«ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ» ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНУДА

264 көрілім

Естеріңізде болса мемлекет басшысы 2021 жылғы 21 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Түркістан облысының әкімдігі, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Түркістан қаласында «Достық үйін» салу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы міндет бүгінгі таңда іске асып жатыр. Атап айтсақ, сәрсенбінің сәтті күні Түркістан қаласында «Достық үйі» ғимаратының алғашқы кірпішін қалау рәсімі өтті. Шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері қатысты.

Елуден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатқан облысымызда 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Олар мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде. Енді осы мақсаттағы жұмыстарды жандандырудың нақты бір көріні осы «Достық үйінің» құрылысы деуге толықтай негіз бар.

Игілікті істің басына келген өңір басшысы Дархан Сатыбалды өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесі «Достық үйі» – бұл біздің қоғамда орныққан үйлесім мен берік бейбітшілікті бейнелейтін символдық нышан. Елдің бірлігін бекемдеу жолында аянбай қызмет еткен әйгілі Күлтегін бабамыздың «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген сөзі бар. Бірлік пен ынтымақ әрқашанда мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысайық», – деп жұртшылыққа лебізін білдірді.

Бұдан соң, облыс әкімі «Достық үйі» ғимаратының іргетасына алғашқы кірпішті қалап, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды.

Мердігер компания «INTEGRA CONSTRUKTION KZ» ЖШС өкілі құрылыс барысымен таныстырды. Атап айтсақ, Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында «Достық үйі» ғимаратына 1391,29 м² жер телімі бөлінген. «Mataibekov architects» ЖШС жалпы алаңы 3912,29 м² болатын 4 қабатты ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеген. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылғы қараша айында аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда ғимарат іргетасының алғашқы бөлігі құйылуда. Алдағы уақытта құрылыс жүргізу барысында мердігер мекемемен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу мен қажетті экспонаттарды қою мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.

Сонымен бірге, жиын барысында Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Райымжан Қошқаров сөз сөйлесе, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бата беріп, «бірлігіміз нығайып, берекеміз арта берсін» деген тілегін жеткізді.

«Түркістан-ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы