ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

1  132 көрілім

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық пен кеңпейілділік. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ұлы қасиет. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. «Армандар орындалады» – бабалар дәстүрінің жалғасы ретінде қоғамға өлшеусіз үлес қосып жатқан жоба. Әуелде қала ішінде басталған «Армандар орындалады» жобасы облыс көлемінде жалғасын тауып, Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларынан келген ерекше балалардың қатысуымен өтті. Жоба авторы Әсел Бимырзаеваның айтуынша, 15-ші рет ұйымдастырылған жоба барысында 255 баланың арман-тілегі орындалды. Атаулы жоба аясында ерекше балалардың жарқын сәттері «Сен ерекшесің» фотокөрмесіне қойылды. Фотокөрмеде Самат Мырзалиев, Нахып Шынтемиров, Алтынбек Қартабай секілді өңірге белгілі фотографтардың еңбектері ұсынылды.

– Фотосессияның ерекше балаға берері мол. Мамандармен бірге ерекше күтімді қажет ететін баланы фотоға түсіру арқылы психологиялық комплекстен арылтып, айналамен байланыс орнатуға жағдай жасауды, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат еттік. Бір уақытта бірнеше маман жұмыс жасау арқылы баламен коммуникативтік байланыс орнайды. Баланың қызығушылығы да арта бастайды. «Жаңбырменен жер көгерер, алғыспенен ел көгерер» демекші, дүниеде ел алғысына бөленуден артық сый жоқ! Маған балалардың қуанғанынан басқа ештеңе керек емес, – дейді Әсел Бимырзаева.

Жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенова қатысып, бүлдіршіндерге қала әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтарын табыстады. Өзгеше шарада қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге өнерлі балалар да әуезді ән шырқап, салтанатты кештің көркін қыздырды.

Жиын соңында балалар жанашыры Әсел Бимырзаева келушілерге жылы лебізін айтып, жобаның жүйелі жалғасатынын жеткізді.

Қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болып, жан жадыратар жылы сөз, жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсетіп жүрген жомарт жандар қатары көбейе берсе екен дейміз.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы