ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

1  439 көрілім

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осыған орай, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін  полицейлер күні қаламызда кең көлемде тойланды. Жеңіс саябағында болған салтанатты шараға облыстық полиция департаментінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Жиын барысында Мемлекеттік Әнұран орындалып, Даңқ мемориалындағы «Мәңгілік алауға» облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков пен облыстық ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан  ардагерлері кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев бастаған топ гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, қызмет бабында қаза тапқан әріптестерін бір сәт үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті.

– Қазақстан полициясы күні қарсаңында халықтың бостандығы мен құқықтарын қорғауды басты орынға қойып, ұрпақ үшін өмір қиған батырларымызға басымызды иіп тағзым етеміз. Олардың жасаған адал қызметтері, ерліктері әріптестері үшін зор құрмет, үлгі өнеге. Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерін өз атымнан және полиция департаментінің жеке құрам атынан шексіз алғысымды білдіремін,- деген облыстық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне толағай табыс тіледі.

Сонымен қатар, Сайрам аудандық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, отставкадағы полиция подполковнигі Данышпан Андасбеков пен Отырар аудандық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, отставкадағы полиция подполковнигі Жұмахан Әбдіқадыровтарға «ІІМ-нің құрметті ардагері» төс белгілері тағылып, Қазақстан полициясы күніне орай қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін облыстық полиция департаментінің алғыс хатымен аудандық бастауыш ардагерлер ұйымының бірқатар төрағалары марапатталды. Одан соң, келген көпшілік қатардағы полицейлердің «лейтенант» шеніне қол жеткізгеніне және осы сала мамандарының Ант қабылдауына куә болды.

– Құрметті ардагерлер және бүгінгі Ант қабылдаған алғашқы «полиция лейтенанты» шенін алған жас қызметкерлерді де шын жүректен құттықтай келе, қызметтеріңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан  ардагерлері кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев.

Мереке соңы жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қылмыскерлерді ұстау кезінде қолданылатын ұрыс тәсілдері дүйім жұртқа көрсетіліп, жиынның екінші бөлімі қалалық мәдениет үйіндегі аймағымыздың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Орынбек Қасымбеков,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы