ТҮРКІСТАН: ӨҢІРІМІЗ ЕЛ ІШІНДЕ ЕҢ КӨП ТУРИСТЕР БОЙЫНША ТОП-3 БАҒЫТҚА КІРЕДІ

222 көрілім

Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің, халықаралық деңгейдегі сарапшылардың басын біріктірген TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлер, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысуда.

Форумның пленарлық сессиясына Еуразиядағы BBC Global News басшысы Сергей Становкин модераторлық етіп, бағдарламаны таныстырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытудың маңызды аспектілері, стратегиялық маңызды салалары, оның ішінде туризм, инвестиция және экономика бағыттары туралы баяндама жасады.

– Бұл форум – біздің аймақтың болашағы мен толық өркендеуіне бағытталған идеялар, стратегиялар және жоспарлар алмасу үшін тамаша алаң. Туризм, инвестиция және экономика біздің аймақтың болашағын анықтайтын стратегиялық маңызды салалар болып саналады. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы ғана емес, экономиканың түрлі салаларында да жобаларды іске асыру үшін кең инвестициялық мүмкіндіктер ұсынады. Халық тығыз орналасқандықтан, аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Облыста 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 70 мыңнан астам шаруа және фермер қожалығы бар. Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қолайлы климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірде «TURAN» көпфункционалды арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтар инвесторларға қолдау көрсетуге дайын. Бүгінгі іс-шара облысымыздың экономикалық және инвестициялық дамуына жаңа серпін береді деп сенемін, – деген облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Соңғы бес жылда Түркістан өңіріне инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 2018 жылдан бастап облысқа шамамен 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестициялар бағытталды.

Қаржыландырудың басым бөлігі – жеке инвесторлар есебінен жүзеге асуда. Мәселен, 2023 жылы 437,7 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5951 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта өңірдің қоржынында 2023-2026 жылдарға арналған 7 млрд. АҚШ долл. көлемінде және 16 мың жаңа жұмыс орнының құрылуымен 194-ке жуық инвестициялық жоба бар.

TIF’23 – ол бизнесті дамытуды ынталандыруға, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлемнің экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне айналдыруға, сондай-ақ жаһандық корпорацияларды, ритейл саудагерлерді стратегиялық нарыққа біріктіруге бағытталған жетекші халықаралық іс-шара. Форумда бірнеше сала бойынша пленарлық сессиялар өткізіліп, маңызды келісімдер жасалады.

Айта кетейік, форумды Түркі Мемлекеттері Ұйымы, Түркістан облысы әкімдігі, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығы, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС, «Turkistan Invest» ЖШС ұйымдастырып отыр.

Форум алдында инвесторлар мен кәсіпкерлер Түркістан облысындағы өнеркәсіптік алаңдарды аралады. Ол жерде Түркістан облысында ашылған өндіріс орындары таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтылады.

Түркістан облысы біркүндік келушілер арасында ТОП-3 бағытқа кіреді. Одан бөлек сауалнама нәтижелері тағы да қайтып келгісі келетін ТОП-5 бағыттың қатарына енгенін көрсетті. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, ел ішінде ең көп саяхаттайтын аймақ ретінде Түркістан өңірі көш бастап, Алматы облысы мен Астана қаласын артта қалдырған. Бұл туралы бүгін TIF’2023 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы аясында өткен салалық сессияда айтылды.

Туризм индустриясын дамыту жөніндегі панельдік сессияға алыс-жақын шетелден келген спикерлер баяндама жасап, талдауларын ұсынды. Саладағы тәжірибелі тұлғалар мен сарапшылар Қазақстандағы туризмді жан-жақты ілгерілету тәсілдерін талқылады. Сессияның модерторы әрі спикері DARS Consulting (Ұлыбритания) компаниясының директоры, Еуразиядағы BBC Global News коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин «Аймақтың туристік бренді» тақырыбында сөз қозғады. Контент пен коммуникацияның сапасы, әлеуметтік желімен жұмыс, жарнама жасау бойынша анализ жасалған презентациясын таныстырды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, жоспарлармен бөлісті.

– Түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қазақ хандығының 200 жылдай астанасы болған Түркістанның тарихы 1500 жылдан астам уақытты қамтиды. Ал өңір экономикасындағы басым бағыттың бірі туризм саласы болып айқындалған. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының кеңесуімен Түркістан қаласы – 2024 жылы Түркі мемлекеттерінің туристік астанасы атанды. Бүгінгі мемлекеттік ұйымдардың, туристік қауымдастық өкілдерін, әлеуетті инвесторларды басын біріктірген туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен келісімдер Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан туризм орталығына айналады деп сенемін, – деді Бейсен Дәулетұлы.

«Kazakh Tourism» ҰҚ Басқарушы директоры Даниел Сержанұлы «Туризмдегі коммуникация» тақырыбында пікір білдірді. Саланың мықты және әлсіз жақтарын талдау, мақсатты нарықтардың қолжетімділігі, Орталық Азиядағы тренд, туристік ағындардың алмасуы, әлемдегі жоғары бәсекелестік, елдер арасындағы логистиканың төмендігі, бірыңғай саясаттың болмауы туралы айтты. Спикердің айтуында киелі Түркістан өлкесінің танымалдылығы – Ұлы Жібек жолы турмаршруты негізінде артып келеді. Бұл тұста әлемдік тәжірибені бейімдеу, туристерді қабылдау жүйесін құру, бірыңғай навигация жүйесі, турмаршрут сертификаты, цифрландыру мен геймификация қызметтерін қолға алу қажет.

Сессия барысында YDA Group бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Ахмет Хамди Гювенч, Халықаралық туризм және меймандостық университеті Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қарлығаш Аралбекова, кәсіпкер әрі инфлюенсер Омар Сабина, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Freedom Finance Global» талдаушысы, салалық зерттеулердің авторы Аңсар Әбуев, «Silk Road» жобасының жетекшісі Айнаш Ерімбетова туристік нарықтың зерттелуі, инфрақұрылым, көлік қатынасы, оқиғалық туризм, қазіргі сын қатерлер мен мүмкіндіктер, кадрлар даярлау жайында пікірлерін ортаға салды. Сессия спикерлер мен қатысушылар арасындағы талқылаумен қорытындыланды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы