- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Төрт түлігін төсте өрбітіп күнелткен қазақ халқы табиғи өнімдерінің басты тұтынушыларының бірі болған. Сауса сүт, жесе ет, мінсе көлік болған төрт түліктің жайын ойлап, оларды өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген. Сондықтан ау, сүт, ет өнімдерінің табиғи пайдасын көріп, еш ауру-сырқаусыз ұрпақ өрбіткен.
Бүгінде, технология, фармацевтика саласы мықты дамығанымен таза табиғи өнімдерге деген сұраныс та артуда. Сөзіміздің дәлелі, Төлеби ауданында саумалмен сауықтыру орталықтарының саны көбеюде. «Диханкөлдің қымызы» брендімен танылған Қоғалы ауылдық округінде 2 орталық іске қосылып, ел игілігі жолында қызмет етуде.
Тау баурайының қоңыр салқын саф таза ауасымен тыныстап, бес мезгіл саумал ішіп, демалуды көздегендер ауданымызға еліміздің Батыс, Шығыс өңірінен де келуде. Орталыққа дертіне дауа, жанына шипа іздеп келгендер төрт мезгіл тамақтанып, атпен серуендеуіне мүмкіндіктер қарастырылған. Бір мезгілде 25 адам тынығып, ем алатын демалыс орнында демалушыларға емдік өнімді әзірлеу үшін онға жуық бие сауылады. Ал, саумалмен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күндігіне бір литр саумал ішуі тиіс екен.
Бие сүтінің шипалы қасиеті оның көптеген аурулардан алдын алуында екенін айтқан мекеменің басшысы Нұрболат Абилдаев табиғаты тамаша бұл мекенге келген кез-келген адамның өзін жақсы сезінуіне таза ауа мен қайталанбас табиғаты кепіл бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол қонақ үй тектес бұл жайларда бүкіл отбасыға арнап демалыс ұйымдастыруға болатынын және табиғаттың адам организміне жағымды әсер етуі үшін мұнда бар жағдай жасалғанын жеткізді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі