РУХАНИ САПАР

488 көрілім

Наурыз мерекесі қарсаңында көрші Өзбекстанға сапарлап қайтудың сәті түсті. Өзбекстанның 3 қаласына жалғасатын тур-маршрутта рухани жерлерге зияраттауға мол мүмкіндік болды. Тәшкенде алғаш ат басын бұрған жеріміз Хаст Имам алаңындағы Хазірет Имам рухани-діни орталығы болды.

ХАЗІРЕТ ИМАМ РУХАНИ-ДІНИ ОРТАЛЫҒЫ

Бұл діни кешенді жергілікті халық Хаст Имам кешені деп те атайды. Хазірет Имам кешенінің ішінде Барак Хан медресесі, Тилла Шейх медресесі және Хәзірет Имам мешіті орналасқан. Хазіреті Имам Ташкентке ислам дінін таратушы, дін ілімін меңгерген үлкен ғалым, діни қайраткер. (Толық ныспысы – Абу Бакр ибн Исмаил аль-Каффал аш-Шоший). Кеңес тұсында елеусіз жатқан Имамның бейіті қайта көтеріліп, жөнделген, осы жерде Діни басқарма кеңсесі орналасқан. Гидтің айтуынша, бұл ғимараттар Өзбекстандағы Ислам жылы болып аталып өткен 2007 жылы салыныпты. Хазірет Имам мешіті екі күмбез бен екі мұнарадан тұрады. Оң мұнараны Хорезм шеберлері, сол мұнараны Самарқан шеберлері салған. Мұнаралардың ұзындығы ­- 53 метр. Кешенде шығыс жазбаларының кітапханасы мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жанындағы басты төрт сахабаларының бірі Осман халифтың қалған қасиетті Құран кітабы сақталған музей бар. (Музейде телефон қолдануға рұқсат жоқ, құран кітабын түсіре алмадық). Бұл кітаптың тарихи мәні зор. 7 нұсқа болып жасатылған түпнұсқа кітаптің бірі екен. Басында Куфа қаласында тұрған кітапты кезінде Әмір Темір Ирактан Самарқанға алып келген екен. 1868 жылы Ресей империясы Өзбек жерін жаулап алады да, Самарқан ресми түрде Түркістан өлкесіне қарайды. Кітапқа Түркістан өлкесі басшылығы қызығушылық танытып, қолға түсіреді. Сөйтіп, кітапты Түркістан өлкесінің генерал губернаторы фон Кауфман кітаптың қысқа сипаттамасы жазылған мәтінді қоса арнайы Хатпен Императоры сарайына Петерборға сыйға жібереді. (Кітаптың түпнұсқа ма, емес пе тексеру үшін жіберген деп те айтады) Осылайша Құран кітабы Император кітапханасының қолжазба бөлімінде сақталған. Кеңес өкіметі орнаған соң Құран кітабы 1918 жылы Ресей мұсылмандары діни басқармасына тапсырылып, Уфаға жөнелтіледі. Кейін Түркістан Республикасының сұранысына орай 1923 жылы Самарқанға қайтарылады. Ал 1941 жылдан бұл құнды дүние Өзбекстан Үкіметінің шешімімен Ташкенттегі мемлекеттік тарихи музейде сақталып тұрды.

1989 жылдан бастап қасиетті Құран кітабы Үкімет шешімімен музейден Өзбекстан Діни басқармасының құзырына өтеді. Әлемдегі түпнұсқа құрандардың бірі деп танылғандығы турасында ЮНЕСКО тарапынан 2000 жылы сертификат берілген.

Рухани-діни кешеннің төр жағында жаңадан ғимараттар салынып жатыр екен. (Құрылысы осыдан бес жыл бұрын басталған, бітуге таяп қалған). Біткен соң мұнда Өзбекстанның діни басқармасы кеңсесі, Имам әл-Бухари атындағы Ислам институты жайғасып, жапсарлас үлкен мешітке жалғасады. Біткен кезде бір мезгілде 5000 мыңнан астам адам намаз оқитын үлкен мешіт болады, дейді гид. Бірнеше мешіт пен күмбезді ғимараттардан тұратын бұл кешен Өзбекстан сәулет өнерінің келбетін айқындайтын ауқымды жоба. Бұл құрылысқа елдің ең таңдаулы ұсталары, Самарқан, Бұхара стилінде көне ғимарат салушы шеберлер шақыртылып, салып жатыр екен. Айтпақшы, дәл сол үлгідегі мешітті көршілес ел біздің Түркістанға да соғып жатыр.

Хаст Имамнан шығып Шайхантаур әулие мен Төле би бабамыздың кесенесіне зиярат еттік. Өзбек ағайын «Қалдырғош би» деп атап кеткен Төле би бабамыздың басына да бұған дейін зияраттап талай келгенбіз. «Беш қозон» палау орталығынан түстендік. 2017 жылы бір күнде 7 тоннадан аса күріш басып, халыққа тегін таратып, Гиннес рекордтар кітабына енген бұл палау орталығында бір мезетте 5 мың адамға қызмет көрсетілетін көрінеді. Рас та шығар, ығы-жығы иін тірескен адам. Кезектен-кезекке өтіп жүріп палауға әзер жеттік. Көбі туристер: ресейліктер, қазақтар, қырғыздар, алыс шетелден келгендерді де байқадық. Палауы өте дәмді екен. Талай рет концертке келген, «Өзбекстан мен Қазақстан ақындары айтысын» тамашалаған (1991 жылы) «Түркістан» сарайының жанынан өттік, таныс Мустахиллік алаңы көзге жылы ұшырады, кейбір метро стансаларын да таныдым. Метро Ташкентте ертерек 1977 жылы КСРО-ның 60 жылдығы тұсында Орталық Азиядағы алғашқы метро болып ашылған еді. Тәшкен метросы ұзындығы бойынша ТМД елдерінде Мәскеу, Петербор, Киев қалаларының метроларынан кейінгі 4-орында. Ол кезде мұндай мега құрылыс Одақ деңгейінде шешілетін. Қала сыртына қарай жол тарттық «Ташкент сити» алыстан көз тартады, «Буниёдкор» стадионы да еңселі көрінді. Көшеде жүйткіген «Шевролет» пен «Матиз» жеңіл автомобильдерінен көз сүрінеді. Көптігі соншалықты сапарласым Айнұр айтпақшы «Шевролетті тегін үлестіргендей»… «Қайтсін енді, отандық өнімді ғана тұтыну керек, деп шеттен көлік кіргізуге тыйым салған ғой, оның үстіне өздеріне арзан, тиімді бағада ұсынады», дейді бірі. Бұл ақпараттың қаншалықты рас-өтірігін білмедім, Өзбек көліктері Орталық Азия автонарығында сұранысқа ие деп естігенмін. Білуімше, GM Uzbekistan компаниясы Chevrolet, Ravon брендтерімен автокөліктің 10 үлгісін, шығарады.

…Алда 6 сағаттық жол, бағытымыз – Самарқан. Жол нашар екен. Кезінде (1975 жылдары) атағы жер жарған «Бетонка» деп аталатын екі бағытты трасса тозығы жетіпті. Ол тұста 2 бағытта жолдар некен-саяқ. Арзан материал ма, әлде асфальтқа қарағанда төзімді ме екен, әйтеуір бұл жолды бетон плиткалардан құрап салған деуші еді. Кезінде айнадай тегіс жол-тын. Тозыпты, әсіресе Гүлстанға дейін жол нашар, оның үстіне сенбі күн, көлік шамадан тыс көп. Орта жылдамдықпен аяңдап, 6 сағат емес 9 сағат дегенде Сырдария, Жызақ облыстарын көктей өтіп, Самарқанға кірдік. Бағдарлама бойынша «Түнгі Регистан шоуына» кешіктік. Базбір жас сапарластарымыз күңкілдесіп жатты, өз басым әулиелі жерде шоу-думан дегенді құптамаушы едім, сондықтан аса өкінген жоқпын.

САМАРҚАН

XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында Әмір Темір мемлекетінің астанасы болды. 1500 жылы Шайбани мемлекетінің, XVI ғасырдың аяғында Бұхара хандығының құрамына кірді. 1868 жылы патшалық Ресей әскерлері басып алды да, Ресей империясының қарауына енді. 1924–1930 жылдары Өзбек КСР-ның астанасы болды. 1970 жылдың қазанында Самарқанның 2500 жылдығы аталып өтілген болатын. Сол жылы Үкімет шешімімен Самарқандағы Регистанға күрделі жөндеу жасалып, реконструкциядан өтеді. Менің пайымдауымша, Өзбек туризмі осы жылдардан бастау алған. Себебі, бала күнімізде 1976-80 жылдары біздің өңірден озат еңбеккерлер, белсенді комсомол мүшелері жыл сайын көктем кездерінде Самарқанға туристік саяхатқа барып келуші еді.

Өзбекстанның ежелгі қаласы Самарқанның символы – Регистан алаңы. Самарқандағы алаң солардың ішінде ең үлкені саналады.

Тарихтан мәлім, Самарқан Әмір Темірдің билігі тұсында елдің астанасы болған. Темір қаланың гүлденуіне барын салып, жаулап алған елдерінің астанасына ұсталарды алдыртқан. Обсерватория салдыртқан, ғылым-білімді де қолдаған, діни оқу орындарын ашқан билеуші. Самарқандағы сапарымызды «Бибі ханымның» кесенесінен бастадық, сосын Регистанға келдік.

Кешен ішінде Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббастың қабірі бар. Оны халық «Шахи Зинда» деп атаған. Парсы тілінен аударғанда «тірі патша» дегенді білдіреді. Ол Самарқанға исламды насихаттау үшін келіп, осында қайтыс болған. Сондай-ақ, мұнда Әмір Темірдің ұрпақтары жерленген. Әмір Темір кесенесіне бардық. Жергілікті тұрғындар мұны «Гур Эмир» деп атайды екен. «Бибі ханым» кесенесінен 100 метрдей жерді «Сияб» базары тұр. Бұл сол дәуірде болған базар екен. Шағын базарда өзбек қолөнерінің керемет үлгілерін кездестіресіз. Зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар, тоқыма-тігін бұйымдары т.б. Көздің жауын алар неше түрлі бұйымдар саудалануда. Естелік үшін деп туристердің бірі орамал, кәдесыйлар алып жатты. Сауданың ебін, кәсіптің тегін таныған халық қой. Туристерге сервистік қызмет көрсетуде, қоғамдық тамақтандыру орындарында келушіге құрақ ұшып қызмет көрсетуінен ел туризмін дамытуда жүйелі жұмыстар барын байқадық. Музейлерге кіру бағасы туристер үшін 30000-50000 сум аралығында болса, жергілікті халыққа (өздеріне) 600 сум екен. Бұған базбір сапарластарымыз: «неге алалайды» деп базынасын айтып жатты. Көктемгі каникул кезіне дөп келіп, өңірлерден келген мектеп оқушылар көп болды. Гид сұранысқа қарай 3 тілде қызмет көрсетеді, алайда ана тіліне басымдық беріледі.

БҰХАРА

Бұхараға барар жолда Бахауидин Нақшбандидің кесенесіне зиярат еттік. Кештетіп «Ляби хауз» ансамблі: Ханака және Нодир диван беги медресесі және Бұхара қолөнер орталығы сауда кешенін (түнгі базар) аралаудан бастадық. Осындағы мейрамхана алаңқайында кешкі ас іштік. Жанды дауыста өнер көрсеткен музыканттар көбіне кеңестік ретро әндерді, орысша әндерді айтты, арасында бірен-саран өзбек әнін, онда да «Ялланың» репертуарындағы бала күннен таныс әуендерді шырқап жатыр. Туристердің басым көбі ТМД елдерінен келушілер. Ертесіне Арк қамалына бардық, мұнда реставрациялық жұмыстар әлі жүріп жатыр. Тарихы 3 мыңға жылға жуықтайтын Арк қамалы –Бұхараның ең көне ғимараттарының бірі. Бұхара қамалы деп те аталатын құрылым 6 ғасырда қаланы сыртқы шабуылдардан қорғау үшін салынған екен. Сәулетімен ерекшеленетін бекіністің ені 4 гектар, ал биіктігі 20 метр. 1993 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Арк қамалы бүгінде мұражайға айналған.

Пой–Калан сәулет ансамблін көрдік. Калан мұнарасының биіктігі – 46,5 метр. Мұнараның маңында Мир-Араб медресесі тұр. Сырты көк кірпіштерден өрнектелген, ерекше көрінетін орта ғасыр сәулет өнері. Мұнда талай ғұламалар білім алып, діни сауатын ашқан. Діни ғимараттың өзіне тəн ерекшелігі бар. Құран Кəрімде 114 сүре болса, бұл медреседе сол сүрелердің атымен аталатын 114 сынып бар екен. Сондай-ақ, жыл сайын 114 шәкірт білім ордасына оқуға қабылданып, Ислам білімін алып шығады. Оқу орны болғандықтан ол жерге кірген жоқпыз.

Бұхара бүгінде ішкі туризм қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екен. Халқы қолөнер мен туристерге қызмет көрсетуді күнкөріс көзі ретінде меңгерген. Шағын қонақүйлер мен біз көрген сауда алаңдары мен қолөнер бұйымдарын сататын базар сөзімізге дәлел. Бұхарадан шығып Хазіреті әл-Бухари кесенесіне зиярат еттік. Мұнда да үлкен мешіт-кешеннің құрылысы жүріп жатыр екен. Құран бағыштап, қалаған кісілер маңайдағы шағын мешітте намаз оқып алды. Жалпы, Өзбекстанда құлшылыққа мейлінше жағдай жасалған. Жол бойындағы жанармай бекеттері жанынан намазханалар ашылған, автобус аялдап тұрғанда жолаушы намазын оқып алады екен. Қай қонақүйге кірсеңіз де бөлмеде құман, жайнамаз, құбыланы көрсеткен құбылнамасы ілулі тұр. Туризм біршама жүйеге түскен секілді. Кезінде Г.Каримованың бастамасымен туризм шоулары жиі өткізілген екен, тым даңғаза болғасын тоқтатыпты. Бұхарада жыл сайын Қолөнер шеберлерінің фестивалі тұрақты өтеді. Фестиваль аясында көрмелер ұйымдастырылып оған көне бұйымдар жинайтын коллекциянерлер жан-жақтан ағылатын көрінеді.

Бұхара таза тарихи қала кейпінде көрінді, ал 700 мыңға жуық халқы бар Самарқанда да заманауи жаңа ғимараттарды байқамадық. Гидтің айтуынша «Самарқан сити» аталатын жаңа ауданында 20-дан астам 5 жұлдызды отельдер бар жаңа қалашық. Самарқанда біршама өндіріс те бар екен. УзDaewoo-ның (GM Uzbekistan ) кейбір автокөліктері осы қалада құрастырылады, одан бөлек «СамАвто» деген орташа сыйымды автобустар шығады екен. Түркістандағы жаңа автобустар осы «СамАвто»-ның өнімі. Жалпы, өзағаңдар өндірістен қол үзбеген, халқы еңбекқор, экономикасы жақсы дамып келе жатқан ел. Жол бойында көшелер оқтай түзу, тал-дарақтар, жеміс ағаштары гүлдеп көз тартады. Қала сыртында үйіліп тау болып жатқан қоқысты да байқамадық. Пластик шөлмектердің сыртында: «Қайта өткіз!» деп жазылғанына қарағанда қайта өңдеу жолға қойылған сияқты.

…Өзбек жеріндегі үш күндік сапарымыз осылайша өте шықты.

Әтіргүл ТӘШІМ,

Тәшкен – Самарқан – Бұхара.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы