ҚАТЕРЛІ ҺӘМ ҚОРҚЫНЫШТЫ ҚАРЕКЕТ

420 көрілім

Қазақстанда 1 миллионнан астам адам несиесін уақытында төлей алмай жүр. Өткен жылы олардың қарызы 14 триллион теңгеге жетіпті. Мәселен, еліміздегі әрбір алтыншы тұрғын несие алған. Өздеріңізге белгілі, осыған байланысты 2022 жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңына қол қойған, ол 2023 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді.

Пайымдап қарасақ, бұл үлкен трагедия. Себебі, оның артында экономикалық күйреу, банкроттық, қаржылық сауатсыздық, жұмыссыздық секілді ең үлкен қатерлер тұр. Оның сыртында банкке қарыз болып өзін банкрот деп заңдастырған жанға қандай туысыңыз болса да, сенімсіз тұлға ретінде көмек қолын соза қоюы екіталай. Сондықтан, құдай да «сақтансаң сақтаймын» деген тәмсілді дені сау адам есінен шығармайды. Мемлекет «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заң қабылдағанымен соның қауіп-қатерлері туралы түркістандық тұрғындарға түсіндіруді жөн көрдік.

БАНКРОТТЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Банкроттық алдымен кәсіпорындардың төлем қабілетсіздігі салдарынан тоқырауға ұшырап, өз жұмысын мәжбүрлі тоқтатылуы болып саналады. Әдетте, фирманың банкроттығы, көбінесе олардың шығыны кірісінен асып кетуі салдарынан туындайды. Осы секілді жеке тұлғалардың да және отбасыларының да кірісінен шығындарының артып кетуі банкроттыққа әкеліп соқтырады.

2022 жылы Ұлттық статистика бюросы көпшілікті елең еткізерлік, сұмдық көрсеткішті жариялады. Онда қазақстандықтар табысының 47,6% азық-түлік сатып алуға жұмсайтыны айтылған. Былайша айтқанда, әрбір тұрғын тапқан қаржысының жартысын «қарын­ның қамына» жұмсайтыны анықталды. Ал, са­рапшылар бұл қымбатшылық жайлаған кедей мемлекеттерге тән құбылыс екенін айтты. Оған қоса күн санап жанармайдың бағасының көтерілуі барлық қызмет көрсету саласы мен азық-түліктің қымбаттауына алып келетінін әрбір адам біледі.

Сол себепті ұлттық қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстанда «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңын қабылдауды ұсынды. Нәтижесінде, биылдан бастап заң күшіне енді. Банктерге қарызы 5 жарым миллион теңгеден аспаған, кредиті 12 ай бойы төленбеген тұрғындар банкроттыққа өтініш бере алады. Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны Мадина Талғатқызы үш жыл бұрын амалсыздан несие алып, бақандай екі банкке берешек болған. Алайда, жекеменшік банкі мен жеке тұлғаның арасындағы қарызды өтеуге мемлекет уақытша кепілдік беріп, жапқанымен арада бірнеше жыл өткесін клиенттің жағдайы жақсарған кезде, мемлекет жеке тұлғадан банкке пайыздық өсімімен төлеуді талап етуі әбден мүмкін. Мұның бір айқын көрінісі, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы тәжтажал індетінің зардабына байланысты елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ескере келіп, кәсіпкерлерді негізсіз тексеру мен салығына үш жыл мораторий жариялаған болатын. Қазір сол кәсіпкерлерге кіріс орындарынан үш жыл көлеміндегі салықтарын төлеуді талап еткен құжаттар мен ескертпелер келіп түсуде. Сондықтан, өзін банкротпын деп жариялап, соңынан қаржылық құрдымға кіріп кетуден сақтанған жөн.

ТҮРКІСТАНДА ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫНА БЕРЕШЕК 60 МЫҢ АДАМ БАР

Түркістанда банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешек 60 мың азамат бар. Олардың дені Мадинаға ұқсап банкроттыққа құжат рәсімдер күнді асыға күтіп жүр.

«Төрт баланың анасымын. Осыдан үш жыл бұрын тұрмыстық қажеттілікпен екі банктен несие алдым. Қазір атаулы әлеуметтік көмектің қаржысы түсетін есепшотым ғана жұмыс істеп тұр. Күн өткен сайын қарызымның пайызы өсіп жатыр. Осы заң күшіне енген күннен бастап, бар құжатымды арқалап банкроттыққа өтініш тастауға кірістім. Осы қарыздан бір құтылып алсам, желкемнен бір ауыр жүк түскендей күй кешетін едім. Бастапқыда банкроттыққа құжат әзірлеуге ақылы көмектесетін жеке адамдарға жолықтым. Олар қызмет құны 35-30 пайыз екенін айтты. Оған менің қаражатым жетпейді әрине. Ақшамен шаққанда оларға мен 40-50 мыңдай төлеуім керек екен. Сонша ақша сұраса да, өтінішімнің қабылдануына кепілдік бермейтінін айтты. Содан не керек, осындай уақытта халықтың қаржылық сауатының нашарлығын пайдаланып, пайда көретін пысықайлар бар екеніне көзім жетті» – дейді, өзін «банкротпын» деп жариялаған қала тұрғыны.

 Борышы өтелмеген жандарға Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Батырхан Оспанов жеке делдалдарға алданып қалмауды ескертеді.

«АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ!»

«Иә, банкроттыққа өтінім қабылдау заңы күшіне енгеннен бастап «ақылы түрде көмектесеміз» дейтіндер көбейген. Алайда, бұл жағдай ешқандай делдалдарды қажет етпейтінін мәлімдегім келеді. Түсініксіз болып жатса, тұрғылықты ауданның халыққа қызмет көрсету орталығына немесе Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне жүгінсеңіздер болады. Мекемедегі әрбір қызметкер осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме жүргізуге дайын. Сондай-ақ, банкрот деп тану шаралары уақытша акция емес, бұл қабылданған Заң екендігін тұрғындарға жеткізгіміз келеді», – деді Батырхан Оспанов.

Жалпы Қазақстанда 1 млн-нан астам адам несиесін уақытында төлей алмай жүр. Өткен жылы олардың қарызы 14 триллион теңгеге жетіпті. Бұл өте қауіпті құбылыс. Әсіресе, қаракөз қазақтарымыздың бір қарызды бір қарызбен жабуы, тойды несие алып дүрілдетіп өткізіп, қарызды жас жұбайлардың мойындарына іліп қоюы салдарынан елімізде әрбір үйленген отбасының үштен екісі ажырасып кетуде.

Сондықтан, банкроттыққа өтініш беруге асыққан борышкерлер мынаны білуі тиіс. Олар 5 жыл бойы несие ала алмайды және банкроттыққа 7 жыл өткен соң ғана жүгіне алады. Айта кетерлігі, банкроттыққа құжат рәсімдеудің шектік мерзімі жоқ. Алайда, борышы өтелмеген жандарға берешектермен жұмыс басқармасының басшысы банкроттыққа байланысты көптің көкейінде жүрген бірнеше сауалдарға жауап берді.

КІМДЕР ӨЗІН «БАНКРОТПЫН» ДЕП ЖАРИЯЛАЙ АЛАДЫ?

«Бүгінгі таңға Түркістан облысы бойынша 5 981 жеке тұлғалардан E-gоv веб-порталы және халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесі арқылы арыз келіп түскен. Оның ішінде, 3 156 жеке тұлғаға банкроттығы рәсімдердің жүргізілу шарттарына сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды. Ал, 291 жеке тұлғаның арызы қанағаттандырылып, банкроттық рәсімдері жүргізілуде. Қарау мерзімі келмеген 2 534 жеке тұлғаның арыздары қаралуда Жаңа Банкроттық туралы Заңда, рәсімдердің үш түрі қарастырылған. Ол – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсімдерді қолдануға борышкер өз өтінішін «Е-salyk Azamat» жүктемесі, E-gоv веб-порталы және халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесі арқылы жолдай алады. Банкроттыққа өтінім беретін адам міндетті түрде төмендегі үш нұсқаулықты есте сақтауы қажет.

5 жыл ішінде қарыздар мен микрокредиттер алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);

– қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;

– банкроттықтан кейін, 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады» – дейді, Батырхан Оспанов.

PS: Әрине, қымбатшылық жайлаған нарықтық заманда тағдыры несиеге байланып, қарызын төлеу мүмкіндігін жоғалтқан отандастарымыз аз емес. Олар үшін бұл заң тиімді болғанымен, зардап шегетін тарап та табылады. Мәселен, оған қаржы инсти­туттары, банктер қарсы. Себебі, бұл олардың бизнес-моделіне едәуір әсер етеді. Бөлшек сау­дадағы үлесі, яғни тұтынушылық несие портфелінің қысқаруына әкеледі.

Екіншіден, халықтың тұтынушылық несиесін жой­ға­нымен, жартылай қайтарылған несиелер үшін банктер салық төлеуі мүмкін. Сондықтан, қаржы инс­титуттары үшін мұндай займ­дарды проблемалы несиелер ре­тінде қайтаруға тырысқан тиім­ді. Сайып келгенде, бан­крот­тық кез келген жағдайда банк үшін жағымсыз рәсім. Десек те, жоғарыда көрсетілген дерек бойынша қарызын төлей алмай жүрген жандар ертерек қамданып, орайлы сәтті пайдаланып қалғаны дұрыс.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы