ЕҢСЕЛІ ҒИМАРАТЫ БОЛМАСА ДА, ЕҢСЕСІ БАРШАСЫНАН БИІК ТҰРҒАН

266 көрілім

Түркістанның түлеуі жолында тынбай еңбек етіп жүрген қалалық мәдениет үйінің еңбегі бірде еленіп, енді бірде ескерусіз қалып жүргені жасырын емес. Осы ретте кейінгі жылдары биліктің назарынан тыс қалып, тіпті жергілікті әкімдік көкірегінен итергендей сыңай танытып, отырған ғимаратын жекенің қолына сатып жіберуі Түркістан мәдениетіне жасалған қиянат болып тарих бетіне қатталып қалғанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Десе де биліктің көзінен таса қалғанымен «жалғыздың жары құдай» деген емес пе. Жаратқанның назарындағы өнерпаздарымыздың жаңа баспанаға қол жеткізетін күні жақындап келе жатқан сыңайлы. Бүгінгі билік яғни Нұрбол Тұрашбеков бастаған әкімдік мәдениет үйінің орнын белгілеп, жаңа нысанның бой көтеруіне алғашқы қадамын жасап қойды.

Міне, осылай көшіп-қонып тіршілік кешіп жүрген Түркістанның өнерпаздары «үйі жоқтың күйі жоқ» деп болмашыны сылтауратпай апта басында атаулы мерекесін өздері бастап, дүркіретіп атап өтті.

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шараға мәдениет үйінің майталмандарын айтулы мерекемен құттықтап қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Амантайұлы, «Қуаныш» ЖШС-нің директоры, облыс мәслихатының депутаты Инара Әбдіғаппарқызы, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов, Сауран аудандық мәслихатының депутаты Хуршид Шарапов, БАҚ өкілдері, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет үйінің зейнет жасындағы ардагерлері келді.

Аталған шараны «Бисұлтан би» тобы бастап ашты. Одан әрі, мәдениет үйінің осы уақытқа дейінгі атқарған еңбектерінен бейне үзінділер (ролик) көрсетілді. Мәдениет үйінің әншілері «Мәдениеттің ұландары жасасын» әуенін орындап, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы сахна төрінде мәдениет майталмандарына деген жүрек жарды ыстық лебізін білдіріп, қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет бастаған бір топ қызметкерлерге марапаттары мен бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Аталған іс-шара барысында қалалық мәдениет үйінің халық театры көрініс қойылымын қойды. Мерекелік құттықтау сөз сөйлеген Түркістан облысының мәслихат депутаты, Түркістан облысы бойынша іскер әйелдер төрайымы, «Қуаныш» ЖШС директоры Инара Намазбаева да өзінің жүрек жарды ыстық лебізін білдіріп, мәдениет майталмандарына марапаты мен сый-сыяпатын ұсынды. Осындай тілектер тиегі ағытылған жиынға біздің «Түркістан Медиа» ЖШС ұжымы да құралақан барған жоқ. Белгілі ақын Тұрар Тілеулиевтің

«Ақындар жырды арнаға құйып тұрған,

Тоқсан ауыз әр сөзін түйіп тұрған.

Мерекелі мейрамда Мәдениет үйі,

Қаланың зиялысын жиып тұрған.

Төлегеннің бір қызы басқарғасын,

Барлығы ынтымақта ұйып тұрған.

Ұлжандай апайлар да тілек айтты,

Алтын басын баршасы иіп тұрған.

Мәдениет үй тілеймін бар жеңісті,

Тілегім осы сөзге сыйып тұрған.

Еңселі ғимараты болмаса да,

Еңсесі баршасынан биік тұрған», – деген жыр шумақтарымен өрілген құттықтаулар легі толассыз жалғасып жатты.

Осы атаулы күнді «Түркістан» газеті елеусіз қалдырмас үшін мәдениет майталмандарының соңғы уақыттағы еңбек жолына да бірқатар шолу жасап шықтық.

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ – ӨНЕР МЕН ЕҢБЕКТІҢ ҮЛГІСІ

Мәдениет – өнер қоймасы. Расында, онда адамдық парасаттан бөлек, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік, игіліктер дүниесі үйлесім тапқан. Сонымен бірге мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Сондықтан бұл саланы өмір айнасы дейді көпшілік.

Түркістан қаласының мәдениет қызметкерлері облыс орталығы мәдениетінің ақсамауына, ел мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүргеніне куә жеңісті күндер күнтізбесі бар. Өнер өлкесіне қадам басқан әрбір жастың тұсауын кесіп, томағасын түрген қалалық мәдениет үйі екі ғасырға тарта тарихы бар Түркістан қаласы үшін шоқтығы биік руханият ордасы болып саналады.

Мәдениет ошағының мүшелері жыл он екі ай тынымсыз еңбектер атқарады. Әсіресе, Түркістан қалалық Мәдениет үйін бірнеше жыл бойы басқарып келе жатқан, тындырымды еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті көптің көңілінен шығып жүрген Лиза Төлегенқызы Шаметованың еңбегін көпке үлгі етуге боларлықтай.

Елбасымыздың 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 Жарлығына сәйкес, Түркістан қаласы жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімшілік орталығы болғандығы баршамызға белгілі. Биылғы жылы Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына да 5 жыл толып отыр.

«Елге ел қосылса құт» деген халқымыз, Түркістан қалалық мәдениет үйі өз қызметіне қалалық шаралармен бірге облыстық шараларды да бірге алып жүргізуде. Өйткені, қаланың мәдениет қызметкерлері қай жағынан алса да, күн демей түн демей, әр уақытта қызметке дайын екендіктерін көрсетіп келеді.

Облыстық мәдениет пен өнер саласы өкілдері келіп басшылық жасаса да Түркістан қалалық мәдениет үйі сол барлық іс-шаралар мен жұмыстардың басы-қасында болып, тіпті ауыртпалық кезеңдерді де бірдей көтере білді. Атап айтсақ, гүл шоқтарымен әсем қыздарды мерекелік салтанатқа дайындау (кемінде 100 қыз бен 100 жігіттен тұратын), өтетін орындардың безендірілуі, баннерлер ілу, түрлі –түсті заттармен көркемдеп сәндеу, гүлдер, жалаулар, ленталар, шарлар декорациялық заттармен өзге де керекті көркемдік үгіт насихаттық құралдармен қамтамасыз етті. Сонымен бірге қала жастарын қаншама мәдени шараларға бір кісідей жұмыл-дыруда жетекшілік жасап келеді.

Айтайын дегеніміз, мәдени қызметтерін облыс орталығы болғанда да өз жалғасымен жалғастырып келеді. Олай дейтін себебіміз, алыс-жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алуда және халықаралық, облыстық, қалалық шараларда түркістандықтардың өз күшімен атқарылып жатқан істері айқын. Соның ішінде қалалық мәдениет үйі қызметінің шоқтығы биік десек артық емес.

Рухани даму заманында мәдениет үйі шаралар ұйымдастыруда жаңа бағыт – бағдарламалармен жаңарып жатады, апта сайын ең қажет, ең құнды дегендерін белгілеп, байқап, ізденіп көпшілікті тарту жөнінде жұмыстар жүргізіп келеді. Мәдениет үйі тарихында облыс, республика көлемінде байқаулар мен фестивальдерге қатысып жүлделі орындар алып, Түркістанның мерейін асқақтатқан. Әсіресе, 2001жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығында облыстық «Мәдениетім мерейім» өнер фестивалінде бас жүлдеге ие болып, «газель» автокөлігін жеңіп алды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығындағы облыстық «Тәуелсіздік мерейім» өнер фестивалінде тағы аталған биік тұғырдан көрінді. Ұлы жеңістің 70-жылдығында облыстық «Мәдениетім мерейім» өнер фестивалінде Түркістан қаласы жүлделі үшінші орынды алып, Мәдениет үйінің халық театры әртістерінің мерейі үстем болды.

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ширек ғасырдан астам уақыт дирек-торы болып қызмет атқарып келе жат-қан Лиза Төлегенқызы Шәмет мәдениет саласын жетік меңгерген басшы. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, республика, облыс, қала басшылығы тарапынан елеулі еңбегі үшін марапат алған майталман.

Ал, 2020 жылы мәдениет үйінің жарты ғасырға жуық отырған жеке ғимараты сатылып кетіп, «Бірлік» шағын ауданындағы шағын ғимаратта болса да жұмыстарын аянбай атқарды. Тіпті пандемия кезінде де бос қарап отырмады. Қаншама іс-шараларды онлайн жүргізді.

Иә, атқарып жатқан қаншама жұмыстарының бірі көзге көрінсе, бірі назардан тыс қалып жататыны анық. Әр істің астарында қаншама адамның еңбегі жататыны белгілі. Әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу, сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, онда қаншама адамның қажыр қайраты, маң­дай тері, ынта жігері, қолтаңбасы бар десеңізші! Өнерпаздардың сахналық костюмдері мен өнері үйлесім тауып, халықтың көңілінен шығуда, еткен еңбек ақталып, абыройлары артпаса, азайған емес. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, қошеметке ие болғаннан артық бақыт бар ма?!

Иә, мәдениет үйі өз қызметін адал, әрі кәсіби түрде атқарып келеді. Түркістанның өнері мен мәдениеті, облыс орталығы атанбай тұрғанда-ақ дүркіреп, өнерпаздары биік бәйгелерде көрінді. Тарихи Түркістанмен бірге жасасып келе жатқан қалалық мәдениет үйінің еңбектері тарих беттерінде жазулы.

Қалалық мәдениет үйінде заманауи бүгінгі талапқа сай мәдени қызмет түрлері де қалыптасқан. Атап айтсақ, интернет жүйесі арқылы шетелдермен байланысуда. Өнерпаздары әлемдік мәдениетті үйренуде, атап айтсақ, итальянша, ағылшынша, түрікше, орысша ән салу мен классикалық, эстрадалық жанрда өнер көрсетуге өз кәсібиліктерін әрдайым шығармашылық ізденіспен шыңдап отырады. Түркістанның рухани атына сай еңбек етуді басты мақсат етіп, ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді ең бірінші орында ұстап келеді.

Өздерінің тұрақты жайлары болмаса да мәдениет үйінің ұжымы қиындықтарға мойымай, өз жұмысын жалғастырып, қала тұрғындары үшін мерекелік шаралар өткізіп келеді. Міне, осындай үлкен ұжым бір кісідей жұмыла жұмыс істеп, талай белесті бағындырды. Еткен еңбектің еленбей қалмайтыны белгілі. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы мәдениетімізде мәдениет саласының майталмандарының жұмыс жасау қарқыны алдағы уақытта да осындай болса, әлі талай додалы байқау мен сайыстар, мәнді, мағыналы әдеби сазды кештер мен кездесулердің куәсі болатынымызға сенімдіміз.

М.ДӘУЛЕТОВ,

Л.САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы