ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮР САЛТАНАТ ҚҰРҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА

512 көрілім

Биыл қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасына  10 жыл толып отыр. Айтулы дата Түркістан төрінде «Ата баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында «Әжелер – ұлт ұйытқысы» тақырыбында кеңінен аталып өтті.

Жиынға Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева,  облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов және қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен тұрғындары қатысты.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген шараның бастауы кесене алдынан қонақтарды күтіп алумен басталды. Қаз-қатар тізілген әжелеріміз ұлттық тағамдарды меймандарға ұсынса, халық әндерінен шашу шашылып, “Яссы” би ансамблі қазақ биімен кесене аспанын әлдилесе, жаршылар Түркістанда әжелер тойы басталғанын ат үстінде хабарлап, көпшіліктен сүйінші сұрады. Қазақтың жеті қазынасы қыран бүркіт пен құмай тазысы, батырларымыз шараның шырайын келтірді.

Фараб кітапханасында өткен әжелер форумы келушілерді ерекше сезімге бөледі. Кітапхана кіреберісіндегі үлкен файеде салт-дәстүрлерімізден, оның ішінде бесікке салу, бауырынан табақ жүргізу, тұсау кесер, тоқымқағар, ертегі айту сынды әдет-ғұрыптан үзінділер көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, ауылдың алты ауызынан бастаған    әжелер ұлттық әндерімізді әуелете шырқады. Сонымен қатар, ынтымағы ұйысқан әжелеріміздің немерелеріне ертегі айтып отырғандары көпті сүйсіндірді. Сондай-ақ, әжелеріміз күбі пісіп, қолдан жапқан наны мен сары майынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің құнды дүниелері кеңінен таныстырылды. Өзбек этно-мәдени орталығының “Келін сәлем” рәсімі де көпшілік назарына ұсынылды. Әжелердің әжесі Ырыс апа кілем тоқу, кимешек кию әдебіне қатысты шеберлік сағаттарын өткізді.

Түркістанның мақтанышы Қасымхан Исахан “Түркістан” атты туындыны таңдай қақтырып оқып берсе, айтыскер ақын, талай додаларда топ жарып жүрген Тұрар Тілеулиев арнауымен көпшіліктің ықыласына бөленді.

Сахна шымылдығы “Гүл мекенім Түркістан” әнімен ашылды. Көгілдір экраннан Әжелер алқасының 10 жыл көлемінде атқарған ілкімді істері таныстырылған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. “Асыл әжем” әнімен сахнаға шыққан әншілер әжелерді ортаға алып, әуезді әнді арнады. Құшақтары гүлге, көңілдері нұрға толған әжелеріміз сахнаның ажарын аша түсті. “Яссы” би ансамблінің “Қыз ғұмыры”, “Ақбаян” атты билері әйел, ана табиғатының нәзіктігін барынша көрсеткендей. “Елге сәлем”, “Ел аман болсын” әндері шырқалып, бейбіт елдің ақ жаулықты әжелеріне құрмет көрсетілді.

Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында ежелден дәріптеліп, бүгінде ұмыт болған қызды оң босағаға шығару дәстүрі көрсетілді.

Ата-салтымызда қызы он екіге толғанда ата-анасы киіз үйдің оң босағасынан орын беріп, оның көрпе төсегін көлегейлеп, шымылдық ілген ғой. Оң босағаға отырғызу тойы қызбаланың он екі жасында аталады. Алғашқы мүшел жас 12 жаста аталатыны мәлім. Бұрынғы бабалар «қоғамдық енді осы үйлесімділік пен қарым-қатынас жарасымдығының негізгі ұйытқысы – қыз деп қарап, «Оң босағаға шығару тойын» атап өткен.

Міне осы салт-дәстүрді жаңғыртқан жеңгелері он екі жастан асқан қызға  бойын түзеу үшін қос етек көйлек кигізді, жүрісі мен тұрысын жөндесін деп, мықынды камзол кигізіп белдік тағу арқылы бір жағынан сұңғақ бойлы, тал шыбықтай болып, кескінді өсуіне ықпал жасау үшін сыйлады.

Ал, қайынсіңлілеріне бойтұмар таққан жеңгелері: «Еркежан қызымызға сұқтанып қараушылардан  көлегейлер. Ал өңіржиек арқылы өңірін сәндеп, әшекеймен бірге қызымызға өзгенің көзі түсетіндей амал жасауының белгісі. Сол қолының аты жоқ саусағына құс мұрын жүзік тағу арқылы қыздың қанаттанатын кезі келгенін, өзге ұяға көшуге дайындалып жүргенінен хабар берген.

Ел көзіне еленер Еркежан қыздың жүріс-тұрысымен бірге ендігі жерде жатар орыны да тиянақталған. Үйдің оң жағына, яғни, өзге табалдырық аттар уақыты келді деп қонақтар жағына қызымыздың төсегін ауыстырып, шымылдық тұттық. Шымылдықтың жоғарыдағы көлденең қасы көсеге деп аталып, үкі тағылып, кестеленіп әшекейленген. «Көсегең көгерсін» деген ізгі ниет. Еркежан қыз өрісіңді болашақта таба бер. Салтанат сабақтастығы бола берсін деп тілейміз.

Қыздарымыздың беті паранжамен көлегейленбеген, ер жүзінен көзін тайдырмай тура қарай алатын, бірақ ол көзқарас өзін-өзі қорғай алатын батылдықты байқататын өр мінезді болған» деп, салт-дәстүріміз туралы кеңінен айтып өткені көпшілікті сүйсінтті.

Әжелер қауымының осынау форумға дайындалғаны көзді қуантты. Бірдей ашық түсте көйлекте, бастарына бұрынғы әжелеріміз тұтынған ақ кимешекті киіп   «Ардагерлер» әнін әуелете шырқағанда, жан-жақтарына нұр сәуле сыйлаған әжелеріміздің құдыретіне бас идік.

Салтанатты кеште Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева құттықтау сөз сөйлеп, әжелер қауымына игі тілектерін айтты.

-Әже —  қасиетті де қадірлі ұғым. Себебі әр бала үшін ата-әженің орны ерекше. Әже — немерелері үшін қамқоршы, тәлім-тәрбиенің бастауы һәм даналық көзіндей. Өз кезегінде қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, дәстүрімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне сіңірген тағылымды еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», — деп, ақ тілегін жеткізген Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов форумға қатысып, белсенділік танытқан әжелерге  қала әкімінің алғыс хатын тапсырды.

Айта кетейік,      «Әжелер Алқасы» 2013 жылы   Ардагерлер Кеңесі жанынан құрылды. Түркістан қалалық Әжелер Алқасы өз қызметін Түркістан қаласы аумағында жүзеге асыратын, үлкен мәртебеге ие өзіндік жүйесі бар, өз қызметтерін  әженің қоғамдағы өскелең ұрпаққа халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау, халықтық дәстүрдің озық үлгілері арқылы жастардың рухани байлығын арттыру аясында іске асырады. Өйткені, ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесінде! Егер қоғамда тәртіп пен әділет болмаса, адамда тәрбие де болмайды. Бірақ бізді осы уақытқа дейін халық етіп сақтап әкеліп жеткізген бұл біздің – ата- баба салт- дәстүріміз, асыл әжелердің өнегесі.

Бұрын барлық халық өзінің дәстүрімен қоғамын басқарған. Өзінің дәстүрімен бала-шағасын өсіріп-өндірген. Бүкіл байлығын, мәдениетін, рухани дүниелерін, барлығын дәстүр-салтымен қалыптастырған.     

Әжелердің көшін бастаған, әжелер мектебін қалыптастырушы, Әжелер алқасының төрайымы, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Айғаным Серім апа ізгілік, парасаттылығымен елге, туған жерге еңбегі сіңген. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті  азаматы, Ұстаздардың ұстазы, әжелердің әжесі, түркістандықтардың қадірменді үлгі-өнеге тұтар ардақты анасы.

     Бүгінде өз мәртебесін айқындап алған әжелер алқасы қаламызда көптеген бағыттарда жұмыс атқаруда. Дәлірек айтсақ, «Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер сабақтастығының тәрбиелік мәні», «Бәрі де Ана бір өзіңнен басталады», «Қыз өссе елдің көркі» деген тақырыпта қала мектептерінде дөңгелек үстелдер өткізілді. Осындай тағлымы мол кештерге Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова және т.б.ардақты аналарымыз  қатысып, өздерінің өмір тәжірибелерімен бөлісіп, өнегелі тәрбиелерін көрсетіп келеді.  Халықтың қолөнерінің дамуына «Әжелердің киіз басуөнері» шарасы, өзіндік ерекшелігімен жастар тәрбиесіне ықпал етті. Оның көрінісі сонау ерте замандағы әжелеріміздің керемет дизайнерлік олар салған оюлар орын-орнымен жаңғыртылып көрсетілді. «Ана көрген тон пішер» демекші, бүгінде қоғамымызға осы әжелердің  қолдауы керек екені көрініп келеді.

Осы тұрғыда әжелер алқасының мүшесі,84 жастағы қарт әже, көпбалалы ана   Ырыс Ташметованың қолөнерлігі ұшан -теңіз. Өз білгенін, қолөнерін, салт-дәстүрді дәріптеп, жақсылыққа, сүйіспеншілікке рухани жан- дүниесін байытып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға көп көңіл бөледі. Облыстық «Үлгілі отбасы», «Мерейлі отбасы» «Тұран таңдауы»  байқауларында жүлделі орындарды алып,  ұлттық құндылықтарды өнеге етіп көрсетіп келеді.

Түркістан қалалық мәдениет үйі Әжелер алқасымен тығыз байланыс орнатып, мәдени шараларда тәлім-тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға араласып, мәдениет пен өнерге бірлесіп жұмыс жасап келеді. Соның үлкен куәсі, Ардагерлер Кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасына 10 жыл толына орай өткен форумда мәдениет үйінің әншілері ән мен биден шашу шашып, әжелер форумының кең деңгейде өтуіне үлестерін қоcты.

Ал,  «Белсенді ұзақ өмір орталығында» Түркістан қаласының құрметті азаматы, Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаева  «Әжелер би тобын» ұйымдастырды. «Қазыналы әжелер » тобы, «Ақ әжелер» хоры, «Өнерлі әжелер» мәдени шаралардың ең маңызды өнерпаз ұжымы. Қаладағы зейнеткер әже – аналардың  қатысуымен өткен  «Ардақты әже» байқауы қала тұрғындары үшін әжелердің белсенділігін танытқан еді. Бас жүлдені иемденген Роза Шәмет әже ұлттық ата-баба дәстүріне сай этнохалықтық, ұмыт болған тарихи-тәрбиелі ұғымдардан сөз айтып, байқау-тапсырмаларына сай өзін көрсете білді. Ұлттық тағам жасауда, киім үлгілері, сұрақтарға жауап беруде өзін барынша танытты.

«Әже-ұлт ұйытқысы» дейді. Осы тұста асыл әжелеріміздің жастар тәрбиесіне араласып қоғамдағы бірлік пен ынтымақты, озық үлгідегі салт-дәстүріміз негізінде тәрбиелеуде атсалысып, үнемі үлгі-өнеге болатынын мақтанышпен айта аламыз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы