Павлодарда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұлттық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен шахматтан өткен республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Соңғы жылдары қарқын ала бастаған интеллектуалды спорт ойынының «Ақбозат» ұлттық мектеп-лигасында түркістандық соның ішінде №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары командалық есепте топ бастап, бірінші орынды еншіледі.
Командалық есепте ойын көрсеткен Еркебұлан Ерболатұлы, Асия Асылхан, Ерасыл Берден, Махамбет Дәурен туған жерлеріне қуаныштан жүздерінен жалын атып оралды.
Бағы мен бабы қатар шапқан өрендерді қарсы алуға Түркістан облысы шахмат федерациясының атқарушы директоры, шахматтан жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушысы А.Майкотов, Түркістан облысы шахмат федерациясының вице-президенті А.Пашанова және №15 М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры М.Бошкенов бастаған ұжым мен ата-аналар қауымы арнайы келді. Айта кетейік, жүлдегер жігіттерді спорт сүйер қауым қаланың көрікті орны «Керуен сарай» кешеніндегі аренаның алдында ән-жырмен, шашу-шаттықпен қарсы алды.
Шахматқа баулып, ақыл-ойдың дамуына сеп болатын спорт түріне баптаған осы жолда өзіндік қолтаңбасы бар, ардагер ұстаз Қ, Джумадуллаев және А.Майкотовке ата-аналар ерекше алғыс білдіріп, риясыз рахметтерін жаудырды. Мектеп директоры М.Бошкенов жас спортшыларды құттықтап, мектеп атынан арнайы сыйлықтар табыстады. Сонымен бірге, аталған бәйгеге баптай барған қос жетекшілері Қ.Ташенов пен У.Атаевқа да шапан жауып, құрмет көрсетті.
Келешекте әлемдік аренада өнер көрсетсін деген ниетпен осындай көрнекті орында қауышып, естелікке суретке түсіп, тарастық.

Жалпы, киелі өңірде спорттың шахмат түрі ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл сөзімізге бүгінгі өрендердің бәйгеден оза шапқандары дәлел. Сондықтанда шаршы алаңда топ жаруға ұмтылған жастарды қолдап, шахматтың туын көкке желбірете берейік!
ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ
Түркістан жас шахматшылары республика көлемінде өткізілген жарыста топ жарып, баршамызды қуанышқа бөлегені рас.
Дегенмен бәрі де айтуға оңай…
Бұл жеңістің артында үлкен еңбек, маңдай тер жатыр десем қателеспеймін. Баланы жастан дегендей, осы балаларды жастайынан арнайы жаттықтырушыларға тапсырып, олардың болашағына қамқор болған ата-аналарына рахмет!
Мақтанышымызға айналған Әсия Асылханымыз Астанада өтіп жатқан Бибісара Асаубаеваның турнирінде бақ сынап жатыр, жақын күндерде жеңіспен оралады деп сенім артып отырмыз.
Негізі осы балалардың биік белестерді бағындыруына ардагер ұстазымыз Қуанышбек ағаның, Асхат Майкотовтың үлесі мол.
Өйткені үнемі ата-аналарының қолдауымен осы кісілердің сабақтарын алып, мектептен тыс дайындықта болды. Қаншама жарыстарға қатысып, әбден шыңдалды. Түркістанда шахматтың дамуына өлшеусіз еңбегі сіңген Қуанышбек ағайға қанша құрмет көрсетсек те жарасады.
Ендеше жеңіс құтты болсын! Сіздердей ұстаздар барда Түркістан жастары әлемді бағындыра алады!
А.ПАШАНОВА,
Түркістан облысы шахмат федерациясының вице-президенті.