ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮРЛЕНУІ БАРШАҒА ОРТАҚ ІС

310 көрілім

Шаһардың шырайын келтіретін негізгі жұмыс абаттандырумен тікелей байланысты. Туристерге де, тұрғындарға да жақсы әсер сыйлау үшін алдымен халық көп шоғырланатын орталықтар мен үлкен көшелердің көркеюі маңызды. Түркістанды көгалдандыру жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Осыған сай, аптап пен аңызақта қаланы көгалдандыру жұмыстары туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыру, ауа райын жақсартуға да оң серпін беретіні анық.

Сондай-ақ, облыс орталығы атанып, түркі әлемі үшін үлкен мәртебеге ие болған шаһарда аталған істің ұқыпты орындалуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Заман талабына сай жасыл желектер қайта төселіп, суғару жүйелері мен балалар алаңдары мен ойын алаңдары жаңартылуда. Атап айтсақ, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың ішінде күтіп-баптау, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде бірқатар саябақтар мен көшелер түрленіп келеді. Сонымен бірге, отбасылық көңіл-күй көтеру мен серуендік демалысқа бағытталған саябақтардағы жайқалған жасыл желектерді баптау жұмыстарының оңайға соқпасы белгілі.

Бұл ретте «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбегі орасан. Мекеме басшысы Ақәділ Қондыбаевтың айтуынша, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстарының басты мақсаты халықаралық көгалдандыру-абаттандыру үрдісін қолдану арқылы экологиялық жағдай мен ауа сапасын жақсарту болмақ. Тұрғындар мен туристердің пікіріне сүйенсек, қаланың эстетикалық көрінісіне бірден-бір әсер ететін жұмыстар жаңарған Түркістанның жарқын келбетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізіп келеді.

Қазіргі таңда қаладағы 2023 жылға жоспарланған көгалдандыру мен күтіп-баптау жұмыстарының барысында жалпы саны 258 нысан болса, оның аумағы 626 га құрайды. Бұл нысандар бойынша шаһарда жалпы қолданыстағы саябақтар, скверлер, бульварлар, көшелер мен жасыл аймақтарды тазалау, жинау, жасыл желектерді (ағаш, бұталар, көгал, гүлдер) күту және егу қамтылады. Сонымен қатар, шағын сәулеттік формалар мен ескерткіштерді, субұрқақтарды, суғару жүйелерін күтіп-ұстау және салу да аталмыш жоспар негізінде жүзеге асуда.

– Күту жұмыстары қаңтар айынан желтоқсан айы аралығында жыл бойы жүргізіледі. Жалпы қала аумағындағы нысандарды күту жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ-нің 250 көгалдандыру жұмысшысы мен мердігерлер тарапынан 2200 жұмысшы атқарды. Тазалау, суғару, қоқыс шығару, жасыл желектерді күтуге арналған, қардан тазартуға, сыпыру мен жолақтарды жууға арналған жұмыстар жүргізетін 450 үлкен-кіші техника жұмылдырылған – дейді мекеме басшысы А.Қондыбаев. 2023 жылдағы соңғы деректерге сәйкес, 379 га аумақта ағаштарды дәрілеу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары жүргізілген. Мұнымен қоса тұрғындардың талап-тілектері де ескерілгенін атап өткен жөн. Атап айтсақ, жоспарда тұрған және қала тұрғындары мен мекемелер тарапынан түскен өтініштер бойынша биыл 6 925 дана ағашты санитарлық және авариялық кесу жұмыстары жүргізілсе, 62 саябақ, сквер, аллеяларда, кіші сәулет мүсіндері мен саябақ құрылыстарында аяқжолдар мен балаларға арналған ойын алаңдарын бояу, жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары іске асқан. Жыл соңына дейін негізге алынған жұмыстардың бір парасы ретінде «Жасыл Түркістан» КММ-сі тарапынан ақпан және сәуір айлары аралығында көшелер, саябақтар мен гүлбақтарда 99 847 дана ағаш көшеттері егілгені де елеулі нәтиже деп айтуға тұрарлық.

Биылғы жоспар бойынша 925 507 дана ағаш егіліп, 2 620 000 шаршы метр көгал аумағында күтіп-баптау жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, аумағымыздың қатаң климатына бейімделген 370 856 дана көшет отырғызылып, 72 300 шаршы метр аумаққа декоративтік көп жылдық гүлдер егілуде. Айта кетейік, абаттандыруға арналған бұл жоспар былтырғы жылмен салыстырғанда анағұрлым көлемді. Салыстыратын болсақ, былтырғы жылы отырғызылған ағаштар саны 695 247 дананы, ал көгал аумағы 2 560 000 шаршы метрді құраған. Ал мекеме басшысы аталған көрсеткіштер 2024 жылы биылғы межеден асып түсетінін жеткізді. Бұл игі іске тұрғындар тарапынан қолдау мен жауапкершілік күтетінін де жасырмады. «Табиғат пен шырайлы шаһарға қамқорлық жасау түркістандықтардың ортақ парызы» екенін ұмытпаса екен дейді.

Көпшілік жиі шоғырланатын аумақтар үнемі назарда болғандықтан, қаладағы субұрқақтар жайына да аса мән беру маңызды. Әсіресе жанға жайлы климат қалыптастыру негізінде кейінгі айларда 72 субұрқақтар мен тоғандарда расконсервациялау жүргізіліп, санитарлық тазалау атқарылған. Айта кетерлік тағы бір жайт, қаланың жасыл қорын жобалау, қайта құру және дамытудың жаңа технологияларын пайдалануда су мен коммуналдық шығындарын азайтуға арналған жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Мәселен, саябақ, гүлбақ секілді нысандарын күтіп-баптау кезінде барынша коммуналдық шығындарды азайту жоспардағы басты жетістік десек болады. Тамшылатып суғару, күн – жел арқылы энергияны өндіріп, құрғақшылық пен климаттық өзгерістерге төзімді көшеттер егуде Түркістан қаласы өзге қалалардан бір қадам алда. Түркістанның аз уақытта жайқалған, гүлденген қалаға айналуы жедел де сапалы әрекеттердің жемісі. Дәлірек айтқанда, қаламыздағы қарапайым қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Түркістанның күннен-күнге көркі кіріп келеді. «Ағашты көлеңкелеген еккенге рахмет айтады» демекші, күндіз-түні киелі шаһардың әр бөлігінде тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмысшылардың да үлесін айта кеткенді жөн көрдік.

– Халық игілігі үшін беріліп жатқан нысандардың бәрі де біздің жұмыстың басты негізі боп табылады. Оның ішінде менің міндетім көгал егу, ағаш және гүл отырғызу. «Жасыл Түркістан» КММ-де жұмыс жасап келе жатқаныма екі жыл болды. Егілген ағаштардың, көгалдардың күтіміне де жауап береміз. Сонымен қатар, өзімізге бекітілген нысандардың тазалығын да назарда ұстаймыз. Жұмысымызда қаладағы әртүрлі нысандардың көркін кіргізу үшін көптеген шаруалар атқарып жатырмыз. Жалпы үлкен еңбектердің бәрі ерте көктемде басталды. Агроном ретінде жоғарыда атап көрсеткен міндеттерге сай өзімнің барлық тәжірибемді абаттандыру жұмыстарына жұмсап келемін. Ағаштардың, гүлдердің дұрыс егілуін бақылау, қадағалау және тиісті тыңайтқыштарды беру де маңызды. Зиянкестермен күресіп, өсімдіктерді зақымдайтын аурулардың алдын алуда біздің әріптестер жақсы еңбек етіп келеді. Аптасына бес күн жұмыс бекітілгенімен, кейде сенбі және жексенбі күндері де жұмысқа шығып, жасыл желектердің жағдайын бақылап, уақытылы суарылуын да бақылап тұрамын. Себебі біздің жұмысымыз тиянақтылықты талап етеді. Бұл менің туған мекенім – Түркістан қаласының алдындағы азаматтық борышым деп санаймын. Әрбір осы қаладағы тұрғын да жайқалған, гүлденген саябақтар мен көрікті көшелерге аса жауапкершілікпен қараса деген тілегім бар, – дейді «Жасыл Түркістан» КММ агрономы Әбдірахман Бабаев.

Бабаларымыз «әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық» дейді. Көздің жауын алып, жақсы әсер сыйлайтын осынау игі істер көңілге медеу болғанмен, кейбір тұрғындар шаһардың сәнін келтіретін саябақтарды ластап, қоқысқа толтырып тастайтыны жалған емес. Таңмен таласып тоқтаусыз жұмысқа беттейтін мамандардың уәжін түркістандықтар да қаперсіз қалдырмас деп үміттенеміз. Ескіден қалған өнегеден жасыл желекті, табиғатты қорғап, қамқорлық жасаудың қайырлы іс екендігі аян. «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген қазақ тағылымы бар. Киелі қала мен қоршаған ортаның болашағы – саналы ұрпақтың саулығы мен жауапкершілігі. Осы кезекте игілікті жолда тынымсыз еңбек етіп жатқан жандардың үлесі зор болмақ.

Әлем жаралғалы бері абаттандыру жұмыстарының нәтижесі адамзатқа теңдессіз, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін жасыл аймақты сақтау, жәдігер қаланың заманға сай жандануы жолында аянып қалмау да өз қолымызда.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы