әр істің хас шебері болған. Олардың жасаған құнды мұралары Қазақстан музейлерінде сақтаулы. Тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы  Отырар өлкесінің көне заманнан осы күнге дейін археологиялық және этнографиялық ескерткіштерінің басты қоймасы, археологиялық тарихи ескерткіштер орнын анықтайтын, зерттейтін, мәдени ағарту ғылыми – ақпараттық, ғылыми көпшілік, ғылыми – зерттеу, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, насихаттау, қорғау жұмыстарымен айналысады.

            Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қызметкерлері қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарын жинастыру, зерттеу, музей қорын толықтыру мақсатында Отырар ауданы, Аққұм елді мекенінде «Ел іші – өнер кеніші» атты этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициясын  ұйымдастырды. Экспедиция құрамында бөлім меңгерушілер Ақлима Жұмашова, Бауыржан Сұлтанмұратов, аға ғылыми қызметкер Сабира Айтбай, ғылыми қызметкерлер Досхан Жұмаханұлы, Жадыра Өскенбаева болды. Музей қорындағы этнографиялық жәдігерлер музей қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырылған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен жәдігер жанашырларының музейге сыйға тартуымен жиналады. Сөз өнерінің, қолөнерінің қадірін білген қасиетті кісілердің асыл мұрараларын зерттеу, жинақтау жұмыстары бағытында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қызметкерлері айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.

            Қолөнеріміздің озық үлгілерінің қаймағын бұзбай қазірге дейін жеткізіп өнерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп үйретіп отырған, он саусағынан өнері тамған сырмақ сыру, кілем, алаша тоқу, текемет басу өнерін жалғастырушы қолөнер шеберлерін этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициялары барысында анықтадық. Қазақ халқы қай заманда да өнерден кенде болмаған. Әр ауылда қазақтың киіз үйін жасайтын үйшілер, сандық, кебеже жүк аяқ сынды үй жиһаздары мен әртүрлі әшекей бұйымдар жасайтын шеберлер де болған. Атап айтатын болсақ, Түркістан облысы, Отырар ауданы, Аққұм елді мекенінде қолөнер шебері Нұрілдәқызы Қыздарбек  өзінің жасаған сырмағын, қолөнер шебері Дәрібекқызы Қызжібек өзі тоқыған арабы алаша, терме алашасын, Әжібек Рахимаш Қайырбекқызы анасы Битек келіні Айша апаның жасауымен келген 3 жүкаяқ, 1 асадалын музейге сыйға тартты.

          Ата-бабаларымыз табиғаттың әр құбылысын, мінезін түсіне білген, ән салуды, ою-өрнекті, қолөнерді табиғаттан тікелей еншілеген. Табиғатта болып жатқан сұлулықты ою-өрнектерге түсіріп, сол ою-өрнек арқылы әсемдікті насихаттағаны белгілі.  Жалпы ірі ою-өрнектер сырмақ, кілем, текемет, тұскиіз, алаша т.б. бұйымдар мен сәулет өнерінде кеңінен қолданылған. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Ұлттық археология және этнография мектебінің негізін қалаушы, өнертанушы  Ә.Марғұлан былай деп жазады: «Қазақтың ертегі – жырлары сұлу болатыны сияқты, оның ағашқа, матаға, киізге, темірге, сүйекке т.б. затқа түсірген ою үлгілері де сондай өрнекті болған.», – деп.

         Әр халық өз қолөнері бұйымдарының ою-өрнегіне өзіне тән із салып, рухани байлығын осы өрнекке төгіп, оюлар арқылы ой айтып, адамның арман тілегін де бейнелеген.

         Хас шеберлердің құнды мұралары  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырылған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген, қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен қарапайым ел азаматтарының музейге сыйға тартуымен жиналды. Олар тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында сақтаулы.                                           

           Қазақ тіршілігінің тірегі болған төрт түлік малдың жүнінен небір асыл бұйымдар жасалған. Сондай бұйымдардың бірі тұскиіз, оны барқыттан, жібектен, шұға т.б. маталардан ойылған өрнектерін жұқа әрі тығыз орналасқан  киіз шаршысына жапсырып, қабырғаға кілем орнына ілетін сәнді бұйым. Тұскиіз – іргеден өтетін суықтан сақтану үшін қолданылатын ең кәделі бұйым болған, оны  тығыз,  жұқа етіп басылған киізден жасаған. Тұскиіздің түрлі матаның бетіне  кестелеп ою-өрнектер түсірілген түрі де бар. Қазақстанның әр өңірінде кездесетін тұскиіздің өз ерекшеліктері бар. Тұскиіз бетіне матадан түсті жіптермен кестелеп «жұлдызша», өсімдік тектес, ою-өрнектер түсірілген түрі Орталық Қазақстанда көп кездеседі. Семей өңірінде барқыт, мақта матаның бетіне кестелеп өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген.  Көкшетау өңірінде тұскиіздің бетіне шибарқыт матадан ойып «арқар мүйіз», ал шеттеріне «сынық мүйіз» ою-өрнегі түсірілген. Сондай-ақ майда ромб ішіне «төрт құлақ», ал шеттеріне «мүйіз» ою-өрнектерін шибарқытқа жапсырған. Шығыс Қазақстанда мақта мата, помази, драп, т.б. маталардан түсті жіптермен кестелеп шеңбер ішіне, «жұлдызша», «сыңар мүйіз», өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген түрі, тағы бір түрі бетіне түгел майда ромб, келесі түрі бетіне ірі «арқар мүйіз» ою-өрнегін кестелеп  түсірілген түрі көп кездеседі. Талдықорғанда мақта мата бетіне түсті жіптермен кестелеп ортасына дөңгелек шеңбер ішіне өсімдік тектес, ал шеттеріне ірі өсімдік ою-өрнектері түсіріліген түрі көп кездеседі. Тұскиіз бетіне «қошқар мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар өкше» өрнегі, шеттеріне «ирек су» өрнегі түсірілген, оны айналдыра «арқар мүйіз» өрнегі түсірілген түрі, сондай-ақ «тармақты» мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Оңтүстік өңірінде тұскиізді ақ немесе қара киізден басып бетіне матадан ойып өрнектер түсіреді де шеті шыт матамен көмкеріледі. Тұскиіздің бетіне ромб ішіне «төрт құлақ» өрнегі түсірілген, шеттеріне «сыңар мүйіз» ал одан жоғары мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі.

           Экспедиция барысында қолөнершілердің өздері тоқыған қазақ халқының ұлттық үлгісіндегі сырмақ,  терме алаша, қақпа алаша т.б. туындыларына қарап шеберлердің қиялына таң қалдық, бояулары бір-біріне үйлесімді, оюлары жатық болып келген, көз тартар сәнділігімен, үздік орындау шеберлігімен ерекше көзге түседі. Елге шыққан іздестіру экспедициялары кезінде халқымыздың ұлттық қолөнерін қастерлейтін, салт-дәстүріміздің құпиясын білер мейірімді қариялар бар екенін анықтадық. Қолөнер шеберлері халық қазынасына қамқор бола білді. Қазірге дейін қолөнер шеберлері туралы бірнеше мақалалар жарық көрген болатын.

            Әрбір азамат жарық дүниеге келген соң шама-шарқына қарай із қалдырады, оған қажыр қайрат, шыдамдылық керек. Сый құрмет қай жерде болса да өздігінен келмейді, ол табандылықтың, маңдай тердің арқасында біртіндеп жиналатын нәрсе. Қолөнер шеберлерінің барлығы  да өміріне серік қолөнерін жастарға үйрету арқылы ел құрметіне бөленген жандар.

             Қолөнер бұйымдары ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани азық әкелген, халық өмірмен бірге жетіліп келе жатқан өнер. Қазақ халқының қолөнерін дамытуға үлес қосқан, оны осы кезге дейін жалғастырып келе жатқан халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттап, ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісінің шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, соларға үйрету игілікті іс болып табылады.

Ақлима Жұмашова,

«Отырар»  мемлекеттік археологиялық

музей-қорығының

 бөлім меңгерушісі, Түркістан облысы, Отырар ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы