Түркістан қаласы Дүниежүзілік ұйым мүшесі болды. 850 қала өкілдері Түркістан туралы ақпарат алып, ұйымның барлық мүшелері бір ауыздан қолдады. Нақтырақ тоқталып өтер болсақ, Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында әлем елдері жетекші қалаларының басшылары бас қосқан айтулы саммитте қаламыздың тарихы, дамуы, туристік әлеуеті жөнінде сөз қозғап, қазақтың игі жақсылары жатқан топырақты сонау Африкада әйгілеген қала басшысы Рашид Абатұлының баяндамасынан кейін Түркістан қаласының «Біріккен қала және жергілікті билік» атты ұйымға мүше болуына аталған ұйымға мүше елдердің барлығы дауыс беріп, бірауыздан мүшелікке қабылданды.
Бұл дегеніміз – Халықаралық туризмді дамытуды мақсат еткен қаламыздың әлемдегі мыңнан аса дамыған қалалармен тәжірибе алмасуына жол ашады, жарнама жасап, қаламызға туристерді көптеп тартуға ықпал етеді. Ал, туристердің көбеюі – қалаға келген шетелдіктердің «көк қағаздары» қаланың экономикасын дамытады, жергілікті тұрғындардың кәсібі дөңгеленеді, қосымша жұмыс орындары ашылып, халықтың жағдайы бүгінгіден де жақсара түседі деген сөз. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу арқылы біз қаламыздың сәулетін ажарландыра түсуімізге зор мүмкіндік береді.
Жалпы мұндай басқосуға қатысудың, айтулы ұйым-ға мүше болудың өзі зор мәртебе. Бұған қала басшысы Рашид Аюпов зор еңбек сіңірді деп айтуға болады. Алла қаласа туристтердің саны артады, демек эконо-микамызда көтеріледі, жұмыс орны көбейеді. UCLG біздің қалада үлкен саммит ұйымдастыратын болды.
«Жас келсе іске дегендей» киелі қаланы дамыту мақсатында қызу қарқында еңбек етіп жатқан қала басшысына түркістандықтар демеу беріп отырса, алар асуларымыз жоғары болмақ.
Ұлжан МҰСТАФАЕВА,
қалалық әйелдер алқасының төрайымы.