ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕГІ ЕСКЕРТКІШТЕР ТУРИСТЕРДІ ТӘНТІ ЕТУДЕ

243 көрілім

Түркістан өңірінде бірнеше ғасырдың куәсі болған қалалар, тарихи ғимараттар, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Тарихи-мәдени, рухани байлығы мол ескерткіштерді көру туристердің басты мақсаты болғандықтан, облыс орталығынан басқа аумақтарда орналасқан, алайда көп келушілердің қызығушылығын оятатын бірнеше елеулі ескерткіштерге тоқтала кетейік.          

Домалақ Ана кесенесі

Түркістан өлкесіне зиярат етуге келген жамағаттың міндетті түрде баратын орны – Домалақ ана кесенесі. Ескерткіш Шымкент қаласынынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Шырақшылардың айтуынша, бұл кесенеге көбінесе бір перзентке зар болып жүргендер келеді. Олар әулиеден бала сұрап, осы маңдағы қонақүйлерге түнейді екен. Өйткені, Домалақ ана қазақтар үшін аналық және ұрпақ жалғасы таңбасы болған.

VІІ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында “Домалақ ана” атанған Нұрилә – Бәйдібек бабаның үшінші әйелі. Шежіреде Нұриланың жалғыз ұлы Жарықшақтың Албан, Суан, Дулат ұлдарынан үлкен тайпалы ру тарайды.

Домалақ ана халық есінде ибалы сүюші ана ретінде қалды. Ақыл мен даналық арқасында ол қарсылас тайпаларды татуластыратын. Көрегендік қабілеті болған деп айтады. Аңыз бойынша, Бәйдібектің бір табын жылқысын айдап әкеткенде, арттарынан барма деп ескертеді. Бірақ ол әйелін тыңдамай арттарынан қуа бастайды. Айқас қаңқұйлы болып, Бәйдібектің 6 ұлы қаза табады.

Домалақ ана соңғы күндерінде Бәйдібекті түсінде көріп Қаратауға барады. Аңыз бойынша өлер алдында Домалақ ана жақындарына:

“Мені Бәйдібектің жанына жерлеп әуре болмаңдар. Мені ақ түйеге жүктеп, артынан жүріңдер. Түйе тізелеген жерде мені жерлеңдер”, депті.

Қазір сол орында 4 қабатты күмбезді кесене бой көтерген. Оны Домалақ ананың Дулат немересі Бұқарадан атақты шебер Абдулла Шемиді шақырып салдырған екен. Өткен ғасырлар бойы кесене бірнеше рет бұзылып, қайта жөнделді. Оның өзіндік бейнесі сақталмаған. 1996 жылы Маңғыстаудан әкелген ақ тастармен қапталады. Домалақ ана кесенесінің биіктігі 12 метр. Қазір кесенеге көп саяхатшылар келеді.

Ақмешіт үңгірі

Түркістан облысындағы ерекше, құпияға толы орынның бірі – Ақмешіт үңгірі. Ол Қазақстанның он кереметінің бірі саналады және туристерге міндетті түрде бару ұсынылады. Шын мәнінде, Ақмешіт ерекше орын. Орталық Азиядағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Шымкент қаласынан 80 шақырымда, Бәйдібек ауданында орналасқан.

Әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірдің:

ұзындығы – 254 метр;

ені – 65 метр;

биіктігі – 25 метр.

Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді.

Сонымен қатар, аңыздарда Ақмешіт үңгірі жергілікті жұрттың жаудан жасырынатын орны болғаны айтылады. Жалпы Ақмешіт үңгіріне жыл сайын көптеген туристер келеді. Құпияға толы орынға кей жандар тыныштық іздеп келсе, ал кейбіреуі ерекше табиғи орынға тамсану үшін арнайы ат басын бұрады.

Адам Ата мен Жер Ана жартасы

Түркістан облысының ең жұмбақ жерлерінің бірі – екіге жарылған Адам Ата мен Жер Ана жартасы. Ол Қазығұрт тау алабында орналасқан. Тастың екі бөлігі еркек пен әйел немесе әке мен ана деген мағынаны білдіреді. Жарық ұзындығы 15 метр, ең жіңішке жерінің кеңдігі 25-30 см. Көп адам осы жар арасындағы 15 метр жерді жүріп өтуге тырысады. Жергілікті тұрғындар арасында бұл жерден тек адал ниетті адамдар өте алады деген наным бар. Ең қызығы, қос тастың ортасынан арық адам өте алмай, керісінше толық адам өтіп кетуі де мүмкін.

Тау етегіне келген соң қажылыққа келген адамдар мен туристерді гид киелі жартасқа жаяу апарады. Келушілер бірінші Адам Ата мен Жер Ана жартасын айналып өтіп биігірек басқа жарда орналасқан ғибадат орнына барады. Құраннан сүре оқыған соң біраз демалып, ойын қалпына келтіріп киелі жартасқа барады. Жар арасында салқын жел соғып тұрады және іші жым-жырт тыныштық. Бұл тастардың ортасынан өткен көп адамдар соңында бойларынан жеңілдік сезінеді.

Аппақ Ишан мешіт-медресесі

Түркістан облысындағы тағы бір ерекше нысан – Аппақ Ишан мешіт-медресесі. Шымкент қаласынан 70 шақырымда тұрғызылған ғимаратты 1840 жылы Бұқара сәулетшілерінің жобасы бойынша Қосым Ишан салды. Ол мұсылман дінін тартушы болған.

Қосым Ишан құрылысты бітіре алмайды. Сондықтан, ақтық сапарға аттанар алдында, 8 баласын жинап осы істі аяқтауды сұрайды. Балалары әкелерінің бұйрығын орындайды. Құрылысты Қосымның тұңғыш ұлы Аппақ Ишан бітіреді.

Октябрь революциясынан кейін мешіт 1928 жылға дейін істеді. Сосын Кеңес үкіметінің бұйрығы бойынша жабылып, ғимарат қойма ретінде пайдаланылды. Сәулетті ескерткішті бастап салған Қосым Ишанның балалары репрессияға ұшырады. Кейбірі Аппақ Ишан сияқты Ташкентке қашып, кейбірі түрмеге отырғызылды.

Тек 1983 жылы Қазақ Кеңес Министрлігінің бұйрығы бойынша кешенде Аппақ Ишан музейі ашылды. 2001 жылы ғимарат жөндеуден өтті.

Медресе күмбездері еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштармен өріліп шыққан. Мешіт және айван бөлігі аркалар арқылы бөлініп, 35 күмбез орнатылған. Бұл күмбездер мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Күмбездерді қай жағынан қараса да бірінен бірі биік, сатылана орналасқан.

Құрылыстың фасадына сылақ жүргізілмеген, сондықтан да күйдірілген қыштардың өрнектеле өрілуі бұл ескерткішке архитектуралық сән беріп тұр.

Мәжрәтұт ағашы

Түркістандағы атақты тайқазан құйылған Қарнақ ауылында көне тұт ағашы өседі. Ол Кентау қаласынан оншақты шақырым жерде орналасқан. Жасы шамамен 1300 жылға жуықтайтын бұл ағаш та туристер үшін тартымды. Әдетте тұт 200 жасқа дейін, сирек жағдайда 300-500 жылға дейін ғана өседі. Ал, Қарнақтағы тұт әлі күнге дейін өсіп, жылына бір рет жапырағын жайып өнім береді екен.

Қарнақ тұрғындарының айтуынша, бастапқыда мұндай ағаш екеу болған. Бірін осыдан 10 жыл бұрын ауыл балалары ойнап жүріп, байқамай өртеп жіберген. Қалғанын енді тұрғындар көненің көзі етіп сақтап келеді. Тіпті тұт ағашы орналасқан аумаққа тас төсеп, орындықтар орнатыпты. Соңғы жылдары бұл ағашты іздеп келушілер саны артыпты. Келушілердің көбі ағаш басында құран оқып болып, ғұмырының ұзақ болуын, жолының ашылуын тілейді екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы