ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛҒАНДАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

1  148 көрілім

Түркістандықтар төтенше жағдайға тап болған Арыс ауданының халқына белсенді көмек көрсетуде. Осы мақсатта эвакуациялық қабылдау пунктері өз жұмыстарын жүйелі атқаруда. Соның бірі Саттар Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты. Бұл мекеме 300 адамға жай беріп, уақытша баспана болуға қауқарлы. Қазірдің өзінде кешкі сағат 18:00-ден бері мұнда 70-тен астам адам келген. Олардың жағдайлары мамандардың жіті бақылауында. Келген бойда аты-жөндері мен тұратын мекен-жайы бойынша тіркеп, қалалық емхананың дәрігерлері Бабыр Розметов пен Жанғазы Боранбаев арнайы тексеріп, қажетті медициналық көмектер көрсетуде. 
– Мұнда келушілердің көбісі Арыс ауданына қарасты ауылдар мен Отырар ауданының адамдары. Келген жандарды тіркеп, тиісті көмектер көрсетіп жатырмыз. Қала жұртшылығына алғысымыз шексіз, жәрдемдерін беруде. Қайырымдылық жасаушылардың қарасы қалыңдығы қуантады. Кейбірі құндақтағы сәбиі бар жас жанұяларды өз үйілеріне апаруда. Қазір 200 адамға кешкі ас дайындалып, дастархан жайылуда,-деді Түркістан қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Асан Телқожаев.
Төтенше жағдайға байланысты қоныс аударғандардың бірі Жанар Дүйсенбиева Арыс ауданына қарасты Дермене ауылының тұрғыны. Бес баласы және екі немересімен бірге осы жатақхананы паналауда. Оның айтуынша алғашында бұл жайтты қарапайым өртке балаған. Дүмпудің дауысы естілгеннен кейін бала-шағаны жинап қауіпсіз аймаққа көшкен. Көрсетіліп жатқан көмек пен игі істерге дән риза.
Рухани шаҺарда қиын сәтте қол созып жәрдем беретін еріктілер көп. Соның бірі “Хайтек” гипермаркетінің ұжымы. Қыз жігіттерден құралған топ бұл жағымсыз жайтты естіген бойда көмек көрсетуге білек сыбана кіріскен. 
– Әлеуметтік желіде үндеу тастап көмек көрсететін қол жинақтадық. Өзіміздің ұжым арасында жақсылыққа жаны құмар жандар жиылып қолдан келген көмекті көрсетудеміз. Дастархан жайып осындағы қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, қайырымдылық шарасына кішкене болсын өз үлесімізді қосудамыз. “Көп түкірсе – көл” дегендей жұмылған жұдырықтай бірлесе әрекет етудеміз,- деді Дильназ Ташметова.
Орынбек Қасымбеков,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы