643 МЛН ТЕҢГЕ ШІРКЕЙМЕН КҮРЕС НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?

551 көрілім

Түркістан облысы қансорғыш жәндіктерге қарсы күреске айрықша көңіл бөліп отыр. Себебі соңғы уақытта қабырғалы жан-жануарға жаудай тиетін бұл жәндіктен зардап шеккендер көбейген. Шіркейдің адамдарды талауы былай тұрсын, үй құстары мен төрт түліктің төлдері өліп кетіп жатыр. Өрісте мал жайылудан қалып, көктемнен көтерем шыққан ірі қаралар шіркейдің зобалаңынан арам қатқан. Тіпті шіркейдің көптігі сонша, тұрғындар беттерін тұмшалап алуға мәжбүр.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода шіркейлер жұмыртқа ашқан қырғауылдың балапандарын жеп қойған. Қысқасы, өзен бойын қоныс еткен ауылдар мен шаһарлар үшін бұл қансорғыштар кәдімгідей үлкен проблемаға айналып отыр. Ал Түркістан облы-сының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлінген екен. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысына беруге бағытталған.

– Өңірде көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі байқалады. Бұл жағдай елдімекен тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне зиянын тигізіп, алаңдатып отырғанын білеміз. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық барьерлік өңдеу алаңы 6492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көлеміне байланысты Сырдария өзені биологиялық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды, — деді Б. Полатбеков.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы зиянкестермен күресуге «Satti Tulik» ЖШС компаниясымен келісім-шартқа отырған. Компания өкілі Қайрат Ерменұлының сөзінше, шыбын-шіркей, масаға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, залалды жәндіктердің бетін едәуір қайтарғандарын айтады. Ал РҚБ «Байтақ Болашақ» экологиялық Альянсының төрағасы Ғани Назарбек шіркейлерді жаппай жоюды емес, табиғат тепе-теңдігін сақтау керектігін ескертеді.

– Қандай жағдай болмасын табиғи тепе-теңдік сақталуы тиіс. Қазір шіркейден зиян көрдік екен деп, оларды түбегейлі қырып тастауға мүлдем болмайды. Жалпы шіркейлердің қаптап кетуі табиғи құбылыс. Алайда алдын алу шаралары бұдан да ерте басталуы керек болатын. Мердігер компанияның мәлімдемесіне қарасақ, бір аптаның ішінде шіркейлер азаяды екен. Оны да көрейік. Алайда менің болжамым бойынша, алдағы 2-3 жылда өңірді шіркей басып қалады. Себебі табиғи тепе-теңдік дұрыс емес. Дәл қазір Түркістанда шіркей қарқыны төмендеді, оның себебі, екі күн қатарынан жел болды. Шіркейлерді жел алып кетті деген болжамда отырмын. Жел басылғанда қайта көбеюі әбден мүмкін. Ал залалсыздандыру жұмыстарына бөлінген қаржыға келер болсақ, нақты тұжырым айта алмаймын. Мүмкін шынында да сондай қаржы кететін шығар. Алайда бір нәрсені ескеру керекпіз. Шіркейлер шілде айында табиғи түрде жойылады. Демек осы уақыт аралығында алдын алу шаралары кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Ең бастысы, мердігер компания зерттеу жұмыстарына 40 миллион қаржы алған екен. Олар зерттеуді қалай жүргізді, биологиялық негіздеме жасады ма осыны ескеруіміз керек. Тағы бір ескеретін дүние, дәрілеу барысында бал араларына зиян келмей ме? Егер араларға зиян келсе, биыл жеміс-жидек ала алмаймыз. Бұл үлкен шығын – дейді, Ғани Назарбек.

Анықтағанымыздай, «Satti Tulik» ЖШС компаниясы зерттеу жұмыстарын бастамас бұрын Алматы қаласының Зоология институтының аға ғылыми маманы Қаршыға Көшкінбаевпен келісім-шартқа отырған. Маманның айтуынша, шыбын-шіркейдің соңғы 50 жылда адамдар мен жан-жануарға жаудай тиіп, агрессиялық тұрғыда мінез-құлық танытуының өзіндік себептері бар көрінеді.

– Біз залалсыздандыру жұмыстарына қолданған дәрі-дәрмектердің араларға ешқандай зияны жоқ. Тек араларға ғана емес, байқамай суды адам ішіп қалса оның да ешқандай зияны жоқ. Оған кепілдік береміз. Біз жұмысты бастамас бұрын зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Алайда шіркейлердің күрт көбейіп кетуіне нақты тұжырым айта алмаймыз. Ал сіз сұрап тұрған биологиялық негіздеме жасаған жоқпыз. Бізде қазір биологиялық жоспар бар. Сол бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Кеше жиында 1 апта ішінде ретке келеді деп айтты. Бірақ бір апта ішінде бәрі ретке келуі қиын. Мен оған кепілдік бере алмаймын. Себебі шіркейлер әлі көбейіп, шығып жатыр. Әлі қауіп сейілген жоқ – дейді, ғалым Қаршыға Көшкінбаев.

Айта кетейік, дезинсекция шараларын өткізуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілген. Нәтижесінде, Түркістан облысының аумағында шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің санын азайтуға және ғылыми сүйемелдеу жүргізуге мердігер «Satti Tulik» ЖШС анықталып, дезинсекциялық іс-шаралар өткізуге 28 ақпан 2023 жылы (№3/2023 келісім шарт құны) 603,4 млн. теңге және (№4/2023 келісім шарт құны) 40,9 млн теңге түзілген. «Satti Tulik» ЖШС жұмысшылар саны 77, қажетті техника 62 бірлікті құрайды екен. Айта кетейік, залалсыздандыру жұмыстарының нақты мерзімі болмайды. Бірақ, аптап ыстығымен шіркейдің қанатын күйдіретін шілде айына дейін мамандардың бақылауынан тыс қалмайды екен.

Қорыта айтқанда, аталған қаржының қалай, қайда жұмсалатыны жауапты тұлғаларға белгілі. Алайда, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбековтің сәрсенбі күні БАҚ өкілдерімен болған брифингінде айтқанындай «залалсыздандыру жұмыстарының нәтижесі бір аптада белгілі болады», деген сөзіне Зоология институтының аға ғылыми маманының кепілдік бере алмағаны бізді екі ұшты ойға қалдырып отыр.

Ғ.ДҮЙСЕНАЛЫҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы