АЗАМАТ КЕЛБЕТІ

1  843 көрілім

Дана Абай:«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды:естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайда білгені мен көргені көп адам білімді болады» деген. Ендеше, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ішкі істер органдарының майталманы Бақытжан Бейсембаев ағамыздың бәрін көңілге тоқып, мына бір алабұртқан заманда жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, дұрыс жөн сілтей білетін, озық ойлы, парасат биігі жоғары азамат деп айта аламыз.

Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев 1961 жылдың 10 ақпанында Tүpкістан ауданы, Калинин селосында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Қарағанды қаласындағы политехникалық институтқа оқуға түсіп, оны 1983 жылы «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-құрылысшы бiлiктілiгiн алған. 1983-1985 жылдар аралығында Отан алдындағы әскери борышын өтеген. 1985-1986 жылдар аралығында Чапаев атындағы колхозда құрылысшы болып жұмыс icтeген. Ал, 1986 жылдың cәyip айында Түркістан аудандық ішкі icтеp бөлімінің мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау инспекторы болып тағайындалып, аталған қызметте 1992 жылдың тамыз айына дейін icтеген. 1992 -1993 жылдар аралығында Түркістан аудандық ішкі icтеp бөлімінің кәмелетке жасы толмағандар ici жөніндегі бөлімшесінің инспекторы қызметін атқарса, 1993- 1994 жылдар аралығында Түркістан аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік аға инспекторы болды.

Қызмет етe жүpiп, 1992 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебіне оқуға түciп, оны 1996 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, заңгер біліктілігін алған. 1994-1997 жылдары алдымен Түркістан аудандық iшкi icтep бөлімінің штаб бастығы, сонан соң бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1997- 2004 жылдар аралығында Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының штаб бастығы, 2004-2006 жылдары осы басқармада кәмелетке жасы толмағандар ici жөніндегi бөлім бастығы болып қызмет атқарып, еңбек өтілінің толуына байланысты зейнеткерлікке шыққан. Ішкі істер органдарындағы жалпы еңбек өтілі 31 жыл, арнайы шені – полиция подполковнигі. Бақытжан Жармаханұлы ішкі істер органдарында атқарған қызметінде жұмысты ұйымдастыру бағыты мен жас мамандарға тәлімгерлік тұрғыдан қолдау көрсетіп келді. Оның тәлімін алған қызметкерлердің ішінде біразы бүгінде осы салада үлгілі еңбек етуде.

Бар күш-қайратын, өмірін егеменді елдің тыныштығын күзетуге, қорғауға арнады және зейнеткерлікке шықса да еңбекке деген құлшынысының арқасында бар тәжірибесін осы бағытта жаратып, қоғамдық жұмыстарды белсене атқаруда. Атап айтсақ, Түркістан қалалық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарған жылдары да, бүгінгі таңда Түркістан облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде де жастарды қазақстандық патриотизмге, адал болуға, қызметтік және азаматтық борышын үлгілі орындауға тәрбиелеу, оларға тәлімгер ретінде өзінің кәсіби және өмірлік тәжірибесін үйрету бойынша қалалық ардагерлер ұйымының жұмысына елеулі үлес қосып келеді.

Ішкі істер органы қатарында үздіксіз 20-30 жылдай қызмет атқару адамның жүйкесін жұқартып, зейнетке шыққаннан кейін күнделікті тыныш өмірге бейімделе алмай, қиындықтарға тап болатындары да кездеседі. Осы кезде зейнеткерлердің мол тәжірибесін қоғамның басқа да салаларына пайдалану мақсатында оларға бағыт-бағдар беріліп, олардың белсенділігін одан әрі арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ардагерлер қоғамы жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, ардагерлерді ардақтап, аға буын мен жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға айрықша зер салынуда.

Бақытжан Жармаханұлы қаламыздағы ардагерлердің тұрмыстық жағдайларымен таныса отырып, оларға әрдайым қолынан келген көмегін беріп отырады. Оның ұйымдастыруымен жыл сайын сәуір айында бақилық болған ардагерлерді «Еске алу» іс-шаралары өткізіліп, оларға арнап ас беріліп, Құран бағышталып отырады. Сонымен қатар, Бейсембаев Бақытжанның ұйымдастыруымен ардагерлер арасында көптеген мәдени-спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Оның басқарған ардагерлер командасы бірнеше рет облыстық жарыстарда кіші футболдан, теннистен, шахмат пен дойбыдан және бильярдтан жүлделі орындарға ие болды. Бақытжанның басқарып отырған ардагерлер ұйымының тікелей демеушілігімен Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназияның спорт залында 2006-2007 жылдары туылған балалар арасында бокстан облысаралық турнир өткізілді.

Бақытжан Бейсембаев 2011 жылдың қазан айынан бері кәсіби медиатор және «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігін басқарады. Заң талаптарына сәйкес тараптар арасындағы дауларды бітімгершілік жолмен шешу, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау бағытында өз жұмысын жүйелі түрде жүргізе отырып, қала және облыс көлемінде медиацияның дамуына үлкен үлесін қосып келеді. Қоғамдық бірлестіктің жұмысында әр түрлі лекциялар мен әңгімелер өткізе жүріп, қалалық ардагерлер ұйымы мүшелерінің де белсене араласуларына ықпал жасап отыр. Кәсіби медиатор ретінде Бақытжан Жармаханұлы жыл сайын қала көлемінде азаматтардың арасында құқықтық қатынастардан туындайтын 250-300 дау-дамайды медиация тәртібін қолдану арқылы шешіп отырады.

«Еңбек түбі – береке» дегендей, Бақытжан Жармаханұлының ішкі істер саласында атқарған ұзақ жылғы еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, 2000 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы» атағына ие болса, 2001 жылы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» төс белгісін, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін, 2016 жылы Түркістан қаласы әкімінің шешімімен «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін, ҚР ІІМ «Құрметті азаматы» медалін, бірнеше ведомстволық және қоғамдық ұйымдардың естелік медальдарын иеленіп, биіктен көрінді. Сондай-ақ, 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша Түркістан қаласының және Түркістан облысының жеңімпазы атанып, мерейі тасыды. Сонымен қатар, облыс әкімінің, Түркістан облыстық ПД-нің, Түркістан облыстық ІІО мен ҰҰ Ардагерлері кеңесінің, Түркістан облыстық және Түркістан қалалық соттарының, қала әкімі мен мәслихатының, қалалық полиция басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бақытжан Жармаханұлы Құдай қосқан қосағы екеуі қыздарына өнегелі тәрбие беріп, 4 немере сүйіп, олардың қызығын көріп отырған үлгілі отбасы иелері. Бақытжан аға әрдайым таразы басын тең ұстаған, досқа адал, жалғыз атын сойып беретін атымтай жомарт, парасат пайымы жоғары тұлға десем, ешкім маған артық айттың дей алмас. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың айтқанындай, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» -дегендей, Бақытжан Жармаханұлы сол нағыз ерім дейтін азамат дер едік.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы