Елбасының кәсіптік білім беруді жандандыру стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Түркістанда жастардың авто-механикалық кәсіпті терең меңгеруі үшін арнаулы индустриальды-педагогикалық колледжі жастардың техникалық білім алуына күш салуда. Бұл колледжді ашу арқылы елдің келешегі – жастарға үлкен демеу көрсетіп отыр. Мемлекеттік бағдарламадан басқа әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын ақылы негізде оқытуға қолдау көрсетіп жүр. Осында білім алып жүрген жастардың алдынан даңғыл жол ашылғаны баршаға аян. Жақында аталмыш колледжге арнайы барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, оқу орынның директоры Адашжан Ганиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Қаладағы бірден бір іргелі кәсіпорын «Жолаушы» ЖШС мекемесі жанынан ашылған Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжін ашудағы басты мақсат қандай болды? Әңгімеміздің басын осыдан бастасақ?
– «Өзен бұлақтан басталады» дегендей біздің колледждің де өз бастауы бар. Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжі қаладағы бірден бір іргелі кәсіпорын «Жолаушы» ЖШС мекемесі жанынан 2006 жылы елімізге қажеттілігі өте жоғары техникалық мамандарды дайындау мақсатында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Түркістан облысы және Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Рахым Көлбайұлы Тәңірбергеновтің бастамасымен ашылған болатын.
– Түркістанда жастардың авто-механикалық кәсіпті терең меңгеруі үшін арнаулы индустриалды-педагогикалық колледжі ауыл балаларының техникалық білім алуына қамқорлық жасауда. Оқу орынның бүгінгі таңдағы базасы жайлы айтып өтсеңіз?
– Колледжімізде автокөлік мамандығы бойынша арнайы пән кабинеттерінен бөлек, екі «Автокөлік» зертханасы және бір оқу-өндірістік шеберханамыз бар. Автокөлік зертханалары 5 дана шетел автокөліктерінің ішкі жану қозғалтқыштарымен стендтері, жүк көтергіші мен шеберхана 6 дана шетел автокөлігінің беріліс қораптары верстак үстелдерімен және де 1 дана заманауи үлгідегі Launch Х431 PRO 2016 маркалы автокөлік диагностикалау аппаратымен жабдықталған. Түркістан облысының білім басқармасы басшысының 2018 жылы 24 қазандағы №283 бұйрығына сәйкес, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» құзыреттілігі құрылды. Құзыреттілік орталық жетекшісі ретінде мен ағымдағы жылдың тамыз айында Ресей Федерациясының Қазан қаласында болып өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысшы мамандық иелерінің арасындағы жарыс «Worldskills Kazan-2019» Халықаралық чемпионатына тәжірибе алмасуға барып қайттым. Халықаралық чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Талаптар халықаралық стандартқа сәйкес жоғары болғандықтан барлық алаңдағы құрал жабдықтар соңғы үлгідегі заманауи озық технологиялармен жабдықталған. Тәжірибе алмасу нәтижесінде практика жүзінде көрген диагностикалау аппараттарды келгеннен кейін Астанадағы үлкен фирмаларға тапсырыс беріп, қыркүйек айында Bosch KTS-350 маркалы диагностикалау сканерін мерзімсіз бағдарламалық кешенімен және ІС-120 автокөлік мультиметрін сатып алдық. Колледждің әкімшілігі мен оқытушылар құрамы өсіп келе жатқан ұрпаққа білім беру мен оларды тәрбиелеу тапсырмасын оңтайлы шешіп келеді, олардың еңбектері мен нәтижелері қоғамда өзіне тиісті бағасын алатыны сөзсіз.
– Әрбір күні өзгеріске толы ақпараттық қоғамда колледж ұжымының басты бағдары – жоғары деңгейде қабілетті, сапалы мамандар дайындау болып табылады. Қандай мамандық иелерін дайындайсыздар және осы бағытта атқарған жұмыстар жөнінде баяндап берсеңіз?
– Осындай сұрақтарға біз, ең алдымен, колледждің өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосқан, көп жыл бойы аянбай еңбек еткен ұстаздарды, соның ішінде колледжді басқарған марқұм Тәңірбергенов Ерқанат Рахымұлын еске алмай болмайды. Бүгінгі күні Түркістан индустриальды-педагогикалық колледжі – техникалық және көлік саласының өндірістік кәсіпорындарына қажетті техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлайтын оқу мекемесі. Біз педагогтар жас ұрпақты білімді әрі білікті маман ретінде тәрбиелеу үшін бар күш жігерімізді жұмсаймыз. Колледжіміз техник-механик, техник тасымалдауды ұйымдастырушы, техник бағдарламашы, техник-электрик, техник-технолог мамандарын даярлайды. Көп жылдық тәжірибе – мамандарды даярлаудағы жоғары деңгейді көрсетеді. Колледж түлектері еліміздің барлық аумағы бойынша теміржол, автомобиль, энергетика және өзге де саладағы ірі және шағын кәсіпорындардың базалық кадрлық құрамын қалыптастырады.
– Индустриалды-педагогикалық колледжі қаламыздағы білім беру саласында өзіндік орны бар оқу орынның жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Кез келген оқу орыны мамандықтар бойынша байқаулар және шығармашылық жолында аянбай еңбек еткен немесе еңбек етіп жүрген өздерінің ұстаздарымен, қызметшілерімен ғана емес белсенді және оқуда озат, өздерінің жеке бастарының көрсеткіштерін ғана ойламай колледждің беделін көтерген немесе көтеріп жүрген оқушыларын да мақтан тұтады. Республика және облыс деңгейінде өткен ақындар айтысында жүлделерге ие болған Жанғали Мұсаев, облыстық «Үздік автомеханик» байқауының және «Worldskills Turkistan-2019» чемпионатына қатысқан автокөлік мамандығының 3-курс студенті Азамат Уралов бас жүлдені жеңіп алып, ағымдағы жылдың 11-15 қараша аралығында өтетін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Worldskills Kazakstan-2019» республикалық чемпионатына жолдама алды. Әрбір оқу орында спорттың алатын орны ерекше. Бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігінің жүлдегері Сәкен Балтабаев, еркін күрестен жастар арасында республика және халықаралық жарыстың жүлдегері Нұрболат Әбдуәлиев, самбо күресі бойынша әлем чемпионатының жүлдегері Бағлан Ибрагим, қыздар арасында республикалық жарыстың жүлдегері Сұлтанай Абдувайтова сынды шәкірттерімізбен мақтанамыз.
– Оқу орынның студент жастарының білікті маман болу үшін өндірістік тәжірибеден өту бағытында қандай мекемелермен бірлесіп жұмыс атқарып келесіздер?
– Колледж үнемі өңірдің өндірістік кәсіпорындарымен бірлесе отырып жұмыстар жүргізеді. Колледж әкімшілігі студенттердің теория жүзінде алған білімдерін тәжірибе дағдыларымен ұштастыру мақсатында «Жолаушы» ЖШС, «Рахым К.Т.» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ қарасты Түркістан станциясы, Жаңақорған станциясы, Шиелі станциясы, Сарыағаш станциясы, Түркістан теміржол вокзалы, Түркістан Багаж бөлімшесі, Түркістан қаласындағы автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы, тағы басқа мекемелермен колледж студенттерінің өндірістік-технологиялық және диплом алдындағы іс-тәжірибеден өтуіне келісім-шарттар жасалынған. Жоғарыда атап өткен кәсіпорындардан студенттер өндірістік мекемелерден іс-тәжірибеден өтіп, еңбек нарығының талаптарына сай мамандар даярлауда. Үш жақты келісім-шарттар жасау бойынша өнімді жұмыстар атқарылуда. Бұл жерлерде студенттер іс-тәжірибелерден өтіп, бос орын болған жағдайда колледжді бітірген соң таңдаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алады.
– «Спорт – денсаулық кепілі» демекші салауатты өмір салтын ұстанасыз ба?
– Жалпы денсаулықты түзету әркімнің өз қолында. Ақылды адам дәрі-дәрмекке қаржы жұмсамай-ақ өз денсаулығын түзейді бір сөзбен айтқанда салауатты өмір салты дегеніміз адамның тұрмыстағы күнделікті қалыптасқан дағдысы мен әдеті бойынша спортпен айналысу, еңбек ету, бос уақытын дұрыс пайдалана білу, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу деп білемін. Өзім күнделікті таңертең тұрып жүгіруді әдетке айналдырғанмын.
– Алдағы уақыттағы жұмыс жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Менің мақсатым – колледжді әрі қарай дамыту және үнемі білім алушыларға қазіргі заманның талабына сай жағдай жасау. «Worldskills Kazan-2019» халықаралық чемпионатында Теміржол саласы бойынша бірде-бір құзыреттілік жоқ. Менің жоспарым алдағы уақытта облыс деңгейінде осы теміржол құзыреттілігі бойынша чемпионат ұйымдастыру және республика деңгейінде өткізуге ұсыныс жасауды қолға алмақпын.
– Өзіңіз және отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Отбасымда бір ұл, екі қыз тәрбие-леудемін. Жұбайым Фатима тігінші, үлкен қызым – Камила ОҚМПУ-нің екі шет тілі мамандығының 3 курс студенті, ұлым – Жавахир фармацевтика мамандығының 1-курс студенті, кішкентай қызым – Жасмина 5-сынып оқушысы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.