БІР ЖЫЛДА ҒАСЫРЛАРҒА АЗЫҚ БОЛАР ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

1  151 көрілім

Түркістанда соңғы уақытта қызу тірліктер жүріп жатқанын көз көріп жүр. Құрылыс саласында күн сайын бір жаңалық. Біреу жаңа нысанның қазығын қағып жатса, өзге ғимараттың екінші қабаты көтеріліп екпіні ерек құрылыстарға көңілің тояды. Міне, осы шаралармен қатар Ө.Шөкеев Түркістан облысы әкімі қызметіне кіріскен күннен бастап, шаһардың климаттық жағдайын жақсартуға күш салғаны байқалды. Нәтиже жоқ емес. Қазір қала ішіндегі ескі арналарда тіршілік көзі – су ағып, бұрындары келмеске кеткендей көрінген су ұңғымаларына қайта жан бітті. Қала ішінде су сылдыры естіліп, жан рахатын сезіне бастадық.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2018 жылдың 19-маусымында Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткен болатын. Міне, Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толды. Бөркімізді аспанға атып қуанған күніміз әлі есте. Әрине, санасатындай көп уақыт емес. Бірақ, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны жоғары, тіпті ғасырларға азық болар жобалар қолға алынды деуімізге толық негіз бар.

Кейінгі 1 айда Үкімет деңгейінде Түркістан қаласын дамытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған 1 заң мен 5 қаулы қабылданды. Ал, облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сәйкес, 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге қаржы бөлінді.

Былтыр шаһардағы жолдардың 25 пайызы ғана қанағаттанарлық болса, биыл бұл көрсеткіш 35 пайызға артқан. Жыл соңына қарай 50 пайызға артпақ. Осы секілді қаламызда жан жадыратар жаңалықтардың қатары мол. Жаратушы тіл-көзден сақтасын деп тілейік.

Меніңше, осы жұмыстардың ішіндегі ең маңызды дегендерінің бірі – қаланы суландыру ісі. «Су бар жерде ырыс бар». Кешегі күнге дейін Бөген су қоймасынан бастау алатын бір ғана «Арыс-Түркістан» каналы Түркістан төңірегіндегі барша шаруаның өзегін өртесе де, әжетіне әупіріммен жарап келген. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты басқосулар бола қалса, әуелі ағын судың мәселесін алға тартатын түркістандықтардың бүгінде көңілдеріндегі күдік сейіле бастады. Себебі, алдағы жылдарда аталмыш каналдың табанына күннің көзі тимейтіндей әрекет жасалып жатыр. Жоғарыда атап өткен Үкімет деңгейіндегі қолдаудың шарапаты осы саланы да қамтиды.

Осындай тындырымды тірліктің нәтижесінде тек канал түбі емес, қала іші де суландырылады. Жол жиектеріндегі арықшаларды қуалай аққан ағын су өңір басшысы айтқан климаттық ахуалдың түзелуіне бірден-бір себеп болмақ. Бұл пікірді сала мамандары да қолдап отыр. Шіліңгір шілденің күнінде ыстық желмен жүзіңді жабырқау күйге түсіретін аптап ыстықтың қаһары ендігі жерде бәсеңдей түседі деген сенім мол. Әрине, дәл бүгін емес. Алдағы жылдарда жасыл желекке оранған Түркістанның көшелерінде күн көзінен қаймықпай еркін жүретін күн де тумақ. Оған сеніміміз кәміл. Өйткені Түркістанда соған лайықты жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Бұл жөнінде газет бетінде жазғанбыз. Енді осы бағыттағы тірліктерге кеңірек тоқталып өтейік.

Бүгінде қаланың орталығына еніп келе жатқан «Арыс-Түркістан» магис-тралды каналынан босатылатын кіші каналдарды іске қосу жұмысы қолға алынғандығы белгілі. Қазір қаланың орталығын суландыру үшін қолданыс-тағы арықшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, кейбірі жаңадан салынуда. Сондай-ақ, жасанды көл салынбақ.

Тарқатып айтсақ, жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 13,6 шақырым арық қазылып, 11,2 шақырым арықшалар қалпына келтірілсе, соның бойынан 13,6 шақырым веложол және аяқ жол салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда Қарашық өзенінен бастау алатын Қотырбұлақ каналынан келетін 5,2 шақырым қалпына келтіріліп, Кентау тас жолы бойындағы 8,4 шақырым шағын канал тас төсенішпен қапталды.

Сондай-ақ, Р-33 арығы бетондалып, осы тас арық бойынан веложол және аяқ жол қатар жүргізілді. Енді осы су арнасының бойынан гүл бағын салу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұған қоса Р-34, Р-33-1 арықтары тазаланып, тас төсеніш төселді. Қаланың орталық аумақтарын суландыру үшін қолданыстағы Р-32, Р-32-2, Р-33 арықшаларды ауыстыру және жаңадан су ағатын канал арықшалар салу жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр.

Р-33, Р-32 су босату нүктелерінен жер бедерін тегістеу, тас жаю, арық орынын қазу, таптау, бетондау жұмыстары жүргізіліп, аяқ жол мен веложол салынуда. Оның қатарында Б.Саттарханов даңғылына дейінгі аралықтағы жол жиегіне шығып кеткен заңсыз қоршаулар бұзылып, бірқатар электр және телефон бағаналарының орындары ауыстырылатын болады. Бұдан өзге, қала ішінде 5 су ұңғымасы қазылып, құбырлары орнатылса, 6 су ұңғымасының қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 8 арнайы техникалар жұмылдырылды.

Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суғаруға толық мүмкіндіктер болады. Бұл арықшалардан келген су кесене аумағында құрылысы басталып жатқан Тұңғыш Президент – Елбасы саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады.

Шаһарды жасыл желекке айналдыру мақсатындағы жұмыстың негізі осы су арналарынан бастау алуы керек. Ендігі жерде Үкімет тарапынан бөлінген әрбір тиын ел игілігі үшін жұмсалып, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы басты назарда болады.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы