Түркістан облыстық мәслихатының кезекті екінші сессиясы қарсаңында, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Аталмыш комиссияның төрағасы Алмас Салимов төрағалық еткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Ә.Әбішов, облыс әкімінің орынбасарлары, тексеру комиссиясының мүшелері, аумақтық сайлау комиссиясының өкілі, басқарма басшылары сонымен қатар, табиғи газ тасымалдаушы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде 23 мәселе қаралды. Түркістан облыстық мәслихатының «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебі, Түркістан облыстық мәслихаты төрағасының облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі, Түркістан облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №33/352-VI «Түркістан облысы әкімдігі жанындағы мүгедектер ісі жөніндегі кеңестің дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Түркістан қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру туралы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Түркістан облысында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына бюджет қаражаты есебiнен емделуге тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін жол жүруді ұсыну, Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 21 сәуірдегі №5/48-VIІ «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді және медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы» шешіміне толықтырулар енгізу, Түркістан облысы Түркістан қаласының және Кентау қаласы мен Сауран ауданының шекарасын өзгерту және белгілеу туралы өзге де мәселелер қаралды.
Айта кетейік, тұрақты комиссияның отырысында қаралған мәселелердің негізгі дегендерін атап өтуге тырыстық. Халық арасында жиі талқыға түсетін жайлар халық қалаулыларының назарында екенін оқырманға жеткізу ниетімен.
Комиссия отырысында Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/232-VІI «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебі жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.
Сонымен қатар, Түркістан облыстық мәслихаты төрағасының облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі тыңдалды.
Тұрақты комиссия мүшелері баяндамашылардың есебін назарға алып, атқарылған жұмыстарды және күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша өз пікірлерін айтып, алдағы сессияның қарауына енгізуді ұсынды.
“Түркістан ақпарат”