ТҮРКІСТАН: КЕСЕНЕ СӘНІ БОЛҒАН ШЫРАҒДАН ҚАЙДА?

226 көрілім

     Жасыратыны жоқ, халқымыздың бейқамдығынан, бір жағынан келмеске кеткен  Кеңес Одағы тұсындағы атейстік саясаттың салдарынан көптеген құнды жәдігерлерімізден көз жазып қалдық.

Ең  құнды жәдігер деп Әмір Темір кесенеге сыйға тартқан тайқазан  мен алты шырағданды айтамыз. Бұлардың да тағдыры әбден талқыға түсіп бүгіндері Ресей мен Францияға дейін жеткендері бар. Үш үлкен, үш кіші шырағдандардан бүгіндері кесенеде бір үлкен, екі кіші шырағдан ғана сақталған. Бір үлкен шырағданның үстіңгі бөлігі 1905 жылы 11 ақпанда ұрланып, бес жылдан соң Франциядан табылды. Сол жылы Археологиялық комиссияға үсті ұрланған шырағданның төменгі бөлігі салыстырылып көру үшін жіберіледі де Эрмитажда қалып қояды.

Франциядағы үстіңгі бөлігі Жорж Марто (1-сурет) деген коллекционердің қолында болған, ол қайтыс болған соң өз өсиеті бойынша 1916 жылы Луврға 7079, 7080 нөмірлермен өткізілген. Шырағдан бір-біріне киілетін үш бөліктен тұрады, сондықтан, екі нөмірмен үстіңгі екі бөлігі белгіленген. Астыңғы үшінші бөлігі Қабірхана бөлмесінің еденіне бекітіліп тасталғандықтан ұрылар алып кете алмай қалып қойған. Бірақ, бұл да 1910 жылы Санкт-Петербургқа Франциядан алынған фотосуретімен салыстыру үшін жіберіледі. Тарихи отанына қайтпай қалған бұл жәдігер қазіргі кезде Эрмитажда сақтаулы.

Иран өнері мен архитектурасы, тарихы мен мәдениеті, діні мен әдебиеті ертеден-ақ әлем ғалымдарының қызығушылығын туғызып келгені мәлім. 1935 жылы 11-16 қыркүйек аралығында «Иран өнері мен археологиясы» тақырыбымен үшінші халықаралық Конгресс Ленинградта Эрмитаж театрында жұмыс істеп, 18 қыркүйекте СССР Халық комиссарлары Советінің төрағасы В.М. Молотовтың Конгресс делегаттарын Москвада қабылдауымен аяқталды. Мұнан бұрынғы 1926 жылы Филадельфия, 1931 жылы Лондон Конгрестері де Иран әдебиеті, өнері, тарихы мен архитектурасына арналған болатын, ал, үшінші Ленинград Конгресінің өтуіне Эрмитажда жинақталған Иран өнері мен археология табыстары ықпал етті. Сонау І Петр заманынан бастап, онан соң Екатерина ІІ мен ХІХ ғ. Ресей императорлары тұсында жүргізілген саясат барысында Эрмитажға Иран өнеріне қатысты өте көп құнды заттар жинақталған болатын. Мұндай саясатты Кеңес үкіметі де қолдағанын осы Конгреске арналып ашылған, Эрмитаждың 83 залына орналасқан орасан көп көрме эспонаттарынан-ақ байқаймыз. 1931 жылы екінші Конгрестен соң-ақ бүкіл Орта Азия, Қазақстан мен Кауказ республикаларындағы Иран өнеріне қатысты жәдігерлер есепке алынып, 1934 жылғы қаңтарынан бастап Ленинградқа тасыла бастады. Әзірет Сұлтан кесенесінен тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағдан алып кетілді. Конгресте бұл жәдігерлер жайлы А.Ю. Якубовскийдің «Темір тұсындағы Иран шеберлері Орта Азияда» атты баяндамасында айтылды. Мұнан басқа да 16 елден келген 170 ғалым жасаған баяндамаларында өз зерттеулерінің нәтижелері жайлы әңгімеледі. Эрмитаж директоры И.А. Орбелидің Қазақ АССР-і үкіметіне жіберген жеделхатында бұл жәдігерлер «… уақытша, көрмеге қою үшін» алынады делінген. Осы құжаттың 1989 жылы Тайқазанның қайтарылуына көп жәрдемі тиді. Өкінішке орай, сол шырағдандар  Эрмитажда қалып қойды.

  Әзірет Сұлтан кесенесінен алып кетілген, қолды болған, жоғалған немесе кесене тарихына қатысты  заттардың жалпы саны 40-тан асып кетеді. Ал, құлпы тастарды қоссаң 60-тан асады. Мұның барлығын тауып, кері қайтару мүмкін емес сияқты. Алайда, ең болмаса, көшірмесін, фотосуреттерін, муляждарын жасату, осы бағытта жоспарлы түрде әрекет етуді бастау біздің азаматтық, адамдық борышымыз.

Ғаламторда тарих пен мә­де­ниет ескерткіштері қорғалған аумақ­тарда адамның қолымен жасалған өрескел істер туралы де­ректер көп­теп кездеседі. Кез­дейсоқ біреулер әртүрлі құнды­лықтарды табу үшін көне қала­шықтарды қопарып жатады. Егер алтын немесе күміс мәнеттер «қарақазушылар» үшін тез ақша табудың көзі болса, ал кәсіби археологтар үшін ол – өте маңызды ақпарат. Атап айтқанда, ол ақша­лар қай монет сарайында жасалды, сол бір тарихи кезеңде кім билік жүргізді, сол не өзге мәнет­терде қандай нышандар көрініс тапқан? Осы сұрақтардың жауабын, шынымен де, баға жетпес құнды металдардың дөңгелек беті­нен табуға болады. Ал орта­ғасырлық әшекей бұйымдарынан біздің зергер ата-бабаларымыз­дың шеберлігін байқауға болар еді. Сақталған қыш ыдыстарына қарап, ежелгі Шығыс немесе Ба­тыстың түрлі өңірлерімен көпте­ген сауда байланыстары болғанын сезінер едік. Бүкіл республика бойынша кезіп жүрген, қазіргі заманғы металл іздегішпен қару­ланған қазына іздеушілер отан­дық тарих ғылы­мына орасан зор зардабын тигізуде. Сондықтан бұл көкейкесті мәсе­лені заңнама­лық деңгейде өте жедел шешу қажет.

Осыны ескере отырып, екі мәселеге ерекше көңіл аудару қажет деп санаймын. Бірінші – ескерткіш­терді қорғау жөніндегі жергілікті «орталықтар» жұмыс­та­­рының дең­гейі мен сапасы. Егерде объективті түрде қарасақ, облыс­тар бойынша олардың көпшілігі жұ­мыс істемейді немесе мін­деттерін өз деңгейінде ат­қармай­ды. Бұл мекемелер өз қызметі барысында археолог мамандармен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, біздің баға жетпес қазы­наларымызды қор­­ғауды қамта­масыз етуі тиіс. Екін­ші мәселе – тарихи-мәдени мұра­ларды зерделеу және сақтау істе­рінің заң­намалық жағы. Оның ішінде археологиялық зерттеу­лерді лицензиялау мәселесі өте қысқа мерзімде реттелуі қажет. Осы орайда, «Археология туралы» жаңа Заңды уақтылы әзірлеу аса ма­ңызды және тиімді болар еді.

Айта кету керек, тарихи-мә­дени құндылықтарды қорғау және ұқыпты пайдалануға қатысты мем­лекеттік реттеу мәселелері Қа­зақ­стан Республикасындағы ба­­сым­дық берілген міндеттердің бірі еке­ні анық. Материалдық мұра объек­тілерінің сақталуын, ғылыми және мәдени пайдаланылуын қамтама­сыз ету мемлекеттің өзіндік мәде­ни-ұлттық ерекшелі­гін дамытуға жағдай жасайды, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайын­да қоғамның тұ­рақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тарихи, археоло­гия­лық, сәулеттік және мәдени ескерт­кіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандық­тан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отыр­ған күр­делі экологиялық, ан­тропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағ­дайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәде­ни ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағ­дайда тұрған ескерткіштерді анық­­­тау және зерттеу арнайы ар­хеоло­гиялық зерттеу әдістерін қол­да­нуды, әртүрлі ғылым мен білім жү­йелерін бір арнаға то­ғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Бар­лау-іздестіру жұ­мыстарына нано­тех­нологиялық және инновация­лық әдістер қол­дану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және, әрине, ма­мандардың кә­сі­би­лігіне тікелей байланысты болмақ.

Шығыс данышпандары ең терең құдық та кеуіп қалатынын, ең қатты тас та үгітіліп құм мен шаңға айналатынын айтып кеткен. Жер бетінде мәңгілік ештеңе жоқ. Тек тарих мәңгілік болуы керек!

Қазақта қариялар жастарға «шырағың сөнбесін, қарағым!» деп бата беріп жатады. Ақсақалдың бата беруі жай ғана жол сілтеу  емес, жастың ісін жан-жақты қолдап, қуаттайтындығын  білдіреді. Ендеше, құрметті қауым, жас достар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен көз жазып қалған аса құнды жәдігерлерімізді Түркістанға жеткізіп, тұғырына қондыратын кез келді. 

Сіздерді Түркі дүниесінің төл қазынасын түгендеуге атсалысуға шақырамыз. Аталар аманатына адал болайық!

       Марат Тұяқбаев – «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының қызметкері, археолог

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы