- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Көне тарих пен бүгінімізді жадымызға сақтап отыратын, көп салалы жәдігерлердің иесі музейлердің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Музей- адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден –бір орын. Бұл киелі де қасиетті орын алғашқыда өнер туындыларын сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасып, уақыт өте келе әдістемелік қызметі жетілген көп салалы ғылыми зерттеу мекемесіне дейінгі дәрежеге көтерілді.
Көне жәдігерлер қоймасы туралы көрнекті әдебиетші, ғалым Қ.Ергөбек «Түркістан жинағы» атты кітабында: «Музей-тарих, музей-шежіре. Музей-білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы- мұражай. Мәдениетті елдерде әрбір музейдің тарихы жазылып қатталады. Тіпті әрбір музейдің кезеңімен алмасып, жаңарып тұрар-экспозициясының тарихы шежіреленеді» деген болатын. Жалпы, музей еліміздің кірер есігі,қара шаңырағы болса, сондай қара шаңырақ музейлердің бірі- Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің құрылғанына биылғы жылы 35 жыл толуда.
Көне жәдігерлер мекені- Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің босағасынан аттаған қарапайым адамнан бастап, лауазымды тұлғалар болсын, мемлекет басшылары немесе шетелдік қонақтар елдің, халықтың бай құнарлы мәдениеті жөнінде түсінік алады. Музей тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес.Ең алдымен, жоғарыда айтқанымыздай,ол –ұлттық ғылыми зерттеу мекемесі. Себебі, мұнда атқарылатын жұмыстардың көпшілігі-ғылыми- зерттеу еңбектерінің түрлі көрністері. Мысалы, музейге бір жәдігер келді делік, оны есепке алу қажет, камералық өңдеуден өткізіп,тегін анықтап, этникалық парқын айғақтаймыз, осының бәрі «атрибуция» деп аталады. Одан кейін жәдігердің төл құжаты жасалып, тақырыптық каталогтаудан өтеді. Міне, нағыз ғылым осы. Зерттеп, зерделенген жұмыстар кітап түрінде көпшілікке ұсынылады. Өркениетті елдерде музейге, мәдениетке деген жалпы халықтық көзқарас айрықша. Сондықтан біз қазақ мәдениетін әлемге таныту үшін, алдымен, өз елімізде мәдениетке, рухани құндылықтарға деген құрмет пен білімді жоғарылатып, ғылыми негіздерге сүйеніп, жіті зерттеуге тырысамыз. Ғылыми зерттеу және жинастыру жұмыстарының нәтижесінде жинақталған осы жәдігерлерді жүйелеу ұлт тарихының қымбат жәдігері ретінде көпшілік назарына ұсыну музей қызметкерлерінің міндеті. Музейге келіп кетіп жатқан қонақтардың бірі білсе бірі біле бермейтін сол жұмыстардың бірі қор жұмысы Музей қорының басты байлығы, құндылықтары оның жәдігерлері болып табылады. Жәдігерсіз музей ашылмайды. Музей ашу үшін бірінші орын қажет болса, екінші тақырыптық экспозициялық жоспар құру қажет. Ал ТЭЖ жасау үшін жәдігерлер мен мұражай қоры құндылықтары қажет. Сондықтан, музейдің негізі құндылығы- жәдігерлері , яғни мұражай қоры болып табылады. Біздің музей қорына негізінен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлермен қатар, ата бабаларымыздан мұра болып қалған халқымыздың қолөнері мен салт дәстүрін әдет ғұрпын дәріптейтін жәдігерлер қабылданады. Ұлт тарихын насихаттауда әсіресе, этнографиялық жәдігерлердің алатын орны ерекше. Этнографиялық жәдігерлер халқымыздың салт дәстүрлерінен, әдет ғұрыптарынан, тыныс тіршілігінен, мәдениетінен, мол мағлұмат береді. Музей қорының этнография бөлімінде ХҮІІІ- ХХ ғ.ғ. дейінгі кезеңді қамтитын қазақтың қолөнер қазыналарының небір тамаша үлгілері сақталуда. Бұл бөлімге жататын қазақтың қолөнер туындыларынан, сан түрлі, оюлар түсіріліп, жүннен жасалған (текемет, кілем,сырмақ, тұскиіз) т.б бұйымдар, ағаштан теріден жасалған ыдыс аяқтар мен үй жиһаздары, құмандар мен самаурындар, әсіресе, тек күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың бірін- бірі қайталамайтын бірнеше түрлері кездеседі. Егер барымызды бағалай білсек, бізде басқаға танытарлық байлығымыз жетерлік. Рухани байлыққа баға жетпейді.
Ал, қандай да бір жағдайда табылған зат музейлік жәдігерге айналу үшін біраз сатыдан өту керек. Ең бірінші зат туралы деректер, яғни не үшін пайдаланғаны табиғаттағы немесе қоғамдағы ортасы, адамдармен, не болмаса басқа заттармен байланыстары анықталып, есепке алынады. Алғашқы нақты ғылыми жұмыстар жүргізілгеннен кейін барып, мұражайлық зат ретінде танылады. Біздің мұражайдағы жәдігерлер негізінен ел арасынан экспедиция нәтижесінде табылған, көпшіліктің өздері алып келген этнографиялық заттарды сатып алу арқылы қорды толықтыруда. Қор комиссиясы қорда жоқ , қажетті, сирек кездесетін дүниелерді сатып алып отырады.
Тарихи құндылықтардың көзіне айналған баға жетпес рухани байлықтың отаны -Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында жалпы саны 23650-ден астам жәдігерлер жинақталған. Музей бүгінгі таңда жас ұрпаққа құнды мұралар мен тарихи ескерткіштер арқылы тәрбие мен білім беруге арналған киелі орын екендігін және соңғы жылдарда тарихи маңызы бар жұмыстарды атқарғанын айта кеткеніміз жөн. Себебі, тұтас бір ұлттың рухани келбетін – оның мәдениетін, өнерін, тарихи мұраларын, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеумен насихаттап, дәріптеуде музей қызметкерлерінің де тарих беттерінен алатын орны ерекше. Заманымыз жаңғырып, салт-дәстүрімізге елеулі өзгерістер ене бастады, оны жасаушы шебелердің де саны да сиреп бара жатыр. Қолөнер бұйымдарының сапасын арттыру бүгінгі күнгі игілікті іс болмақ, осы негізде біздер бірнеше этнографиялық экпедиция ұйымдастырдық. Осындай іс-сапарларда ел арасында күні бүгінге дейін сақталып келген тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері- құнды жәдігерлер өте көп екендігіне көз жеткіздік. Нақтылап айтар болсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша, соңғы екі-үш жылда, бөлім қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс, Шардара, Ордабасы, Бәйдібек Созақ аудандарында “Тәуелсіз елдегі өресі биік, өрісі кең өнер”, “Киелі мұрамызға тағзым”, «Ұлттық қолөнер – ұлт мұрасы» атты тақырыптарда этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, осының нәтижесінде музей қоры ел арасынан 140- тан астам құнды жәдігермен толықтырылды. Сонымен қатар, халық шеберлерінің асыл мұраларын сақтап, қазіргі заманға алып келуші өнер иелерінің еңбектерін зерттеп, жүннен, ағаштан жасалған және зергерлік бұйымдар туралы бірнеше деректер жазылып алынып, 30-дан аса қолөнер шеберлері анықталды.
Музей қашанда өз заманына қызмет етуге тиісті. Музей экспозициясына жаңа ғасырда музей құрылымына жаңаша көзқарас қалыптастырып, музей қорын, халқымыздың әлі де болса, талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, ел арасындағы қас шеберлерідің қолөнер туындыларын жинақтап, өз дәрежесінде ел игілігіне пайдалану, әлемдік деңгейдегі музейлер қатарына көтеру- біздің басты мақсатымыз.
Қ. Кемелова,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері