ТҮРКІСТАНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

1  164 көрілім

Бүгін Түркістан қаласындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде волейболдан 2004-2005 жылғы ұлдар арасында Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеде еліміздің өңірлерінен келген 18 команда өз бақтарын сынауда. Сайысқа ҚР Олимпиадалық комитеті мен Волейбол федерациясы ұйытқы болуда. Жарыстың мақсаты балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуіне сеп болу және жасөспірімдер арасындағы Азия мен Әлем чемпионаттарына іріктеу болып отыр. 
Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, құрылысы қарқынды жүріп жатқан облыс орталығындағы жаңа спорт кешендерінің салынып жатқандығын жеткізіп, алдағы уақытта мұндай бәсі биік бәсекелерді жаңа заман талабына сай кешендерде өткізілетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, басқарма басшысы қаламыздағы №2 БЖСМ-нің спортшылары Алматыда балалар арасында үстел теннисінен өткен ҚР чемпионатында 3-орынды қанжығаға байлап, Түркістанның мерейін үстем еткен Бабыр Бакаевты, Шардарадағы облыстық турнирде алдына жан салмай 1-орын алған Марлен Жұмағұлды арнайы құттықтап, медалдармен алғыс хаттар табыстады. 
Мамандардың айтуынша балалардың волейболға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Биылғы чемпионат оған дәлел. Өйткені, бұл бәсекеге 250-ге тарта спортшы қатысуда. Төрт маусымда өтетін бұл чемпионаттың жазғы кезеңін өткізу мәртебесіне биыл рухани шаһар облыс орталығы атанғалы бері алғаш рет ие болып отыр. Доп додасы маусым айының 28 күні аяқталып, сайыс қортындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дайындалған кубог медалдарға ие болып, дипломдармен марапатталатын болады. 
Орынбек Қасымбеков,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы