ҚОЖАНОВТЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ

195 көрілім

Саттар Ерубаев музейі орналасқан ғимараттың ХХ ғасырдың басында мектеп болғаны, сол кездері мұнда ақын, жазушы Саттар Ерубаев пен Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың да оқығаны белгілі. Бұл мәлімет бізге «Түркістан қаласының құрметті азаматы» ақын, жазушы, мәдениет жанашыры Нұрмахан Назаров ағамыз арқылы жетті.

Нұрмахан ағамыздың, яғни, автордың өз аузымен айтуы бойынша, ол дерек кезінде республикалық деңгейдегі «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан. Ал біздің қолда бар нақты ақпарат – «Әзіреті Түркістан» газетінің 2008 жылғы 12 шілдедегі №2 санында (3-бет) шыққан, «Қожановтың Түркістандағы қолтаңбасы» деген мақаласы. Ол кезде Н.Назаров «С.Ерубаев атындағы мұражайдың» меңгерушісі болып тұрған.

Енді аталған мақаладан үзінді келтірсек: «…1995 жылы қаладағы Саттар Ерубаев атындағы мұражайымызға Майжан Қанбатыров деген ұстаз келіп, төмендегі әңгімені айтқан еді:

-Түркістандық қарт ғалым Байтуллин маған мынадай әңгіме айтқаны бар. Ташкентке барған бір зиялы кісіге Қожанов былай депті:

«Түркістандағы орыс-түзем мектебінде оқып жүргенімде, оның қабырғасына кірпішке балалықпен өз аты-жөнім туралы белгі соқтым. Көп ұзамай «Ұзынсақал» атанып кеткен бір мұғаліміміз мұны біліп қойып, құлағымнан тартып жазалады. Сол оқиға есіме түссе, әлі күнге өзімнен-өзім қысыламын», – деп өкініш білдірген екен. Байтуллин де, Қанбатыров та мектеп болған ғимараттың іші-сыртын қарауға бірнеше рет келіп, ештеңе таппаған.

Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында, жоғарыда аталған, бұрын мектеп болғған, қазір «Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени мұражай» жайғасқан ғимараттың төбесі мен сыртқы қабырғаларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сылағы жоқ сырт қабырғалардағы жалаңаш кірпіштерді бір ғасырлық шаң-тозаңнан қырнап, тазалап жатқанда – «С.Х…» деген қолтаңба шыға келді. Мұның енді «Султанбек Ходжанов» деген сөзді білдіретінін түсіну қиын емес еді…» – деген жолдар бар.

Бұдан әрі Нұрмахан ағамыз бұл әріптерді – Сұлтанбек Қожановтың өз қолымен толтырған, көне құжаттардағы қолтаңбаларымен салыстыра келіп, дәлме-дәл келгенін алға тартады және осы ғимаратта Сұлтанбек Қожановтың оқығандығы туралы ескерткіш тақта орнаттыруға себепші болады. Біздің бұл ақпаратқа еш қосып-аларымыз жоқ. Біздікі – тек жақсы дүниені қайтара бір еске түсіріп, жаңғыртып қою ғана.

Елі мен жеріне, ұлты мен жұртына деген бұдан артық қандай жанашырлық керек! Керемет дүние емес пе! Сондықтан да Сұлтанбек Қожанов сынды, Нұрмахан Назаров ағамызды да қалай құрметтеп, қалай ардақтасақ та жарасады. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген сөзбен келісетін болсаңыздар, музейге келіңіздер, ағайын! Сұлтанбектің қолтаңбасын өз көздеріңізбен көріп, көзайым боласыздар!

Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ,

Саттар Ерубаев музейінің қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы