«ҮЗДІК ОҚЫТУШЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

1  527 көрілім

Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өңіріміздегі 23-45 жас аралығындағы тілдерді оқыту және дамыту орталықтарының қазақ тілі оқытушылары арасында А.Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы» облыстық байқауы өтті. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан  құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушы оқытушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Оқытушылардың латын графикасына негізделген қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен тәжірибе алмасу, тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыру, ынталандыра отырып кәсіби-педагогикалық шығармашылықты шыңдау мақсатында өткен байқауға облысқа қарасты аудан, қаладан 13 оқытушы қатысып, екі кезең бойынша сынға түсті.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Ақтолқын Жамантаева, Шымкент қаласының тілдерді оқыту орталығы  тілдерді оқыту және   әдістемелік бөлімінің бастығы Гүлзина Рүстемова, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология ғылымдарының кандидаттары, профессорлар  Гүлімжан   Жылқыбай, Нағима Қошанова бастаған қазылар алқасы байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес  үміткерлерді бағалау кезінде оқытушылардың білім деңгейі мен тәжірибесіне, үздік үлгідегі оқыту әдісіне мән берді.

Мұғалімдер өздерінің электрондық портфолиоларын ұсынып, сұрақтарға жауап берді. Сол арқылы білім-біліктілігін, дағдыларын көрсетіп, оқытудың қыр-сырымен бөлісті. Сондай-ақ, қазылар алқасы қатысушыларға мектеп өміріне байланысты жағдаяттар ұсынды. Мұғалімдер сол жағдаяттардан қалай шығатынын айтып берді.

 «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, бас жүлдені   Айгерім Маликова (Сарыағаш ауданы)  қанжығасына байлап,  100 000 теңге қаржылай сыйлықтың сертификатына ие болды. Сонымен қатар, бас жүлде иесіне республикалық байқауға жолдама берілді. 
Бірінші орын  және 80 000 теңге қаржылай сыйлықты Есенгелді Айтбек (Созақ ауданы) иеленсе,  екінші орын және 50 000 теңге сыйлықты   Сандуғаш Лесбек (Арыс қаласы) иеленді.  Ал, Ақнұр Жақыпова (Төлеби ауданы) мен  Шынар Сағынтаева (Сайрам ауданы)        үшінші орынды иеленіп, 40 000 теңге қаржылай   сыйлықты    иемденді. Байқау мәресінде барлық қатысушыларға  арнайы алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы