ТҮРКІСТАНДА КҮНКӨРІС ТӨМЕНДЕП КЕТКЕН

7 447 көрілім

Биылдан бастап әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғайып, кей көмектің мерзімі ұзарады. Мәселен, 2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40567 теңге, айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге, ал ең төменгі жалақы 70 мың теңге деңгейінде бекітілді. Бұл зейнетақы, жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдеріне де әсер ететіні сөзсіз. Бұл туралы «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда жазылған. Демек республика бойынша жылдан жылға халықтың күнкөріс деңгейі нарықтық тұрғыда бейімделіп, талапқа сай жалақы мәселесі де жоғарылап келеді. Өткен жылғы қорытынды бойынша, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен халықтың кедейлік үлесі 4,6% құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа жоғары. Бұл туралы ҚР Ұлттық Статистика бюросы хабарлаған болатын. Ал кедейлік бойынша Түркістан облысы 8,3 пайызбен біріншілікке жайғасқан. Бұл республикалық көрсеткіш. Ал Түркістан облысының өзінде күнкөріс деңгейі бойынша статистикалық мәліметтер қалай өрбиді. Толығырақ тарқатып көрелік.

Түркістан облысы бойынша Тексеру комиссиясы Түркістан қаласы бойынша 2022 жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы есебінде әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінің талдамасын ұсынған. Онда Түркістан қаласы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінде тұр. Жыл қорытындысымен Түркістан қаласы облыс бойынша 17 аудан – қала ішінде ең төменгі көрсеткішке қол жеткізіп, 17 орынға түсіпті. Нақты айтсақ облыстық орта деңгейден 12% төмендеп, жан басына шаққандағы ең төмегі күнкөріс деңгейі 37 240 теңгені құраған. Ал Кентау қаласынан 2021 жылы еншісін алып, құрылғанына енді екі жыл толған Сауран ауданының өзі Түркістан қаласынан 15,3% жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ең төменгі күн көру деңгейі 2022 жылдың қорытындысымен облыстық деңгейден 102.3% артық болған. Жоғарыдағы нәтижеге Түркістан қаласының мәслихат депутаты Сакен Хандиллаев көңілі толмайтынын жеткізіп, қала басшылығы халықтың күн көру деңгейін жоғарылату бағытында нәтижелі жұмыс көрсете алмаған деген қорытынды жасады.

Комиссия ұсынған мәліметті көріп, өз көзімізге өзіміз сенбедік, алайда Тексеру комиссиясының талдама есебіне сенбеске лаж жоқ. Мысалы былтырғы жылы қала бюджеті 133,0 млрд-қа жуық болды. Қаламызда жасалынып жатқан жұмыстар, салынып жатқан құрылыстар, қалаға келіп жатқан туристер, одан бөлек, млрд-тап тартылған инвестициялар. Демек қала әкімдігінің негізгі жұмысы тек бөлінген бюджет қаражатын жарату бағытында ғана болса керек. Жаңа өндіріс орындарын ашу, өнеркәсіп көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарға баса назар аударылмаған секілді. Нәтижесінде қала халқының ең төменгі күнкөріс деңгейі төмендеп кеткен – дейді, Сакен Хандиллаев.

Түркістан облысын дамытудың 2024 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік бас жоспарына сәйкес бір жарым триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі жарым есеге ұлғайып, жалпы ішкі өнім 41%-ға артқан. Түркістан қаласы облыс орталығы атанған сәттен бастап, 2019-2020 жылдары 257 ғимарат салынған екен. Жоспар бойынша, әр салынған ғимарат ел игілігіне беріліп, қала халқын жұмыспен қамтуы керек болатын. Осылайша, рухани шаһар тұрғындарының жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әл-аухаты жоғарылау көзделген. Алайда, нәтижеге келгенде межелі жоспар неге орындалмай қалды? Нақтырақ айтсақ, инвестициялық жобалар түгелімен жүзеге асса да күнкөріс деңгейі неге көңілді көншітпей отыр? Осы сұрақтарға нақты жауап алу мақсатында экономист Сәбит Баймағамбетовпен сұқбаттасып, пікір сұрадық. Оның сөзінше, облыс орталығы атанған аймаққа бұл көрсеткіш қалыпты.

Бұл статистикадан шошудың қажеті жоқ. Біріншіден ол статистика қай санау жүйесі бойынша жүргізілді соны анықтау қажет. Одан кейін, әлеуметтік мәселелер әсер етеді. Адамның өмір сүру сапасына оның жұмысына, біліміне, тамақпен қамтамасыз етілуіне, денсаулығына риза болуы сынды факторлар әсер етеді. Осы көрсеткішкер адамның қоғамда емін-еркін өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сәйкесінше, хал-ахуалын да көрсетеді. Кедейлік туралы айтқан кезде тек азық-түлік, киімнің болмауы не баспана мәселесі ғана есепке алынбайды. Сонымен бірге минимал деңгейде білім, медициналық қызмет, өзі қалаған затты алуға жағдайының жетуін де айту керек. Бұл мәселенің гуманистік жағы да бар. Соның ішінде халық пен биліктің ара-қатынасындағы моральдік-этикалық аспектілерге әсер етеді. Мәселен бізде табысын жасыратын жеке кәсіпкерлер өте көп. Жылдық есептерін 0 деген көрсеткішпен жабады да, табыссыздардың қатарына ене береді. Бұл да статистикаға өте қатты әсер етеді. Екіншіден, қалада кәсіпорындар мен нақты нысандардың жоқтығы. Өзіңіз ойлаңызшы, қала тұрғындары қалай күн көреді? Көбісі әкімгершілік орталықтар мен базарда. Яғни тауар өндіру, шығару, өңдеу деген тіршілік аз. Ал облыстың өзге аймақтарында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Өңірдегі ірі өндіріс орындары да сол аудандарда орналасқан. Бұл статистикалық көрсеткішке едәуір әсер ететіні сөзсіз. Ал жоғарыда сіз келтірген мысалы бойынша, яғни, Сауран ауданы құрылғанына екі жыл ғана толды, бірақ көрсеткіш Түркістан қаласынан неге жоғары деген мәселеге келейік. Сауран ауданы негізінен ауыл шаруашылығы дамыған аймақ. Сосын халық саны қаладан аз. Оның өзі статистикалық көрсеткішке әсер етеді. Қорыта айтқанда, бұл көрсеткіштен шошынудың қажеті жоқ. Экономист ретінде статистикалық көрсеткішке емес, алдымен, азық-түлік бағамына көңіл аудару қажет екенін айтамын – дейді, Сәбит Баймағамбетов.

Жалпы алғанда әлеуметтік қорғау саласы қай мемлекеттің болсын бюджетіне біраз салмақ салатыны сөзсіз. Халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге тырысқанымен, бізде кедейлік мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, республиканың 40 пайызы тұратын ауылдарда өршіп тұр. Ауыл тұрғындарының қалаға ағылуы қаладағы кедейлік деңгейін көтереді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табатын халықтың 97 пайызы немесе 778 мыңы көпбалалы отбасы екен. Оның ішінде толық емес және тұрмысы нашарлар да бар.

Отбасында ересектер аз болса, ақша табу қабілетінің де сәйкесінше төмендейтіні белгілі. Яғни осындай жанұяда өсіп жатқан балалар жұпыны өмір сүріп, тиісті білім ала алмауы мүмкін. Соңғы кездері әйелдер кедейлігі тенденциясы белең алып келе жатыр. Елімізде әйел саны көбірек екені белгілі. Әрі олардың көбіне әлеуметтік, экономикалық теңсіздік объектілеріне айналатыны рас. Кедейлік деңгейін азайтып, табысты теңестіру бойынша жұмыс жүргізу мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының тиімділігінің көрсеткіші ретінде жүреді. Жалпы алғанда, күн көріс деңгейін арттырамын десек, ең алдымен, білім, медицина, әлеуметтік қамтамасыз ету, қызмет көрсету, тұрғын-үй коммуналдық қызмет, көлік, байланыс қолжетімді болуға тиіс. Сондай-ақ, осы салалардағы жемқор-лықты азайту маңызды екені белгілі. Ал облыс орталығы мәртебесін иемденген Түркістан үшін 17 аудан бойынша ең төменгі күн көріс деңгейіне түскені қалыпты ма? Әрине, бұл сауалға әркім өзінше баға береді. Бірақ ресми деректер Түркістанның күнкөріс деңгейі төмендеп кеткенін көрсетті.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы