Түркістан қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері сәрсенбі күні кезекті отырыста үш мәселе қарауды жоспарлаған болатын. Біріншісі, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің 2023 жылға арналған қала бюджетіне өзгеріс енгізу туралы ұсынысы. Екінші, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің өткен жылда атқарылған жұмыстары және алда тұрған міндеттері жөніндегі есебі. Үшінші, инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің қала аумағында жүргізілген көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалығын жақсарту жұмыстары мен олардың сапасы туралы.
Осы аталған үш мәселе де М.Атамбаев төрағалық ететін кеңес мүшелерінің толық талқысынан өтпеді. Бірінші мәселе бойынша баяндама жасайтын экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Ақылбектің қала әкімінің тапсырмасына байланысты мүмкіндігі болмай орнына орынбасарының келіп, баяндама жасағанымен қойылған сұрақтарға мардымды жауап болмады. Одан соң басшысы жоқ мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты спорт, мәдениет үйі, орталық кітапхана, тілдерді оқыту орталықтарының басшылары өз салаларының шеңберінде сұрақтарға жауап берді. Алайда, аталған бөлімнің жалпы жұмысын егжей-тегжейлі баяндайтын басшының жоқтығы июі қанбаған қамырдың күйін көзге елестетті. Иә, жұмыс жоқ емес бар. Атқарылған тірліктер айтылып жатыр. Бірақ, кеңес мүшелері күткендей нақты жауап, мардымды ұсыныс жоқтың қасы. Атап айтсақ, әр жылдарда әр бөлімге телініп жүрген спорт саласында елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын бөлімнің сектор меңгерушісі М.Әсілбаевтың баяндамасынан танысып білдік. Десе де саланы одан әрі жетілдіру яғни білікті жаттықтырушыларды тарту бойынша жолдаған ұсыныстарын ортаға салған кеңес мүшесі Б.Абусейітов Түркістанда талантты жастардың қатары мол екеніне тоқталды. Бұдан бөлек «үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей баспанасыз көшіп-қонып жүрген қалалық мәдениет үйінің басшысы Л.Шәметтің баяндамасы назарға алынып, бірқатар сұрақтар қойылды. Соның ішінде кеңес мүшесі Ж.Сүлейменованың мәдениет саласына қамқорлық танытуға әркез билік назарын аударып келе жатқанын жеткізіп, өнерпаздарға арналған киім-кешек, музыкалық аспаптардың жағдайын сұрады. Бұл кезде кеңес мүшелерінің тағы бірі С.Айсынов басында баспанасы жоқ, көрінген кеңсені паналап, күнелтіп жүріп қала халқына қызмет етіп келе жатқан мәдениет үйінің есебін тыңдаудан бұрын ғимаратының салынуына қолдан келгенше қолдау көрсетуге шақырды.
Ал, үшінші мәселе басталмай жатып, қала аумағында жүргізілген көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалығын жақсарту жұмыстары мен олардың сапасы туралы баяндама жасайтын инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Е.Бұхарбаевты «облыс шақырып жатыр» деген хабар келіп түсті. Кім екенін білмедік, десе де жауапты тұлғалардың жүзінен шақырту келген жақ Қоғамдық кеңестің алдында баяндама жасағаннан да «маңызды» сияқтанып көрінді. Қарапайым халықтың жағдайын билік өкілдеріне жеткізіп, ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың төңірегіндегі мәселелерді талқылауға асыққан кеңес мүшелері бөлім басшысын «маңызды» жағына кете беруіне рұқсат етті. Олай етпесе, аталған бөлім басшысы «мен болмасам, бөлімімізге қарасты сала өкілдері жауап береді» деген емеурін танытып тұр.
Осылайша жиын қорытындысында «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері келгендей күй қалыптасты. Қоғамдық кеңеске есеп беруге келген сала өкілдеріне ұйым төрағасы М.Атамбаев осындай отырыстарда қаралатын мәселелерде бірінші кезекте халықтың тұрмыс жағдайы, жайлы өмірі басшылыққа алынатынына тоқталды. Сондықтан есеп беруге келген әрбір бөлім басшылары мен өзге де жауапты тұлғалар дәл осы кеңестің алдына жан-жақты дайындықпен келуін ескертті. Егер олай болмаған жағдайда жауапсыздық мәселесі тұрғысында арнайы ұсыныстар қаралатынын қатаң ескертті. Нәтижесінде Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты аталған бөлімдердің есебін нақтылап, алдағы уақытта қайта қарау жөніндегі ұсынысты кеңес мүшелері бірауыздан қолдап, шешім қабылданды.
М.ЖҰМАХАНҰЛЫ,
Қоғамдық кеңес мүшесі.