Қазақ халқының қолөнері арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмірін көруге болады. Жүннен бұйымдар жасау белгілі бір өнерді, шеберлікті қажет етеді. Қазақ халқының өткен тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың рөлі үлкен болды. Төрт түлік малдың жүнінен текемет басып, сырмақ сырып, тұскиіз жасап, кілем, алаша, шекпен, қоржын, ши тоқыған. Қолөнер бұйымдарының бетіндегі ою-өрнектер қазақ халқының өткен өмірін, тұрмысын табиғат көріністерімен астастыра бейнелейді.
Қазақ халқының қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХІХ ғ. 2-ші жартысы мен ХХ ғасырдың басы болды. Археологиялық қазба жұмыстары барысында жүннен жасалған бұйымдар табылған, мысалы Пазырық қорғанынан б.з.б. V ғ. табылған тұскиіз, кілем, кіші кілемшелерді атауға болады.
Ата-бабаларымыз табиғаттың әр құбылысын, мінезін түсіне білген, ән салуды, ою-өрнекті, қолөнерді табиғаттан тікелей еншілеген. Табиғатта болып жатқан сұлулықты ою-өрнектерге түсіріп, сол ою-өрнек арқылы әсемдікті насихаттағаны белгілі. Жалпы ірі ою-өрнектер сырмақ, кілем, текемет, тұскиіз, алаша т.б. бұйымдар мен сәулет өнерінде кеңінен қолданылған. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Ұлттық археология және этнография мектебінің негізін қалаушы, өнертанушы Ә.Марғұлан былай деп жазады: «Қазақтың ертегі – жырлары сұлу болатыны сияқты, оның ағашқа, матаға, киізге, темірге, сүйекке т.б. затқа түсірген ою үлгілері де сондай өрнекті болған.», – деп.
Әр халық өз қолөнері бұйымдарының ою-өрнегіне өзіне тән із салып, рухани байлығын осы өрнекке төгіп, оюлар арқылы ой айтып, адамның арман тілегін де бейнелеген.
Хас шеберлердің құнды мұралары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырылған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген, қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен қарапайым ел азаматтарының музейге сыйға тартуымен жиналды. Олар тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында сақтаулы.
Қазақ тіршілігінің тірегі болған төрт түлік малдың жүнінен небір асыл бұйымдар жасалған. Сондай бұйымдардың бірі тұскиіз, оны барқыттан, жібектен, шұға т.б. маталардан ойылған өрнектерін жұқа әрі тығыз орналасқан киіз шаршысына жапсырып, қабырғаға кілем орнына ілетін сәнді бұйым. Тұскиіз – іргеден өтетін суықтан сақтану үшін қолданылатын ең кәделі бұйым болған, оны тығыз, жұқа етіп басылған киізден жасаған. Тұскиіздің түрлі матаның бетіне кестелеп ою-өрнектер түсірілген түрі де бар. Қазақстанның әр өңірінде кездесетін тұскиіздің өз ерекшеліктері бар. Тұскиіз бетіне матадан түсті жіптермен кестелеп «жұлдызша», өсімдік тектес, ою-өрнектер түсірілген түрі Орталық Қазақстанда көп кездеседі. Семей өңірінде барқыт, мақта матаның бетіне кестелеп өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген. Көкшетау өңірінде тұскиіздің бетіне шибарқыт матадан ойып «арқар мүйіз», ал шеттеріне «сынық мүйіз» ою-өрнегі түсірілген. Сондай-ақ майда ромб ішіне «төрт құлақ», ал шеттеріне «мүйіз» ою-өрнектерін шибарқытқа жапсырған. Шығыс Қазақстанда мақта мата, помази, драп, т.б. маталардан түсті жіптермен кестелеп шеңбер ішіне, «жұлдызша», «сыңар мүйіз», өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген түрі, тағы бір түрі бетіне түгел майда ромб, келесі түрі бетіне ірі «арқар мүйіз» ою-өрнегін кестелеп түсірілген түрі көп кездеседі. Талдықорғанда мақта мата бетіне түсті жіптермен кестелеп ортасына дөңгелек шеңбер ішіне өсімдік тектес, ал шеттеріне ірі өсімдік ою-өрнектері түсіріліген түрі көп кездеседі. Тұскиіз бетіне «қошқар мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар өкше» өрнегі, шеттеріне «ирек су» өрнегі түсірілген, оны айналдыра «арқар мүйіз» өрнегі түсірілген түрі, сондай-ақ «тармақты» мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Оңтүстік өңірінде тұскиізді ақ немесе қара киізден басып бетіне матадан ойып өрнектер түсіреді де шеті шыт матамен көмкеріледі. Тұскиіздің бетіне ромб ішіне «төрт құлақ» өрнегі түсірілген, шеттеріне «сыңар мүйіз» ал одан жоғары мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Сондай-ақ бетіне алтын, күміс, теңгелер, маржан, меруерт қадалған түрлері де болған. Тұскиіз жасаушы шебер киіздің бетін оюлайтын маталарды өзінің ұнатуынша таңдап алады. Тұскиізге «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз», «сыңар өкше», «тармақты мүйіз», «қоза гүлі» тәрізді ою-өрнектер түсірілген. Ал шетін бір түсті матамен көмкереді. Отырар музей-қорығының қорындағы тұскиіздің мына бір түрі ақ түсті жүннен басылып бетіне «төрт құлақ» ою өрнегі матадан ойылып шетін шыт матамен көмкерген. Ұзындығы – 2 м. 86 см, ені – 1,78 см. Келесі түрі қара түсті жүннен басылып ортасына тұтас «төрт құлақ», шеттеріне «құс тұмсық» ою-өрнегі түсірілген. Ұзындығы – 3 м.29 см, ені – 1 м.58 см. Халық шеберлерінің құнды мұраларын жинастырып, олардың еңбектері туралы деректерді жазып, зерттеу мақсатында музей қызметкерлері бірнеше этнографиялық экспедиция ұйымдастырды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын этнографиялық экспедиция барысында Отырар өңірінде атақты тұскиіз жасайтын шеберлер болғанын анықтадық, атап айтатын болсақ, Бақтиярова Қалыгүл, Әбдіхалықова Несібелі, Бейсенова Тұмаркүл, Әлімқұлова Сәрсенкүл, Қаратаева Қалдықыз, Палмахатқызы Құттығыз, Серікбаева Тұрғанкүл, Рахматуллаева Ақұлтай, Тағаева Жібек, Қаратаева Қалдықыз, Бөрібекова Таңсұлу, Көпесова Шолпан, Жүсіпбек Шолпан, Алимқұл Сәрсенкүл, Арыстанбаева Күлтай, Қалыбекқызы Үржан, Тұрлыбекқызы Үрзада, Оралбаева Бибі, Ақылова Гүлнәр, Қалтаева Гүлсара, Сүлейменова Пердекүл, Түйебақова Қадиша, Рахматуллаева Ақұлтай, Аликулова Ұлбосын, Ишанбаева Тұрсынкүл, Дәрібекқызы Қызжібек, Нұрділдәқызы Қыздарбек. Қолөнер шеберлеріне жасаған еңбектері үшін алғыс айтамыз. Оңтүстік өңірінде тұскиіз жасайтын шеберлер көп болған. Шебер апамыздың бірі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Аққұм елді мекеніннің қолөнер шебері Несібелі Әбдіхалықованың тұскиізін ерекше айтуға болады. Несібелі апа 1942 жылы Түркістан облысы, Киров ауданында дүниеге келген. Зеректігі мен ұқыптылығының арқасында киіз үйдің бау-басқұрынан бастап түкті кілем, тақыр кілем, алаша тоқу, текемет басып сырмақ сыруды Несібелі апа өз анасынан 9 жасынан бастап үйренген. Оны ауыл аймағы түгел таныған шебер қыз атанады. Аталған өнер түрлерін шебер жасай білген ананың есімін бүгінгі таңда жұртшылық мақтанышпен атайды. Шебердің айтуы бойынша бұл өнер түрі күрделі де бейнеті мол сала, үлкен шыдамдылықты төзімділікті қажет етеді. Жасаған бұйымдарына қарап шебердің қиялына таң қаласыз, бояулары бір-біріне үйлесімді, оюлары жатық болып келген, көз тартар сәнділігімен, үздік орындау шеберлігімен ерекше көзге түседі. Оның жасаған еңбегін айтып беруді сұраған еліміздің түкпір-түкпірінен қолөнер бұйымдарын зерттеушілер шын ықыласпен келіп жатады. Халық шеберлерінің айшықты да өрнекті үлгілерімен жасалған туындылары жоғары бағаланып ҚР қолөнер шеберлерінің каталогына енгізілді. Қазақ халқының қолөнер бұйымдарының ішінде жүннен жасалған бүйымдардағы ою-өрнек түрлерінің негізі мүйіз өрнегі болып табылады. Қазақ халқында кілем, алаша тоқу,сырмақ сыру, текемет басу өнері кеңінен тараған бұл өнер түрі ата-бабаларымыздың негізгі мәдени мұрасы болған. Несібелі апаның қолынан шыққан қолөнер бұйымдарындағы басты өрнек ретінде мүйіз өрнегі алыныпты. Өйткені мүйіз өрнегімен бедрелеу көнеден келе жатқан дәстүр. Әрбір ою-өрнектің өзіндік философиялық мәні бар. Несібелінің қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнектерінің өзінен біздің өткен замандарымыздан бай мағлұмат алуға мүмкіндік беретінін байқаймыз. Бұйымдарды тоқу үшін пайдаланатын табиғи қоспалардан дайындалған көне боялардың қанша уақыт өтсе де өз нәрін кетірмегені бізді қуантады. Несібелі апаның айтуы бойынша әсіресе Түркістан облысы, Отырар өңірінде тоқылған кілемдердің сапасы мен түрі түсі өте жоғары бағаланған, өйткені қой жүнінің ең сапалысы, жіңішке жібектей мамық жүннің түрлері өте көп. Қолөнер шеберінің еңбегіне қарап үнемшіл де, ұқыпты болғанын аңғаруға болады. Несібелі апаның жасаған тұскиізі «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей қорығының төрінен орын алды. Музейді бет-бейнесі болып табылатын экспозиция залының этнография бөліміне қойылып көрермендердің жоғары бағасына ие болып келеді.
Қолөнер бұйымдары ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани азық әкелген, халық өмірмен бірге жетіліп келе жатқан өнер. Ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісін, шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйрету бүгінгі таңда игілікті іс болып табылады.
Жұмашова Ақлима Абдуллақызы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі,т.ғ.к.