Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ғимаратының іргетасы 1979 жылғы 9 қазанда қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілді. Міне, содан бастап мәдени-ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде жұмыс істеп келеді. ҚазССР Министрлер Кеңесінің 1979 жылғы 11 мамырдағы шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылды.
Музейге 1982 жылы 22 маусымда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің біріншісі хатшысы Д.А.Қонаев келіп, археологиялық – этнографиялық көрмемен, болашақ экспозицияның жобасымен танысып, қонақтардың пікір кітабына өз қолтаңбасын жазып қалдырды. Осы ретте, ерекше қоса тоқталып өтсек, биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту шараларының тұсында «Фарабитанудың атасы» атанған, қазаққа әл-Фарабиді қайтарған ғұлама-ғалым Ақжан әл-Машанидің есімін құрметпен еске аламыз. Ол кісінің Отырар музейі ашылған уақыттарда музейге жазып қалдырған қолтаңбасы: «Отырар-Фараб қаласының есімі мыңдаған жылдар мағлұм болған, халқымыздың қайырлы мекені болған. Ұлы ғұлама-ғалым-хакім Әбу Насыр әл-Фарабидің ныспысы осы қаланың есіміне байланысты. Бұл құрметті мекенмен байланысты біздің халқымыздың басынан кешкен талай-талай тарихи асулар бар. Соншама бай мұра, қазына, халықтың тарихи-рухани байлығы. Сол қазынаны өшірмей, жоғалтпай есте сақтау, өте зор, ұлы мағыналы нәрсе. Осыған арналған музейдің аса қажетті, құнды нәрсе екені мәлім. Өзінің өткен тарихын құрметтемеген халық ешуақытта құрметті болмақ емес. Осы жағынан алғанда бұл музей халықтық іс деп білеміз. Музейдің тәрбиелік, тәлімдік, фазулаттық мағынасы тереңде жатыр. Сол себепті, біздер, әрқайсымыз осы музейге жәрдем етуді өзіміздің адамдық, азаматтық міндетіміз деп білуіміз керек. Мен өз тарапымнан әл-Фарабидің ғылыми мирастарын зерттеу ісінің басында болғандықтан, осы жөнінде көптеген жәрдемдерді музейге жасаудамын. Осы жөнінде жәрдемдескен бәріне зор рақмет айтамын. Әл-Фарабиге арналған бір ауыз өлеңмен аяқтайық:
Шығыс пенен Батысқа
Ұстаздық еткен данасы.
Есіміңді паш етсем,
Оянар халық санасы.
Рухына дем берер…
Аруақты бабасы…
Профессор, Қазақ Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Ақжан Жақсыбекұлы Машанов. (қолы) 19/ІХ-1985».
Қорық-музей ашылғаннан бері республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар, халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап, сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме болып қызмет істейді. Бүгінгі таңда музейде алты ғылыми-зерттеу бөлімі: қор сақтау; археология; тарихи ескерткіштерді қорғау; этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар; реставрация және консервация; экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлімдері мен кітапхана жұмыс істейді. Қорық-музей ашылған жылдары қорында 2000 жәдігер болса, қазіргі таңда олардың саны 24000-нан асты. Музейдегі әр жәдігер халқымыздың өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер береді. Олар әр заманнан бүгінгі бізге жоғалмай жеткен адамзат тіршілігінің іздері.
Көне тарих пен бүгінгімізді жадымызға сақтап отыратын сан-салалы жәдігерлердің иесі музейлердің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Ол жеке адамдардың еңбегімен басталып, олардың әсері арқылы қоғамның, елдің тағдырымен ұштасып жатады. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз тарих жылнамасына таңбадай басылып тіркелуде. Келешегі кемел «Мәңгілік елге» айналар қазақстандық әрбір азаматтың ой-өрісі кеңейіп, ізгілікті іс-қимылы заман талабына сай ілгерілей отырып, өркениетке бағытталған тынымсыз тіршілік жылдары ретінде өтіп жатқанына куә болып келеміз. Осындай киелі қара шаңырақта еліміз үшін жасап жатқан еңбегіміздің табысы еселене берсін. Бабалардан қалған асыл мұраларымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа аманаттау біздің басты міндетіміз екендігін ұмытпауымыз керек.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайы 1979 жылы 11 мамырда Қазақ КСО Министрлер Кеңесі шешімімен ұйымдастырылған. Оның түп бейнесі Тимур станциясы мектебіндегі 1967 жылы 17 мамырда суретші және тарихшы Асантай Әлімовпен құрылған кішігір мұражай болып табылады. 1975 – 76 жылдардан бергі кезеңде мұражай облыстық тарихи – өлкетану мұражайының аудандық филиалы саналып келген. Мұражайдың қазіргі заманғы ғимаратының негізі 1979 жылы қаланған және 1982 жылы мұражай келушілерге есігін айқара ашты. Отырар мұражайы басты ғылыми – зерттеушілік орталық және 200 жылдам астам уақыт бойы аймақтың экономикалық және сауда орталығының маңызына айналған ежелгі Отырар қаласы тарихының бірегей ескерткіштерінің қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық құнды заттардың қоймасы болып табылады.
Қорық – мұражай жалпы аумағы 3048,5 кв.метр территорияны алып жатыр. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайының құрамына 4 Республикалық маңызды археологиялық ескерткіштер, 216 жергілікті маңызды археологиялық ескерткіштер кіреді. Бұған Отырар оазисінің ежелгі қалалары жатады: Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Арыстан баб кесенесі мен басқа да тарихи ескерткіштер.
Мұражай экспозициясы екі бөлімнен тұрады: археологиялық және этнографиялық. Археологиялық залдағы ең ескі көрме қоймаларына қола дәуіріне жататын экспонаттар жатады. Негізінен бұл Отырар қаласы, Көкмардан ескі қаласы мен қорымының қазба жұмыстары кезінде табылған балшық ыдыстар мен басқа да үй шаруасының керек – жарақтары. Жануарлардың бейнелері түрінде, әсіресе көбінесе қой, ит, жылқы бейнесінде жасалған тұмарлар қызықты экспонаттардың біріне жатады. Залдағы экспонаттардың ішінде жер шаруашылығы мен көшпелі мал шаруашылығының дамығандығынан хабар беретін еңбек құралдарының қалдықтары көптеп кездеседі. Көрмеде керамикадан жасалған бұйымдардың кең түрі көрерменге ұсынылған. Олардың көбісі реставраторлар қолынан қайта қалпына келтірілген. Ғасырлар билігіне мойынсұнбаған материалдардың түсі мен мықтылығы таң қалдырмай қоймайды. Суды және тамақ өнімдерін сақтау мен тасымалдауға арналған ыдыстар тобынан құмандарды атап кетуге болады. Керамикадан жасалған ыдыстардың ішінен шырағдандар, біздің заманымызға дейінгі 11 – 12 ғасырларға жататын дастархандар, құмған, шелектер ерекше көзге түседі. Сонымен қатар бұлармен қатарлас балшықтан жасалған ыдыс – аяқтар, мешіт қабырғаларын қаптауға және қоғамдық моншалар едендерін жабуға пайдаланылатын тақтайшалар да бар. Қала инфрақұрылымының жоғары даму деңгейін сутартқыш жүйе фрагменттерінен де көруге болады.
Отырар дамуының кейінгі кезеңі ХVІІ ғасырға керамика, нәзік фарфордан жасалған ыдыстар, темір еңбек құралдары, алтын, күміс және жезді тиындар, бидай мен мақта қалдықтары, кескінделген ағаш панельдер, кірпіштер мен күйдірілген сары балшықтан қапталған тақтайшалар жатады.
Этнографиялық бөлімде жергілікті халықтардан жинастырылған ХІХ – ХХ ғасырларға жататын экспонаттар ұсынылады, оларға тұрмыс заттары, зергерлік бұйымдар, музыкалық саймандар, көшпелі мал шаруашылығы, жер шаруашылығы, балық ісі, аң аулаушылықпен байланысты еңбек құралдары жатады. Бұл жерде халықтың рухани мәдениеті мен киіз үй жабдықтарымен өте тығыз байланыстағы қыран аулаушылық заттары да бар. Құнды көрме қоймаларына сүйектен жасалған әшекей бұйымдар, алтындалған күміс белбеу, зергерлік бұйымдар – сырға, жүзік, шолпы жатады. Олар көрмеге ерекше бейне береді.
Сонымен қатар мұражайда Әбу Насыр әл – Фарабидің кітапханасы да ұйымдастырылған. Оның қорында 3 мыңнан астам басылым, әл – Фараби мен оның шәкірттерінің еңбектері сақталуда.
Мұражай ғылыми жұмыспен белсенді айналысады. 2001 жылы Жапониямен ынтымақтаса отырып, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайы Республикалық ғылыми – зерттеу институтымен бірге ежелгі Тараз ескерткіштерін қайта қалпына келтіру мен бұзылудан қорғау жұмыстарына қатысты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Ежелгі Отырардың қайта жаңғыруы» бағдарламасы бойынша жұмыстар кеңейтілді. Сырдария жағалауларында зерттеулер жүргізілді, сол жұмыстың барысында 300- дей бұрын танылмаған тарихи ескерткіштер анықталды. XIV ғасырдың шығыс моншасы қайта қалпына келтірілді. Өткен жылы Отырарда қаланың шығыс қақпаларына қазу жұмыстары жүргізілді.
